"Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясы өткізген баспасөз-мәжілісінің қорытынды баяны

04.02.2009
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ президенті Мұхтар Жәкішев Үндістанмен әріптестік әлеуетіне жоғары баға берді. Бұл туралы ол 2009 жылдың 3-ақпан күні Үндістанға сапар қорытындысына арналған баспасөз-мәжілісінде мәлімдеді. Бұған дейін хабарланғанындай, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Үндістанға ресми сапары шеңберінде Үндістанның (NPCIL) ядролық-энергетикалық корпорациясы мен «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Дели каласында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойғаны мәлім. М.Жәкішевтің айтуынша, Делидегі уағдаластық атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану туралы жақын арада қол қойылатын екіжақты үкіметаралық келісім бекітілген соң іске асырылады. Келісім бойынша табиғи уран өндіру және Үндістан атом энергетикасына арналған отын таблеткалары және құрамаларды жеткізу, сондай-ақ қызметкерлерді оқыту қарастырылған. «Қазақстандық табиғи уран Үндістанға биыл жеткізіле бастауы мүмкін, оның ауқымы бастапқы қезеңнің өзінде «Үндістан нарығы үшін елеулі болады», - деп мәлімдеді Қазатомөнеркәсіп басшысы. «Үндістанның қазіргі нарығы соншалықты үлкен емес. Бірақ оның әлеуеті, бірінші кезекте АЭС құрылысының ауқымымен тартымды. Біздің деректер бойынша, 2020 жылға қарай бұл елде 24 жаңа АЭС іске қосылатын болады (әлеуетті мердігерлер қатарында «Атомстройэкспорт», General Electric, Westinghouse және Areva компаниялары бар). Қазатомөнеркәсіп үшін бұл өз өнімін өткізу нарығын кеңейту мүмкіндігі», - дейді Жәкішев.

Ұлттық атом компаниясы басшысының айтуынша, қол қойылған меморандум Үндістанда атом стансаларын салу ісіне қатысы бар әріптестермен ұзақ келіссөздердің нәтижесі болды. Өткен жылдың желтоқсан айында Үндістанға «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының бір топ мамандары сапар шекті, ал алғашқы ресми келіссөздер 2009 жылдың 16-қаңтарында өткізілді. Сөйтіп, өзара әріптестік меморандумына қол жеткізілді. Бұдан былай Қазатомөнеркәсіп Үндістанда салынатын АЭС-терге отын жеткізуші негізгі әріптес болып табылады. 

2009 жылы Қазатомөнеркәсіп ел аумағында 11935 тонна табиғи уран өндіреді деп күтілуде. Мұхтар Жәкішевтің айтуынша, бұл уран өндіру бойынша әлемде бірінші орынға шығуға мүмкіндік береді. Ұлттық компания басшысы атап өткендей, бұл көрсеткіш нарықтағы ахуалға байланысты құбылып, артуы да, кемуі де мүмкін. Қалай болғанда да, Қазатомөнеркәсіп уран өндірісі бойынша көшбасшы бола алатындай техникалық мүмкіндіктерге ие, деп басып айтты Жәкішев мырза. Өнім өндірісін 40 пайызға арттыру (2008 жылмен салыстырғанда) қолда бар қуаттылықтарды кеңейту және жаңа кен орындарын, атап айтқанда Иіркөл (Қызылорда облысы, жобалық қуаттылығы жылына 750 тонна), Семізбай (Ақмола облысы, жобалық қуаттылығы жылына 500 тонна), Қорасан-1 (Қызылорда облысы, жобалық қуаттылығы жылына 3 мың тонна), Қорасан-2 (Қызылорда облысы, жобалық қуаттылығы жылына 3 мың тонна) кеніштерін іске қосу арқылы жүзеге асырылады. «Кеніштерді ашу бойынша барлық жоспар кестеге сай жүргізіліп жатыр. Сөйтіп, 2010 жылдың орта шешіне таман біз жылына 27 мың тонна уран шығаратын техникалық база құру ісін жүзеге асыра аламыз», - деп мәлімдеді Жәкішев.

Баспасөз-мәжілісін қорытындылай келе, Ұлттық атом компаниясының басшысы әлемдік дағдарыс басқа шикізат секторымен салыстырғанда, уран нарығына мейлінше аз мөлшерде әсерін тигізеді деп сендірді. Қазатомөнеркәсіп түрлі сценарийде бағдарламалар әзірлеп қойған, және қазіргі күні компания дағдарыстың үшкір тұстарын сезініп отырған жоқ». Осыған орай, болашақта Қазатомөнеркәсіп өндіріс ауқымын тек арттыра бермек.  

Қазатомөнеркәсіп – Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар және екіұдай мақсаттағы материалдар экспортымен айналысатын ұлттық оператор. Компания қызметінің басты бағыттары геологиялық барлау, уран өндірісі, ядролық отын циклы өнімдерін өндіру, реактор жасау, АЭС құрылысы, сирек металдар металлургиясы және конструкциялық материалдар өндірісі, энергетика, ғылыми зерттеу, әлеуметтік қамту және мамандар дайындау болып табылады. Бүгінгі таңда компанияда 25 мыңнан астам адам еңбек етеді. Қазатомөнеркәсіп әлемнің жетекші уран өндіруші компаниялардың қатарына кіреді.


жаңалықтарға оралу