Қазақстан Республикасының Атом саласы қызметкерлері күнін мерекелеуге байланысты баспасөз баяны
28.09.2010Бүгін, қыркүйектің 28-і күні Қазақстанның атом саласы қызметкерлері өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтуде. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 13 желтоқсандағы Заңының 4-бабына сәйкес Атом саласы қызметкерлері күнін белгілеу туралы Жарлыққа 2008 жылғы 12 мамырда қол қойған болатын. Бұл күні еңбекте ерекше көзге түсіп жүрген озаттар мереке құрметіне орай Құрмет грамоталарымен марапатталады.
Өткен бір жыл ішінде Қазатомөнеркәсіп инновациялық сипаттағы бірқатар жаңа жобаларды жүзеге асырды. «Қазақстан Республикасында сирек және сирек-жер металдар өнімдерінің өндірісін құру» жобасын нақты іске асырудың көрінісіндей болып «SARECO» бірлескен кәсіпорны құрылды.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ мен жапондық Toshiba Corporation сирек және сирек-жер металдар өнімдері мен материалдарына зерттеулер жүргізумен, сондай-ақ оларды игеріп, өндірумен, өнімдер шығару және өткізумен шұғылданатын бірлескен кәсіпорын ашу туралы келісімге қол қойды.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ елімізде баламалы энергетиканы дамытудың кең ауқымды бағдарламасына да белсене қатысып келеді. Үстіміздегі жылғы маусым айында «Астананың жасыл белдеуінде» (Ақмола облысы) жел және күн энергиялары негізінде жұмыс істейтін автономды энергетикалық кешен пайдалануға тапсырылды. Компания құрамындағы «Машзауыт» АҚ базасында (Өскемен қаласы) жел энергетикалық қондырғыларын көптеп шығаруды қолға алу жоспарланған.
Холдинг алдында тұрған стратегиялық мақсат – ядролық-отын циклы саласындағы жобаларды жүзеге асыру. 2010 жылдың бірінші жартысында «Уран байыту орталығы» ЖАҚ жобасын баламалы түрде одан әрі дамыту туралы «Росатом» МК мен «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ арасындағы келісімге қол жеткізілді. Бұл келісім Қазақстан тарапының «Орал электро-химия комбинаты» (РФ, Новоуральск қаласы) капиталына қатысуына жол ашып отыр.
«Үлбі металлургия зауыты» АҚ (Қазатомөнеркәсіптің еншілес кәсіпорны) мен жапонның Nuclear Fuel Industries Ltd. (NFI) компаниясы жапон АЭС-теріне арналып ҮМЗ-да шығарылған уран диоксиды ұнтақтарын сертификаттауды аяқтады. Бұл Үлбі зауытына ядролық отынның құрамдас бөліктерін жапон рыногына жеткізіп беруге мүмкіндік береді.
2010 жылдың мамыр айында «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы» АҚ 500 млн. АҚШ доллары сомасындағы, купондық ставкасы 6,25% дебюттық еурооблигацияларды 5 жылдық мерзімге орналастырды. Бұл дамушы рыноктар эмитенттерінің еурооблигациялар шығару тарихындағы үздік көрсеткіш. Еурооблигацияларды орналастырудан түскен қаржы болашақ инвестициялар үшін, атап айтқанда, конверсия мен уран байыту саласына жұмсалатын болады.
Маусым айында Оңтүстік Қазақстанның теріскейіндегі Созақ ауданына қарасты Тайқоңыр кентіне жақын маңда «Инкай» қазақстан-канада бірлескен кәсіпорнының бас өндірістік кешенінің ресми ашылу салтанаты болып өтті. Инкай кен орны Шу-Сарысу уран кенді шалғай аймағындағы гидрогенді типтегі ірі кен орны саналады. Мемлекеттік комиссия бас өндірістік кешенді пайдалануға тапсыру жөніндегі өз шешімін үстіміздегі жылғы ақпан айында қабылдап, «Инкай» бірлескен кәсіпорнының өнеркәсіптік өндірісті кең ауқымда ұлғайтуына жағдай жасалды. Коммерциялық өндіріс негізгі қайта өңдеуші зауыттың, серіктес зауыттардың, бастапқы полигон, вахталық лагерь және басқа да түрлі қосалқы нысандардың қолданысқа енгізілуін өз ішіне қамтиды. Кәсіпорын жылына 2000 тонна немесе 5,2 млн. фунт уран шығаратын жоспарлы өндірістік қуатқа таяу арада шығатын болады.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ жүйесінде алғашқы болып «Байкен-U» ЖШС отандық тауар өндірушілер реестеріне ену құқын беретін «СТ-KZ» формасы бойынша тауардың шығу тегі туралы сертификатқа ие болды. Қазақстан-жапон бірлескен кәсіпорны ретінде құрылған аталмыш кәсіпорын Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында табиғи уранды барлау және өндіру ісімен шұғылданады. Қазақстандыұ үлесті дамыту елдің индустриалды-инновациялық дамуымен тікелей байланысын ескерген кәсіпорын отандық тауар өндірушілердің біразымен ұзақ мерзімді көздейтін ынтымақтастық орнатқан. Үкіметтің өзі қазақстандық үлесті арттыру үшін жер қойнауынан пайдалпанудың шарттарын өзгерту, жеңілдікпен несиелер беру, импортты кедендік-тарифтік үйлестіру сияқты бірқатар іс-шараларды қарастырып отырған қазіргі жағдайда бұл отандық жер қойнауынан пайдаланушыларға да тиімді.
Қазақстан Республикасында 2010 жылдың алғашқы 6 айында 8 452 тонна уран өндірілді, бұл былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 42%-ға көп. Түзетулер енгізілген жоспарларға сәйкес биылғы жылдың екінші жартысында 9 770 тонна уран өндіру межеленген.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның есепті кезеңдегі жалпы табысы 105 млрд. 687 млн теңгені құрап, 2009 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 58 %-ға артты. Табыстың мұншалықты еселеп (дерліктей екі есеге) өсуі уран өнімдерін өткізу көлемінің артуына негізделген. Үстіміздегі жылдың бірінші 6 айлығындағы таза табыс 19 млрд. 414 млн. теңгені құрады, бұл 2009 жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштен 64 %-ға көп.
Бүгінгі таңда атом өнеркәсібі елдегі ең жоғары технологиялық, ғылыми ауқымды және рентабельді салалардың біріне айналған. Отандық атом саласында қол жеткен жетістіктердің арқасында Қазақстан әлемдік атом аренасында маңызды ойыншы ретінде танылды. Уран жеткізіп беруші басқа елдерде уран өндіру көлемі төмендей бастаған тұста еліміз өндірісті барынша ұлғайту бойынша қабылданған бағдарламаларын жоспарлы түрде орындап келеді. Осылайша Қазақстан ядролық қайта өрлеу дәуірінің басталуына өзіндік қомақты үлесін қосуда. Қолдағы бар әлеует және алдымыздан ашылып отырған мүмкіндіктер Қазақстаннның атом саласы қызметкерлерінің атом энергиясына айрықша мән берілер болашаққа батыл сеніммен қарауына мүмкіндік береді.
Қазақстан атом өнеркәсібінің қысқаша тарихы:
1948 жыл – «Волков экспедициясы» (қазіргі «Волковгеология» АҚ – Қазатомөнеркәсіп құрамындағы ең көне кәсіпорын) құрылды;
1949 жыл – 2а зауыты (қазіргі Үлбі металлургия зауыты, былтыр 60 жылдығын атап өтті) өзінің алғашқы өнімін (торий оксалатын) өндірді;
1951 жыл – Қазақстандағы тұңғыш уран кен орны – Қордай кеніші ашылды;
1957 жыл – ҚазКСР ҒА Физика-техникалық институты базасында ҚазКСР ҒА Ядролық физика институты (ЯФИ) құрылды;
1967 жыл – Алатау кентіндегі (Алматыдан 20 шақырым) Ядролық физика институтында ВВР-К зерттеу атом реакторы пайдалануға берілді;
1972 жыл – Ақтау қаласында іске қосылған әлемдегі ең алғашқы жылдам нейтрондағы тәжірибелік-өнеркәсіптік реактор қаланы электр энергиясы және тұщытылған ауыз сумен қамтамасыз ете отырып, 25 жылдан астам уақыт апатсыз жұмыс істеді;
1991 жыл – ҚР Президенті Н.Назарбаев «Семей ядролық сынақ алаңын жабу туралы» Жарлыққа қол қойды;
1992 жыл – Қазақ мемлекеттік атом энергетикасы және өнеркәсібі кәсіпорындарының корпорациясы (кейін КАТЭП болып өзгертілді) құрылды;
1993 жыл – Қазақстан Республикасы Ядролық қаруды таратпау туралы Келісімге қосылды;
1997 жыл – Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы құрылды.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар және екіұдай мақсаттағы материалдар экспортымен айналысатын ұлттық оператор. Компания қызметінің басты бағыттары геологиялық барлау, уран өндірісі, ядролық отын циклы өнімдерін өндіру, реактор жасау, АЭС құрылысы, конструкциялық материалдар өндірісі, энергетика, ғылыми зерттеу, әлеуметтік қамту және мамандар дайындау болып табылады. Бүгінгі таңда компанияда 26 мыңнан астам адам еңбек етеді. Қазатомөнеркәсіп әлемнің жетекші уран өндіруші компанияларының көшін бастап келеді.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ
Қоғаммен байланыс басқармасы
+7 /727/ 244 62 54
