Қазатомөнеркәсіп пен жапонның Тошиба корпорациясы сирек және сирек-жер металдар саласындағы біріккен кәсіпорын құру туралы келісімге қол қойды
03.06.2010Алматы қ.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ мен жапонның Тошиба корпорациясы сирек және сирек-жер металдарға зерттеу жүргізу, сондай-ақ оларды өндіру, өңдеу және өткізу ісімен шұғылданатын бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімді рәсімдеді. Құжатқа «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма төрағасы Владимир Школьник және Toshiba Corporation құрамындағы Күш жүйелері компаниясының (Power systems company) аға вице-президенті, президенті және атқарушы директоры Ясухару Игараши мырзалар қолдарын қойды. Алдағы екі жыл бойы жаңадан құрылған БК аясында сирек және сирек-жер металдарды алу, терең қайта өңдеуден өткізу, сондай-ақ Қазақстан аумағында сирек және сирек-жер металдар негізінде жоғары технологиялық және ғылыми ауқымды өндіріс орындарын ашудың тиімділігі мен мақсатқа лайықтылығы бойынша кешенді техника-экономикалық негіздеме әзірленетін болады.
Жаңа бірлескен кәсіпорынның құрылуы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2008 жылғы маусымда Жапонияға жасаған мемлекеттік сапарының қорытындысы, сондай-ақ сирек және сирек-жер металдар негізінде жоғары технологиялық өндіріс орнын ашуға қатысты қол жеткен уағдаластықтар бойынша тапсырмасының орындалуы болып табылады.
Сирек металдар мен сирек-жер металдарды өндіру мен өңдеу – Қазатомөнеркәсіп үшін тың бағыт. Нақтырақ айтсақ, Қазақстанда мүлде жаңа типтегі өндіріс – отандық ғылымның дамуына, мамандар әзірлеуге жаңаша серпін беретін түпкі бөлістегі ғылыми ауқымды өндіріс қалыптасып отыр.
Сирек және сирек-жер металдар мен олардың қоспалары бірегей физика-химиялық қасиеттер кешеніне ие болғандықтан, қолдану аясы да әлдеқайда ауқымды: аспап жасау, машина жасау және металлургия, атом энергетикасы, радиоэлектроника, оптика, химиялық және шыны өнеркәсібі, түрлі люминофорлар өндірісі, сонымен қатар ауыл шаруашылығы және медицина. Сирек және сирек-жер металдар күрделі техниканың аса жауапты бөлшектерінің сыңарлары үшін негізгі материал ретінде кеңінен қолданылады. Бүгінде оларсыз заманауи қозғалтқыштар мен турбиналарды, өткізгіштігі жоғары материалдарды, медициналық техниканы, қуатты әрі шағын тұрақты магниттерді, жоғары қуаттағы компьютерлерді, аэроғарыштық техниканы, катализаторлар мен электромобильдерге арналған аккумуляторлық батареяларды жасау мүмкін емес. Мамандардың бағалауынша, Жапония бүгінде сирек және сирек-жер металдар негізінде жасалатын бүкіл әлемдік жоғары технологиялық өнімдердің 50 пайыздан астамын шығарып келеді.
Toshiba Corporation – жоғары технологияларды енгізу бойынша ең жаңашыл және әлемдік көшбасшы; әртараптанған өнімдер әзірлеуші; ақпараттық-коммуникативті жүйелер мен қондырғыларды, сандық тұтыну тауарларын, электронды аспаптар мен сыңарларын, ішінде ядролық энергия да бар энергиялық жүйелерді, өнеркәсіптік жүйелер мен әлеуметтік инфрақұрылымдар жүйесін, тұрмыстық электр аспаптарын қамтитын алдыңғы қатарлы электронды және электротехникалық өнімдер рыногының белсенді қатысушысы. 1875 жылы негізі қаланған Toshiba бүгінде 740-тан астам компаниялармен іскерлік байланыс орнатқан. Жер шарының әр шалғайындағы компания қызметкерлерінің ұзын саны 199 мыңнан асып жығылады.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар және екіұдай мақсаттағы материалдар экспортымен айналысатын ұлттық оператор. Компания қызметінің басты бағыттары геологиялық барлау, уран өндірісі, ядролық отын циклы өнімдерін өндіру, реактор жасау, АЭС құрылысы, конструкциялық материалдар өндірісі, энергетика, ғылыми зерттеу, әлеуметтік қамту және мамандар дайындау болып табылады. Бүгінгі таңда компанияда 26 мыңнан астам адам еңбек етеді. Қазатомөнеркәсіп әлемнің жетекші уран өндіруші компанияларының көшін бастап келеді.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ
Қоғаммен байланыс басқармасы
+7 /727/ 244 62 54
