ҚР атом саласы қызметкерлері күніне қатысты баспасөз баяны
28.09.2009Алматы қ.
Бүгін, 28 қыркүйек күні Қазақстанның атом саласы қызметкерлері өздерінің төл мерекелерін атап өтеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 13 желтоқсандағы Заңының 4-бабына сәйкес Атом саласы қызметкерлері күнін белгілеу туралы Жарлыққа 2008 жылғы 12 мамырда қол қойған болатын. Былтырдан бері бұл мереке кеңінен тойланып келеді. Кәсіптік мереке құрметіне бір топ еңбек озаттары басшылықтың Құрмет грамоталарымен марапатталды. Әріптестерін төл мерекемен құттықтаған «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ президенті Владимир Школьник: «Күнтізбеде жаңа мейрамның пайда болуы, Елбасының ел экономикасын және ғылыми-техникалық дамуын қамтамасыз етуде атом саласына маңызды орын бөлгенін аңғартады. Пайда болған кезінен бастап атом саласы түрлі салалардағы нағыз төңкерістік инновацияның қозғаушы күші, бастаушысы бола білді. Бүгінде біз компаниямыздың жоспарлары жүзеге асуы үшін, барлық ғаламдық шығармашылық бастамаларымыз орындалуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасаудамыз», - деп атап көрсетті.
Қазақстан атом өнеркәсібінің қысқаша тарихы:
1948 жыл – «Волков экспедициясы» (қазіргі «Волковгеология» АҚ – Қазатомөнеркәсіп құрамындағы ең көне кәсіпорын) құрылды;
1949 жыл – 2а зауыты (қазіргі Үлбі металлургия зауыты, биыл 60 жылдығын тойлауға дайындалуда) өзінің алғашқы өнімін (торий оксалатын) өндірді;
1951 жыл – Қазақстандағы тұңғыш уран кен орны – Қордай кеніші ашылды;
1957 жыл – ҚазКСР ҒА Физика-техникалық институты базасында ҚазКСР ҒА Ядролық физика институты (ЯФИ) құрылды;
1967 жыл – Алатау кентіндегі (Алматыдан 20 шақырым) Ядролық физика институтында ВВР-К зерттеу атом реакторы пайдалануға берілді;
1972 жыл – Ақтау қаласында іске қосылған әлемдегі ең алғашқы жылдам нейтрондағы тәжірибелік-өнеркәсіптік реактор қаланы электр энергиясы және тұщытылған ауыз сумен қамтамасыз ете отырып, 25 жылдан астам уақыт апатсыз жұмыс істеді;
1991 жыл – ҚР Президенті Н.Назарбаев «Семей ядролық сынақ алаңын жабу туралы» Жарлыққа қол қойды;
1992 жыл – Қазақ мемлекеттік атом энергетикасы және өнеркәсібі кәсіпорындарының корпорациясы (кейін КАТЭП болып өзгертілді) құрылды;
1993 жыл – Қазақстан Республикасы Ядролық қаруды таратпау туралы Келісімге қосылды;
1997 жыл – Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы құрылды.
Өткен бір жыл ішінде Қазатомөнеркәсіп инновациялық сипатқа ие бірқатар жобаларды жүзеге асырды. Атап айтқанда, ҮМЗ базасында дербес ғылыми әзірлемелер негізінде сыйымдылығы жоғары тантал ұнтақтарын шығаратын өнеркәсіптік өндіріс іске қосылды; Хорасан-1 (қуаты - жылына 3000 тонна) және Иіркөл (750 тонна) уран кеніштері ашылды; Қызылорда облысындағы болашақ күкірт қышқылы зауыты (қуаты – жылына 500 мың тонна) алаңқайында инфрақұрылымдық нысандар пайдалануға тапсырылды. Табиғи ресурстар және ядролық-отын циклының жоғары технологиялық өндірісін бірге жасау саласындағы Үндістан және Қытай елдерімен қол жеткізілген келісімдердің компания үшін ғана емес, тұтас алғанда бүкіл еліміз үшін де маңызы орасан. Жапониямен біргелікте елімізде сирек және сирек-жер металдар өндіру және қайта өңдеудің ортақ жоспарлары қарастырылуда. Жақын арада француздың Areva компаниясы қатысуымен құрылатын біріккен кәсіпорынның құрылтайшылық құжаттарына қол қойылмақ. Болашақ кәсіпорын ҮМЗ базасында француздық үлгідегі және басқа да дизайндағы энергоблоктарға арналған жылу бөлгіш құрамаларын шығарумен айналысатын болады. Қазіргі таңда отын өндіру технологиясын тапсыру шаралары жалғасын тауып, Жапония, АҚШ және Қытай реакторларына арналған отын таблеткаларын сертификаттау жұмыстары жүргізілуде. Бұл өз кезегінде Қазатомөнеркәсіптің әлемдік отын рыногына қатысу аясын кеңейтуге мол мүмкіндік береді. Бүгінде ұлттық атом компаниясында барлық өндірістік жоспарлар орындалуда. Үстіміздегі жылдың бірінші жарты жылдығында уран өндіру жоспары 9 пайызға асыра орындалды.
2009 жылғы жаңа оқу жылы қарсаңында Қызылорда облысының Шиелі кентінде мектеп оқушылары санын екі есеге көбейтуге мүмкіндік беретін заманауи жаңа оқу ғимараты ашылды. Оңтүстік Қазақстан облысының Қыземшек кентінде қазіргі заманғы жаңа стадион мен компания қызметкерлеріне арнап салынған 70 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға берілді.
Бүгінде атом өнеркәсібі еліміздегі жоғары технологиялық, ғылымды көп қажет ететін және рентабельді салалардың бірі саналады. Отандық атом саласының жетістіктерінің арқасында Қазақстан әлемдік атом аренасындағы шешуші ойыншылардың қатарынан орын алды. Уран экспорттаушы басқа елдерде өнім өндіру көлемі бәсеңсіген қазіргі кезеңде компания өндіріс көлемін айтарлықтай ұлғайтуды жоспарлы түрде және табандылықпен жүзеге асырып келеді. Бұл әлемдік ядролық қауымдастықтың дүние жүзілік атом энергетикасын дамытуға қатысты оптимистік болжамдар жасауына негіз болмақ. Осылайша Қазақ елі ядролық қайта өрлеу дәуірінің басталуына өз үлесін қосуда. Жинақталған күш-қуат және жарқын келешек еліміздің атом саласы қызметкерлерінің атом энергиясына айрықша рөл бөлінген болашаққа нық сеніммен қарауына мүмкіндік береді.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар және екіұдай мақсаттағы материалдар экспортымен айналысатын ұлттық оператор. Компания қызметінің басты бағыттары геологиялық барлау, уран өндірісі, ядролық отын циклы өнімдерін өндіру, реактор жасау, АЭС құрылысы, сирек металдар металлургиясы және конструкциялық материалдар өндірісі, энергетика, ғылыми зерттеу, әлеуметтік қамту және мамандар дайындау болып табылады. Бүгінгі таңда компанияда 25 мыңнан астам адам еңбек етеді. Қазатомөнеркәсіп әлемнің жетекші уран өндіруші компанияларының алғашқы үштігіне кіреді.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ
Қоғаммен байланыс басқармасы
+7 /727/ 244 62 54
