Қазатомөнеркәсіп, BRGM және CEIS бірлескен зерттеу жобаларын дамытуға кіріседі
20.09.2011Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2011 жылғы 19 қыркүйектегі Француз Республикасына жасаған жұмыс сапары барысында «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы, BRGM Геологиялық және тау зерттеулері бюросы және «Мониторинг және стратегиялық консалтинг еуропалық компаниясы»(CEIS) арасындағы Стратегиялық серіктестік туралы Келісімге қол қойылды.
Құжатқа Қазатомөнеркәсіп тарапынан компанияның Басқарма Төрағасы Владимир Школьник, BRGM Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі
директоры Жан Клод Гиано және CEIS президенті Оливье Дарразон қолдарын қойды.
директоры Жан Клод Гиано және CEIS президенті Оливье Дарразон қолдарын қойды.
Аталмыш келісім ұлттық атом компаниясының Қазақстанда ғылыми білім мен өнеркәсіптік дамуды кеңейтуге арналған саясатының шеңберіндегі бастамасы болып табылады.
Стратегиялық серіктестік еліміздің табиғи ресурстарын игеруге бағытталған зерттеу жобаларын дамытудағы маңызды кезең болмақ. Қол қойылған құжатқа сәйкес Қазатомөнеркәсіп, BRGMжәне CEIS ынтымақтастығы алты бағытта жүзеге асырылатын болады:
- сирек және сирек-жер металдар (СМ және СЖМ) геологиясы мен металлогениясы,
- СМ және СЖМ-на (уранды қосқанда) талдау жасау,
- СМ және СЖМ өндіру технологиясын әзірлеу,
- талдау жүргізу әдістерін әзірлеу және сертификаттау,
- қызметкерлерді оқыту және дайындау,
- тау-кен жобалары мен қайта өңдеу үдерістері бойынша алдын ала техника-экономикалық негіздемені даярлау.
Қазатомөнеркәсіп пен Францияның жетекші ғылыми-зерттеу компанияларының бірлесе атқаратын жұмыстары СМ және СЖМ саласындағы білімді толықтырып, мақсатты әрекеттерді анықтауға, сонымен қатар Қазақстан мен Франция арасындағы технологиялар трансфертына мүмкіндік береді.
Қазақстан үшін СЖМ кен орындарын игеру және сол негіздегі өндіріс орындарын ашу еліміздің индустриалды-инновациялық даму бағытындағы жаңа бағыт болып, ол өз кезегінде жоғары бөліске ие жоғары технологиялық өндірісті жасаудың және қарқынды дамып келе жатқан СЖМ рыногында өз орнымызды иелеудің жаңа мүмкіндіктерін ашады.
Болып өткен кездесудің қорытындылары бойынша қабылданған біріккен декларацияда екі ел басшылары қос мемлекет арасында қалыптасқан серіктестіктің, соның ішінде «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ жобаларының стратегиялық сипатын айрықша атап көрсетті. Нақты айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаев пен Николя Саркози бірлескен жобаларды одан әрі дамыту жөніндегі Қазатомөнеркәсіп пен AREVA компаниясының ниеттерін құптап, фотовольтаика модульдерін шығару жобасы бойынша «Самырұқ-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы және CEIS басшылығындағы француз консорциумы арасындағы келіссөздерде ілгерілеушілік барына қанағаттанушылықтарын білдірді.
Ынтымақтастық кезеңдері
Қазақстан мен Францияның атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастығы Оңтүстік Қазақстан облысы аумағында бірлесе уран өндіру жөніндегі алғашқы үкіметаралық келісімге қол қойылған 1996 жылы басталды. Сол жылы Францияның АРЕВА тобы және «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының құрылтайшы болуымен «КАТКО» қазақ-француз бірлескен кәсіпорны» ЖШС құрылды.
2009 жылғы 6 қазанда Астанада Франция Президенті Н.Саркозидың Қазақстанға сапары кезінде IFASTAR (Integrated Fuel Asia Star) атом электр стансаларына арналған ядролық отын маркетингы жөніндегі жаңадан қазақстан-француз кәсіпорнын құру туралы Келісімге қол жеткізілді. Бірлескен кәсіпорынның алдына қойылған басты міндет отын құрамалары өндірісінің желісін жобалауды қамтитын құрылыстың техника-экономикалық негіздемесін (ТЭН) әзірлеу, сондай-ақ Азияда жұмыс істеп тұрған энергетикалық компанияларға интеграцияланған отын пакеттерін өткізуге қатысты мақсатты азиялық рынокты бағалау болды. Аталмыш жобаның техника-экономикалық негіздемесін жасау жұмыстары аяқталып, соның негізінде 2010 жылғы 27 қазанда Қазақстандағы Үлбі металлургия зауыты базасында АРЕВА жобасы бойынша отын құрамаларын шығаратын бірлескен кәсіпорын құруға шешім қабылданды.
2010 жылдың қазан айында Елбасы Н.Назарбаевтың Францияға ресми сапары аясында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ мен Францияның Атом энергиясы және балама қуат көздері жөніндегі комиссариат (СЕА) күн энергетикасы (фотовольтаика) саласындағы бірлескен зерттеу жұмыстары туралы Келісімге, сонымен қатар Қазатомөнеркәсіп пен BRGM сирек және сирек-жер металдарының бірлескен ғылыми зертханасын құру туралы Меморандумға қол қойды. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ мен Мониторинг және стратегиялық консалтинг еуропалық компаниясы (CEIS) арасындағы Қазақстанның атом өнеркәсібі үшін жоғарғы білім беруді және мамандардың біліктілігін арттыруды ұйымдастыру туралы Меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ Қазақстанның ядролық қоғамы мен Францияның Ядролық-энергетикалық қоғамы аталмыш екі елде атом энергиясы мен технологиясын бейбіт дамыту мақсатындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықты нығайту жөніндегі келісімге қол жеткізді.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар және екіұдай мақсаттағы материалдар экспортымен айналысатын ұлттық оператор. Компания қызметінің басты бағыттары геологиялық барлау, уран өндірісі, ядролық отын циклы өнімдерін өндіру, реактор жасау, АЭС құрылысы, конструкциялық материалдар өндірісі, энергетика, ғылыми зерттеу, әлеуметтік қамту және мамандар дайындау болып табылады. Бүгінгі таңда компанияда 23000-ден астам адам еңбек етеді. Қазатомөнеркәсіп әлемнің жетекші уран өндіруші компанияларының көшін бастап келеді.
