"Қорасан-1" уран кенішінің ашылуы туралы баспасөз-баяны

24.04.2009
Қызылордаоблысының Жаңақорған ауданы
                                                                                                                              
Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында ҚР премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің қатысуымен Солтүстік Қорасан уран кен орнының «Қорасан-1» учаскесіндегі кеніштің салтанатты ашылу рәсімі болып өтті. Бұл жылына 3 мың тонна уран өндіретін өндірістік қуатқа ие Қазақстандағы алғашқы кеніш болып отыр. «Қорасан-1» кенішінің ашылуы Қызылорда облысының өміріндегі маңызды оқиға. Сонымен қатар ол «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы жүзеге асырған тағы бір ірі инвестициялық жоба ретінде де маңызға ие.
 
Кеніштің ашылу салтанатына ҚР президенті әкімшілігінің жетекшісі Аслан Мусин, вице-премьер Серік Ахметов, Энергетика және минералды ресурстар министрі Сауат Мынбаев, Қызылорда облысының әкімі Болатбек Қуандықов, «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясының президенті Мұхтар Жәкішев және басқа да жергілікті атқарушы билік жетекшілері, жұртшылық және бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері қатынасты..
 
Салтанатқа шетелдік делегация құрамында Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Сигэо Нацуи, Экономика, индустрия және сауда министрлігінің өкілі Хидео Моримото, Канаданың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Маргарет Скок қатынасты. Сондай-ақ, құрметті қонақтар арасында TEPCO, Marubeni Corporation, Toshiba Corporation, Chubu Electric, Tohoku Electric және Kyushu Electric сияқты Жапонияның, сонымен қатар Uranium One сияқты Канаданың құрылтайшы компанияларының басшылары да болды. Жапон елінің Мемлекеттік қаржы-несие ұйымдары атынан JBIC (халықаралық ынтымақтастыққа арналған жапон банкі) және NEXI (жапонның экспорттық және шетелдік инвестициялық операцияларды сақтандыру бойынша агенттігі), сондай-ақ Mizuho Corporate Bank басшылары келді.
 
Кеніштегі барлық жұмыстарды құрылтайшылары «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, жапонның энергетикалық компаниялары (Toshiba Corporation, TEPCO, Chubu Electric, Tohoku Electric, Kyushu Electric Power және Marubeni Corporation) консорциумы және канадалық Uranium One компаниясы болып табылатын «Қызылқұм» ЖШС атқарады. Өндірілген өнімнің басым бөлігі Жапония атом энергетикасының мұқтажын қанағаттандыруға арналған.
 
ӨНДІРІС
Кеніш қысқа мерзім ішінде салынды. Құрылыстың қол алынғанынан тәжірибелік-өнеркәсіптік пайдалануды бастауға дейінгі аралықтағы қыруар жұмыстар небәрі 3 жылда атқарылды. Әдетте, әлемдік тәжірибеде мұндай нысандардың құрылысына орта есеппен 5-6 жыл кетеді. Жобалық өнімділігіне сәйкес кеніш 2014 жылы толық қуатпен жұмыс істей бастағанда жылына 3000 тонна уран беретін болады.
Жылдарға бөлгендегі өнеркәсіптік өндірістің көлемі төмендегіше:
2009 жыл – 180 тонна
2010 жыл – 1000 тонна
2011 жыл – 1500 тонна
2012 жыл – 2000 тонна
2014 жыл – 3000  тонна.
 
2009 жылдың 1 сәуіріндегі мәлімет бойынша Солтүстік Қорасан кен орнының «Қорасан-1» учаскесінің мемлекеттік балансы 21000 тонна уранға тең. Уран өндіру 2053 жылға дейін жерасты ұңғымалы шаймалау әдісімен жүргізіледі. Инвестицияның жалпы көлемі 432 млн. АҚШ долларын құрады.
 
ИНФРАҚҰРЫЛЫМ
Солтүстік Қорасан кен орнының Сырдария өзенінің сол жағалауындағы игерілмей бос жатқан жерде, барлық коммуникациялардан шалғай орналасуы едуір қиындықтар туғызды. Кенішті тиімді пайдалану үшін қажетті барлық инфрақұрылымды жасау керек болды. Қысқа мерзімде Сырдария өзені үстінен ұзындығы 303 метрлік, ені 8 метрлік жаңа көпір салынып, 37 шақырымдық автомобиль жолына асфальт төселді. Сонымен қатар облыстық маңыздағы 19,5 шақырымдық Шиелі-Қарғалы-Байкенже-Жаңақорған тас жолы да қайта жасалды. Жүк тасымалдау үшін аудан орталығы Жаңақорғанда темір жол тармағы мен жүкті ауыстырып тиеу базасы салынып, 35 және 110 КВт-тық үш электр желісі тартылды. 212 млн. АҚШ долларына бағаланған, жобалық қуаты жылына 500 мың тоннаға межеленген заманауи күкірт қышқылы зауытының құрылысы басталды. Кеніштің өзінде 280 орындық қазіргі заманғы вахталық поселка құрылды. Инфрақұрылымды дамытуға жұмсалған инвестицияның жалпы көлемі 58 млн. доллардан асып кетті.
 
ӘЛЕУМЕТТІК САЛА
«Қорасан-1» кенішінің ашылуы Жаңақорған ауданына жаңадан 450 жұмыс орнын, қосалқы өндірісті қоса есептегенде 800-ден астам жұмыс орнын береді. «Қызылқұм» ЖШС жергілікті тұрғындарды арнайы оқытып, соңынан жұмысқа қабылдауды жоспарлаған. Көптеген нысандар (автожолдар, көпір, электр желілері) Жаңақорған ауданы инфрақұрылымының бір бөлігіне айналып та үлгерді. Сырдария өзені үстінен салынған көпірдің бұл өңір үшін әлеуметтік маңызы орасан. Өйткені, бұрын тұрғындар өзеннің арғы бетіне өту үшін жазда уақытша понтондарды пайдаланса, қыс айларында өзеннен өту тіпті қиындап, қауіпке айналатын. Ал ең жақын деген басқа көпір 50 шақырым қашықтықта. Алғашқы жобада көпірді Шиелі кентіне жақын маңнан салу көзделген болатын, алайда көп санды тұрғындардың талап-тілектеріне орай көпір құрылысы аудан орталығы Жаңақорғанға көшірілді. Жаңа автомобиль жолы Байкенже және басқа да елді мекендерді аудан орталығымен байлап тұрады. «Қызылқұм» ЖШС халықты әлеуметтік қолдауға белсене қатысып келеді. Табысы төмен отбасыларға, студенттерге, мектептерді жабдықтауға, «Қорасан Ата» мавзолейі құрылысына нақты көмектер көрсетілді. Алдағы уақытта «Қазатомөнеркәсіп-Демеу» компаниясымен бірге басқа да әлеуметтік жобалар жүзеге асырылатын болады. Сондай-ақ, «Қызылқұм» ЖШС өңірдің әлеуметтік өркендеуіне бағытталған арнайы бағдарламаны жасап, басшылыққа алмақ.
 
АНЫҚТАМА
Қызылорда облысындағы Солтүстік Қорасан кен орны 1979 жылы ашылған. Ол Сырдария өзенінің сол жақ жағалауында, аудан орталығы Жаңақорғаннан 34 шақырым қашықтықта орналасқан. Кен қатпарларының ұзындығы 10-12 шақырымға созылып жатыр, ені 200-250 метр, тереңдігі 200-ден 800 метрге дейін жетеді. Ұзақтығына қарай кен орны «Қорасан-1» және «Қорасан-2» болып екі учаскеге бөлінген. Жаңа кеніш сол бірінші учаскені игеретін болады. Өнім өндіру жер асты ұңғымалы шаймалау әдісімен жүргізіледі. Бұл әдісті МАГАТЭ әлемдегі экологиялық ең таза және қауіпсіз әдіс ретінде мойындаған. Кен орны игеріліп болған соң жер пайдаланылануға ешқандай шектеу қойылмастан мемлекетке қайтарылады.
 
«Қызылқұм» ЖШС 2005 жылғы мамыр айында Қазатомөнеркәсіптің «2010 жылға қарай – 15000 тонна уран» стратегиялық даму бағдарламасы шеңберінде құрылған. «Қызылқұм» ЖШС ҚР Үкіметінің 23.01.04 жылғы №78 қаулысымен бекітілген «2004-2015 жылдары Қазақстан Республикасының уран өнеркәсібін дамытудың мемлекеттік бағдарламасы» іс-шараларының жоспарын орындауға қатысады. «Қызылқұм» ЖШС құрудағы көзделген басты мақсат Солтүстік Қорасан (Қорасан-1 учаскесі) уран кен орнын игеру жобасын жүзеге асыру болып табылады.
 
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар және екіұдай мақсаттағы материалдар экспортымен айналысатын ұлттық оператор. Компания қызметінің басты бағыттары геологиялық барлау, уран өндірісі, ядролық отын циклы өнімдерін өндіру, реактор жасау, АЭС құрылысы, сирек металдар металлургиясы және конструкциялық материалдар өндірісі, энергетика, ғылыми зерттеу, әлеуметтік қамту және мамандар дайындау болып табылады. Бүгінгі таңда компанияда 25 мыңнан астам адам еңбек етеді. Қазатомөнеркәсіп әлемнің жетекші уран өндіруші компанияларының алғашқы үштігіне кіреді.
www.kazatomprom.kz

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның
Қоғаммен байланыс департаменті 
Тел.:  +7 (727) 244 62 54
e-mail: pr@kazatomprom.kz

жаңалықтарға оралу