Қазатомөнеркәсіп «Kazenergy» VI Еуразиялық Форумында Қазақстан Республикасындағы атом саласы және уран өнеркәсібінің даму болашағымен таныстырды

05.10.2011
Астана

5 қазан күні Астанада «KAZENERGY»VI Еуразиялық Форумында Фукусимадағы апат салдары мен балама қуат көздерін пайдаланудың перспективаларына арналған «Ядролық энергетика – сабақтар және жаңғырмалы қуат көздерін дамытудың жаңа мүмкіндіктері» деген атпен арнайы сессия болып өтті.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Сергей Яшин Қазақстан Республикасының атом саласы мен уран өнеркәсібін дамытудың болашағы туралы баяндама жасап, үстіміздегі жылы Жапонияда орын алған оқиғаларға қарамастан атом энергетикасы бүгінде сарқылып бара жатқан дәстүрлі қуат көздеріне (мұнай, газ, көмір т.б. сияқты) бірден-бір тұрақты және ұзақ мерзімді балама бола алатынын атап көрсетті. 2011 жылдағы деректер бойынша әлемдік энергия өндірісіндегі атом энергиясының үлесі 15%. Сарапшылардың болжамынша, атом энергетикасының үлесі мұнан да арта түсіп, әлі-ақ бүкіл дүние жүзілік энергебаланстың айтарлықтай бөлігін құрайтын болады.
 
Ядролық-энергетикалық қуаттардың негізгі өсімі болжалып отырған (Қытай, Үндістан, Ресей) мемлекеттер ядролық энергетиканы дамыту жоспарынан бас тарпақ емес. Фукусима оқиғасынан кейін тек жаңа АЭС-тер құрылысының мерзіміне ғана қатысты анықтық жоқ.
 
Қазақстанда атом энергетикасын дамыту жобалары әлі қаралу үстінде. 2011 жылы ел Үкіметі атом саласын дамыту Бағдарламасын бекітті. Енді АЭС салынатын орынға, тиімді ядролық технологияны таңдауға қатысты мәселелер, сондай-ақ кадрлар даярлау мен нормативті құжаттарды әзірлеуден бастап, АЭС құрылысына отандық кәсіпорындардың қатысу мүмкіндігіне дейінгі кешенді мәселелерді шешу міндеті алда тұр.
 
«Жұмыс басталды. Егер АЭС құру туралы шешім қабылданар болса, құрылыстың жаңа технологияларын ескергенде, станса алдағы 10 жыл ішінде салынуы мүмкін. АЭС құрылысын индустриалды дамудың локомотиві ретінде қарауға болады, өйткені станса құрылысы – жоғары технологиялық өндіріс, ол аралас салалардың дамуына да серпін береді», - деді Қазатомөнеркәсіп басшысының орынбасары.
 
Фкусима зардаптары және әлемде атом энергетикасының одан әрі дамуының Қазақстан үшін маңызды болатын себебі, еліміз табиғи уран қорының көлемі жөнінен дүние жүзінде екінші орында, сонымен қатар ірі өнім өндіруші және оны әлемдік рынокқа жеткізіп беруші.
 
Шикізат ретінде табиғи уран қолданылатын жылу нейтрондарындағы реакторлар әлі ұзақ уақыт бойы ядролық энергетиканың негізін құрайтын болады. Тіпті ықшамдалған болжамның өзінде 2030 жылға қарай уран өндірісін бір жарым есеге арттыру қажет болғалы тұр. Уранға болған әлемдік сұранысты қамтамасыз етуде көп қаржы салмастан өндірісті жылдам ұлғайта алатын санаулы мемлекеттердің бірі біздің Қазақстан.
 
«Табиғи уранға болған сұраныс екшелді, соған қарамастан сұраныстың өсуі жалғасуда. Қазір Қазақстанда жалпы уран қоры мен ресурсының небәрі 4,2% ғана игерілген», - дейді Сергей Яшин.
 
Алайда ядролық энергетиканың беріктігіне қарамастан қауіпсіздік жүйесін күшейту бойынша үлкен ауқымдағы жұмыстарды атқару қажет.
 
Әлемдік энергобаланстағы ядролық энергетиканың рөлі мен орнын атап көрсете келе Сергей Яшин БҰҰ ядролық қауіпсіздік мәселелеріне арналған отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтқан бейбіт атомды игерудің үш принципін форум қатысушыларының есіне салды:
 
- бүкіл дүние жүзіндегі ядролық нысандардың барынша тиімді қауіпсіздік жүйесін жасау мақсатында атом энергетикасын дамыту саласындағы үдерістерді басқарудың жалпыәлемдік механизмдерін жетілдіру;
- атомға қатысты төтенше жағдайларға дағдарыстық ықпал етудің жалпыәлемдік принциптері мен механизмдерін енгізу және Жер бетіндегі табиғи және антропогенды үдерістерді мониторингілеудің ғаламдық жүйесін іске қосу;
- шынайы және реалистік ақпарат негізінде ядролық энергетикаға деген қоғамдық сенімді нығайту шеңберінде ядролық нысандардағы кез келген, тіпті мардымсыз саналатын төтенше оқиғалар туралы да әлемдік қауымдастыққа толық және кешіктірмей ақпарат жеткізуді қамтамасыз ету.
 
Бейбіт атомды пайдалану саласындағы қатаң және халықаралық тұрғыдан мойындалған стандарттар мен өлшемдер сақталғанда ғана ядролық энергетиканың қауіпсіз болашағы жайлы айтуға болады.

жаңалықтарға оралу