Қазатомөнеркәсіп пен Шығыс Қазақстан облысы Әкімдігі өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды

30.10.2009
Өскемен қ.

Өскеменге жасаған сапары барысында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ президенті Владимир Школьник пен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев әлеуметтік саладағы Өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасын орындай отырып, Қазатомөнеркәсіп осылайша әлеуметтік бағыттағы компания ретінде еліміздің Шығысындағы жаңа жобаларын межеледі.
2010 жылы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ қолдауымен өңірдің әкімшілік орталығында қазіргі заманғы балалар бақшасы бой көтеріп, облыс аумағындағы « Матросово» балаларды сауықтыру лагері қайта жаңартылатын болады. 250 балдырғанды қабылдайтын Өскемендегі балабақшадағы орындардың тең жартысы уран холдингіне қарасты еншілес кәсіпорындардың қызметкерлерінің балаларына берілмек. Балабақша құрылысына компания 400 млн. теңге қаржы бөледі.
«Матросово» балаларды сауықтыру лагері бұрыннан облыстың табиғаты әсем бұрыштарының бірі саналатын әйгілі Таулы Үлбіде орналасқан. Лагерь сонау кеңес заманында салынғандықтан ғимараттары ескіріп, жабдықтары да тоза бастауына байланысты қайта жаңғыртуды қажет етеді. Меморандумға сәйкес, лагерьді қалпына келтіру жұмыстарын Қазатомөнеркәсіп өз мойнына алып отыр. Сауықтыру орталығын балалар мен отбасылық жайлы демалыс орнына айналдыру үшін компания 750 млн. теңге жұмсамақ. Көп кешікпей мұнда әлемдік стандарттар деңгейіндегі тұрғын үйлер мен спорт нысандары – жаңа ғимараттар мен спорт алаңдары, бассейн құрылысы қолға алынатын болады. Ендеше, бір мезгілде 500 баланы қабылдап, жыл он екі ай бойы жұмыс істей алатын «Матросово» өңірдегі маңдайалды демалыс орталығына айналатын кез де алыс емес.
 
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар және екіұдай мақсаттағы материалдар экспортымен айналысатын ұлттық оператор. Компания қызметінің басты бағыттары геологиялық барлау, уран өндірісі, ядролық отын циклы өнімдерін өндіру, реактор жасау, АЭС құрылысы, конструкциялық материалдар өндірісі, энергетика, ғылыми зерттеу, әлеуметтік қамту және мамандар дайындау болып табылады. Бүгінгі таңда компанияда 25 мыңнан астам адам еңбек етеді. Қазатомөнеркәсіп әлемнің жетекші уран өндіруші компанияларының алғашқы үштігіне кіреді.
www.kazatomprom.kz
 
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ
Қоғаммен байланыс басқармасы
+7 /727/ 244 62 54
pr@kazatomprom.kz   

жаңалықтарға оралу