"Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ рейтингі туралы
27.07.20112011 жылғы 21 шілдеде Fitch Ratings агенттігі «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ шетелдік валютадағы ұзақ мерзімді эмитент дефолтының рейтингін «ВВВ-» деңгейінде бекітті және болжамды «Тұрақтыдан» «Жағымсызға» өзгертті. Рейтинг бойынша болжамды қайта қарап шығуға «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның жалпы левериджінің өсуі себеп болып отыр.
Естеріңізге сала кетсек, 2010 жылдың мамыр айында Қазатомөнеркәсіп 500 млн. АҚШ доллары сомасында бесжылдық еурооблигациялар шығарған болатын, осы несие тұтастай алғанда Компанияның қаржылай қарызының артуына айтарлықтай ықпал етті.
Леверидждің жоғары деңгейіне қарамастан «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ негізгі қызметін өз қаржылары есебінен жүзеге асырып келеді. Қарыз қаржы негізінен Компанияның инвестициялық бағдарламасы аясындағы жобаларды қаржыландыру үшін тартылды.
Қазақстанда толық ядролық-отын циклын құруды көздейтін стратегиялық міндеттерге сай іске асырылған ең басты инвестициялық жобалардан басқа «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ балама қуат көздері саналатын қазақстандық кремний (күн энергиясы) негізіндегі фотоэлектрлі модульдер өндірісін, тік осьті жел энергетикалық стансасын (жел энергиясы), жылу сорап қондырғылары өндірісін (жылу энергиясы) жасау сияқты жобаларды жүзеге асыруға кірісті.
Қазіргі таңда Қазатомөнеркәсіп өз өнімдерінің портфелін диверсификациялау мәселесін жетілдіру шеңберінде сирек және сирек-жер металдар өнімдерінің әлемдік рыногындағы ірі ойыншылардың сапына кіруге бағытталған бірқатар сәтті жобаларды қолға алды. Сирек және сирек-жер металдарды зерттеу мен өндіру ісі де Компания қызметіндегі жаңа бағыттардың біріне айналған. Мұндағы басты мақсат – Қазақстанда отандық ғылым мен өнеркәсіпті дамытуға және мамандар дайындауға жаңаша серпін беретін мүлде жаңа типтегі жоғары технологиялық әрі ғылымды көп қажетсінетін түпкі бөлістегі өндіріс орындарын ашу.
Сонымен қатар, компанияның негізгі бизнесін химиялық реагенттермен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында химиялық өнімдердің кең түрлерін – күкірт қышқылы, каустикалық сода, сутек тотығы, ионалмастыру шайыры, ауыз су алу үшін қажетті реагенттер т. б. өндіретін дербес және жеке компаниялармен бірлескен жобалардың бірқатарын іске асырып, жаңаларының зерттемелерін әзірлеп жатыр.
Еліміздің шалғай аудандарындағы әлеуметтік инфрақұрылымдарды қалпына келтіру және дамытуға, мамандар әзірлеуге, денсаулық сақтау, орта және шағын бизнесті, мәдениет пен спортты қолдауға және дамытуға, көркейту және көгалдандыруға бағытталған әлеуметтік жобалар қашанда «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Инвестициялық бағдарламасының ажырамас бөлшегі болған. Соның өзінде әлеуметтік бағдарламалар Компанияның тек жеке қаржысы есебінен іске асырылады.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басшылығы компанияның стратегиялық жоспары мен даму қарқынын ескере отырып, болашақта бұл қарызды қайтару үшін Қазатомөнеркәсіптің жеткілікті әлеуеті бар екенін мәлімдейді.
