Қазатомөнеркәсіп баламалы энергетиканы дамытуда
28.06.2010Ақмола облысы
Ақмола облысында жел және күн энергияларына негізделген екі автономды энергетикалық кешен қолданысқа енгізілді. Жел стансалары «Астананың жасыл белдеуіндегі» «Орман тосқауылы» нысанын жарықпен қамтамасыз ететін болады. Кешендер қазақстандық танымал ғалым, техника ғылымдарының докторы, академик Альберт Болотов ойлап тапқан бірегей «Болотовтың жел роторлы турбинасы» негізінде жасалған.
«Болотов виндроторы» – әлемде ұқсастығы жоқ, нағыз отандық ноу-хау. Қондырғыда дәстүрлі ебелектер емес, қарама-қарсы бағытталған модульді айналмалы қос сатылас-білікті роторлы турбина қолданылған. Түрлі деңгейдегі желдің бағыты мен жылдамдығы әрқилы болғандықтан төменгі және жоғарғы роторлар әр түрлі жылдамдықпен әр бағытқа айнала алады. Мұндай құрылғы әдетте ебелекті стансалар жұмыс істемейтін желдің ең төменгі жылдамдығында да ток беруге қабілетті. Аталмыш электр стансасы 43 пайызға дейінгі бекітілген өте жоғарғы қуат коэффициентіне ие.
Сонымен қатар, жел қондырғысы жинақтамасында күн батареялары мен гелийлі аккумуляторлар бар. Егер күн де, жел де болмай қалса, нысан осы аккумуляторда жинақталған энергия есебінен қоректендірілмек.
Жел энергетикалық қондырғыларын құру «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ әзірлеген Қазақстанда баламалы «жасыл» энергетиканы дамытудың ауқымды бағдарламасының бір бөлігі болып табылады, және оны Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында еліміздің энергия балансына енгізу көзделген. Жел энергетикалық қондырғыларын шығаруды Қазатомөнеркәсіптің құрамына енетін Өскемендегі «Машзауат» АҚ базасында ұйымдастыру жоспарланған. Қазір елімізде 180 мыңдай шаруа қожалықтары болса, солардың басым бөлігі (90 пайыздайы) орталықтандырылған электр көзіне қол жеткізе алмай отыр. Сондай-ақ, бірінші категориялы тұтынушыларға жататын шалғай аудандардағы шағын елді мекендерді, ретрансляторларды, шекара заставаларын, шекаралық бақылау жүйелерін, мұнай-газ құбырларына қызмет көрсету тармақтарын электрмен үздіксіз қамтамасыз ету де айрықша маңызға ие. Кешенді жел энергетикалық қондырғыларын қолдану Қазақстанның энергетикалық жүйесінің үйлесімін өзгертіп, қуатқа тапшы аймақтарды энергиямен қамтамасыз етуді арттыруға мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда Қызылорда, Ақтөбе және Оңтүстік Қазақстан облыстарының шалғай аудандарында осындай 20 шақты станса жұмыс істеп тұр.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар және екіұдай мақсаттағы материалдар экспортымен айналысатын ұлттық оператор. Компания қызметінің басты бағыттары геологиялық барлау, уран өндірісі, ядролық отын циклы өнімдерін өндіру, реактор жасау, АЭС құрылысы, конструкциялық материалдар өндірісі, энергетика, ғылыми зерттеу, әлеуметтік қамту және мамандар дайындау болып табылады. Бүгінгі таңда компанияда 26 мыңнан астам адам еңбек етеді. Қазатомөнеркәсіп әлемнің жетекші уран өндіруші компанияларының көшін бастап келеді.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ
Қоғаммен байланыс басқармасы
+7 /727/ 244 62 54
