Қазатомөнеркәсіп сапартобының Бүкіләлемдік ядролық қауіпсіздік симпозиумына қатысуы туралы баспасөз баяны

09.09.2009
«Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясының президенті Владимир Школьниктің басшылығындағы қазақстандық сапартоп бүгін Лондонда ашылған Бүкіләлемдік ядролық қауымдастықтың (World Nuclear Association - WNA) жыл сайынғы өтетін ХХХІҮ симпозиумы жұмысына қатысуда. Биылғы жылғы басқосудың тақырыбы – «Ядролық қайта өрлеу: экономикалық тұрақсыздық кезіндегі сенімді құру». Симпозиум жұмысы үш күнге созылады.
Форум барысында технологияны дамыту, жаһандық ауқымдағы саланың даму болашағы, бейбіт мақсаттағы атом энергетикасын қолдануды түсіндіріп тарату, кооперация жолдары сияқты маңызды мәселелер бойынша дәстүрлі пікіралмасулар болады. WNA симпозиумы дүние жүзілік атом қауымдастығының өкілдері үшін маңызды іс-шара болып табылады. Жыл сайын оған әлемнің 30-дан астам елінен 700-дей салалық компания басшылары мен мамандары қатысады. Симпозиумға қатысумен бірге Қазатомөнеркәсіп форуммен қатар өткізіліп жатқан мамандандырылған көрмеге де өз экспозициясын ұсынып отыр.
 
АНЫҚТАМА
Қазатомөнеркәсіп 1993 жылдан аталмыш қауымдаққа мүше. Бүкіләлемдік ядролық қауымдастық сенімді қуат көзі ретінде ядролық энергияны бейбіт қолдануда ықпалдасуға үндейді, сондай-ақ ядролық энергияны өндіру және өнім өндіру, конверсия, байыту, отын әзірлеу, атом электр стансаларын салу, ядролық отынды тасымалдау мен қауіпсіз көмуді қамтитын ядролық отын циклының барлық аспектілеріне қатысты мәселелермен де шұғылданады. Қауымдастық техникалық, коммерциялық, саяси және экологиялық мәселелер бойынша өз мүшелерінің өзара іс-әрекетін ұйымдастырады және жұртшылықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізуге көмектеседі. WNA беделді халықаралық ұйым МАГАТЭ-мен де белсенді ынтымақтастық орнатқан. Бүкіләлемдік ядролық қауымдастыққа мүше компаниялардың үлесіне дүние жүзінде өндірілетін атом электр энергиясының үштен екісі мен әлемдік уран өндірісінің, конверсияның және байытудың 90 пайызы тиесілі. Бүгінгі таңда қауымдастыққа жер шары тұрғындарының 80 пайызын құрап отырған 30 елдің компаниялары мүше.
 
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар және екіұдай мақсаттағы материалдар экспортымен айналысатын ұлттық оператор. Компания қызметінің басты бағыттары геологиялық барлау, уран өндірісі, ядролық отын циклы өнімдерін өндіру, реактор жасау, АЭС құрылысы, сирек металдар металлургиясы және конструкциялық материалдар өндірісі, энергетика, ғылыми зерттеу, әлеуметтік қамту және мамандар дайындау болып табылады. Бүгінгі таңда компанияда 25 мыңнан астам адам еңбек етеді. Қазатомөнеркәсіп әлемнің жетекші уран өндіруші компанияларының алғашқы үштігіне кіреді.
www.kazatomprom.kz
 
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ
Қоғаммен байланыс басқармасы
+7 /727/ 244 62 54
pr@kazatomprom.kz 

жаңалықтарға оралу