Қазатомөнеркәсіп мектепке дейінгі білім беруді дамыту бойынша жұмыс тәжірибесімен бөлісті

05.10.2011

Астана

Үстіміздегі жылғы 4-5 қазан күндері Қызылорда қаласында өткен «Мектепке дейінгі білім берудегі мемлекеттік және жеке серіктестік» атты республикалық семинар-кеңес қатысушылары «Қазатомөнеркәсіп-Демеу» әлеуметтік компаниясы салған бірқатар мектепке дейінгі білім беру мекемелерін аралады.
 
Қазақстан Респуликасының Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың төрағалық етуімен өткен семинар-кеңесте билік пен бизнес өкілдері республикалық және халықаралық қоғамдық ұйымдармен бірге мектепке дейінгі мекемелердің барлық баланың қолы жететіндей болуын қамтамасыз етудегі мемлекет пен жекешенің серіктестігін дамытудың проблемалары мен болашағын талқылады.
 
Семинар-кеңестің қатысушыларына бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің жарқын мысалы ретінде облыстағы бірқатар балалар мекемелері көрсетілді. Олардың арасында Шиелі кентінде 2008 жылы салынған балабақша мен 2010 жылы Қазатомөнеркәсіптің әлеуметтік компаниясы іске қосқан балаларға арналған реабилитациялық интернат та бар.
 
«Қазатомөнеркәсіп-Демеу» ЖШС-нің «Демеу-Шиелі» филиалына қарасты «Айналайын» балалар бақшасы білім беруге инновациялық тұрғыдан жандасудың жарқын үлгісі сияқты. Қазіргі заманғы құрал-жабдықтармен және тұрмыста қажетті барлық жүйемен жабдықталған бұл бірегей кешен 280 балдырғанға мөлшерленген. Сабақтар мультимедиялық тақтаны қолдана отырып оқытылады, арнайы компьюторлық класс бар, спорт жаттығулары кестесіне балабақшаның өз бассейнінде өтетін аквааэробика енгізілген. Семинар-кеңес қатысушылары бірауыздан «Айналайын» балабақшасын Қазақстандағы ең үздік мектепке дейінгі білім беру нысандарының бірі деп бағалады.
 
Ұлттық атом компаниясы үшін әлеуметтік бағыт жоғары технологиялық бизнестің ажырамас бір бөлшегі іспеттес: Қазатомөнеркәсіп азаматтардың әл-ауқатын жақсарта, халықтың еңбек етуі мен өмір сүруі үшін лайықты жағдай жасай отырып, еліміздің экономикалық әлеуетінің артуына қомақты үлесін қосып келеді.
 
Қазатомөнеркәсіп Астана қаласында, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында жалпы құны 29 млрд теңгені құрайтын 18 білім беру нысанын салып, ескілерін жөндеуден өткізді.
 
Бұл бағытта компания ұстанған саясат тек жаңадан білім беру нысандарын салумен шектелмейді, сонымен бірге оқу-тәрбие жұмыстарының барысында жеке адамның шығармашылық дамуын басқаруды ұйымдастыру мен ынталандыруды да қамтиды. Мектептер, балабақшалар, спорттық нысандар, мәдени орталықтар соңғы буындағы қажетті техникамен толық жабдықталған: зертханалар, мультимедиялық кабинеттер, тренажерлар – бәрі көптің игілігіне қызмет етуде.
 
Жыл сайын бұл нысандарды қаржыландыруға Қазатомөнеркәсіп 300 млн теңге жұмсайды. Қазатомөнеркәсіп компаниясының уран өндірілетін аймақтарға салған әлеуметтік инвестицияның жалпы сомасы 46 млрд теңгеден асып кетті. Бүгінге дейін нақты 70 жоба жүзеге асырылды.
  
«Қазатомөнеркәсіп-Демеу» ЖШС 2004 жылы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның еншілес кәсіпорны ретінде құрылған. Мамандандырылған әлеуметтік компания ұлттық атом компаниясының әлеуметтік нысандарды басқару мен әлеуметтік жобаларды жүзеге асырушы операторы болып табылады. Негізгі қаржы көзі – Қазатомөнеркәсіп пен оның шетелдік әріптестері қатысуымен құрылған жарғылық қор. Қазатомөнеркәсіп-Демеу Қазақстан азаматтарының өмір сапасы мен әл-ауқатын арттыруды өз алдына мақсат еткен. Атап айтқанда, мектеп, аурухана, балабақша, тұрғын үй құрылысы, қызметкерлерге дәрігерлік қызмет көрсету, олардың балаларының отандық және шетелдік оқу орындарында білім алуын қаржыландыру, шағын және орта бизнеске, мәдениет пен спортқа қолдау көрсету, көгалдандыру және абаттандыру ісімен шұғылданады.
Компания 2008 жылы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі жалпыұлттық «Парыз» байқауында «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» аталымы бойынша лауреат атанды.
www.kazatomprom-demeu.kz
 
 
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар және екіұдай мақсаттағы материалдар экспортымен айналысатын ұлттық оператор. Компания қызметінің басты бағыттары геологиялық барлау, уран өндірісі, ядролық отын циклы өнімдерін өндіру, реактор жасау, АЭС құрылысы, конструкциялық материалдар өндірісі, энергетика, ғылыми зерттеу, әлеуметтік қамту және мамандар дайындау болып табылады. Бүгінгі таңда компанияда 23000-ден астам адам еңбек етеді. Қазатомөнеркәсіп әлемнің жетекші уран өндіруші компанияларының көшін бастап келеді.

жаңалықтарға оралу