KORES және KEPCO компанияларымен меморандумға қол қойылғаны туралы баспасөз-баяны

22.04.2010

«Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы Korea Resources Corporation (KORES) және Korea Electric Corporation (KERCO) компанияларымен атом саласындағы ынтымақтастыққа қатысты өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды.
 
Құжатқа «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма Төрағасы Владимир Школьник, KORES компаниясының президенті-атқарушы директоры Ким Шин Джонг және KERCO компаниясының президенті-атқарушы Ким Ссанг-Су қолтаңбаларын қалдырды. Аталмыш Меморандум Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасының атом энергетикасын және атом өнеркәсібін дамытуды көздеген атом энергиясын бейбіт мақсатпен қолдану саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты ілгерілетуге қызмет ететін болады.
 
Сонымен қатар, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ мен KORES компаниясы пайдалы қазбаларды бірлесе зерттеу, барлау және өндіруді мақсат еткен ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы Меморандумға да қол қойды. Құжатта тараптардың Қазақстандағы тау-кен жобалары бойыша бірлесе барлау, өндіру және өндірістік жұмыстарды жүргізу жолымен ынтымақтастықты нығайту ниеті көрініс тапқан.
 
Бүкіләлемдік ядролық қауымдастықтың (WNA) дерегіне сәйкес, Корея Республикасы үшін маңызды стратегиялық сала болып саналатын атом энергетикасының елді энергиямен жабдықтаудағы үлесі шамамен 28 пайызды құрайды. Қазір Оңтүстік Кореяда 20 атом реакторы жұмыс істеп тұр, тағы үшеуі жаңадан салынып жатыр. Бұл сыйымдылығы жөнінен әлемдегі бесінші уран рыногы. Қазақстан 2005 жылдан бері Корей еліне уран жеткізумен шұғылданып, АЭС-ке арналған отын сұранысының 26 пайызын қамтамасыз етіп келеді.
 
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар және екіұдай мақсаттағы материалдар экспортымен айналысатын ұлттық оператор. Компания қызметінің басты бағыттары геологиялық барлау, уран өндірісі, ядролық отын циклы өнімдерін өндіру, реактор жасау, АЭС құрылысы, конструкциялық материалдар өндірісі, энергетика, ғылыми зерттеу, әлеуметтік қамту және мамандар дайындау болып табылады. Бүгінгі таңда компанияда 26 мыңнан астам адам еңбек етеді. Қазатомөнеркәсіп әлемнің жетекші уран өндіруші компанияларының көшін бастап келеді.
www.kazatomprom.kz
 
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ
Қоғаммен байланыс басқармасы
+7 /727/ 244 62 54
pr@kazatomprom.kz   

жаңалықтарға оралу