ҚР Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев "Үлбі металлургия зауытында" болды
23.06.2011Өскемен қ.
Шығыс Қазақстанда жұмыс сапарымен жүрген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев 23 маусым күні Үлбі металлургиялық зауытында болды. Мәртебелі қонақ кәсіпорында ҮМЗ инновациялық даму бағдарламасы аясында құрылған жаңа өндіріс орны – сыйымдылығы жоғары конденсаторлы тантал ұнтақтарын шығаратын цехтың жұмысымен танысты.
Қанат Бекмырзаұлы жұмысы ғылым мен техниканың соңғы жетістіктеріне негізделген және үдеріс жоғары деңгейде автоматтандырылғандықтан адамның қатысуын мейлінше азайтатын қазіргі заманғы технологиялық желілерге аса қызығушылық танытты. Мемлекеттік хатшы цехты аралағанда жанында болған «ҮМЗ» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары – бас инженер Анатолий Кучковскийге жаңа технологияларды әзірлеу және өндіріске енгізуге қатысты бірқатар сұрақтар қойды.
Бұл Қанат Саудабаевтың Үлбі металлургиялық зауытында алғаш рет болуы емес. 2005 жылы, Қазақстан Республикасының Америка Құрама Штаттарындағы Төтенше және өкілетті елшісі болып тұрған кезінде, кәсіпорын базасында ұйымдастырылған «Қазақстан: бейбітшілік пен қауіпсіздік үшін халықаралық ынтымақтастықты нығайту» атты халықаралық симпозиумға қатысқан-ды. Сол жолы Қазақстан мен АҚШ арасындағы қол жеткен келісімнің арқасында ҮМЗ-де БН-350 реакторының жылу бөлгіш құрамаларын қайта өңдеу ісі сәтті жүзеге асырылған болатын. Ал зауыт ұжымының осынау маңызды халықаралық жобаны орындауға қосқан үлесін симпозиум қатысушылары жоғары бағалады.
Үлбіліктермен болған әңгіме кезінде Қанат Бекмырзаұлы сол оқиғаны еске ала отырып, уран өндірісінің бүгінгі ахуалымен және оның әлемдік рынокқа белсене қатысуын қамтамасыз ететін ауқымды бағдарламаның орындалу барысымен қызықты.
Қазіргі күні «ҮМЗ» АҚ-ның үш бірдей басты өндірісі саналатын уран, бериллий және тантал өндірістері белсенді түрде дамып келеді. Атап айтқанда, 2001 жылдан бастап тантал өндірісін сұранысы ең жоғары өнім – сыйымдылығы жоғары конденсаторлы ұнтақтар мен сымдарды әлемдік рынокқа жеткізіп беруші жетекші ойыншы қатарына шығаратын кешенді міндеттер атқарылуда. Осы жылдар ішінде ҮМЗ-де әзірленген бірегей технологияның негізін қалаған кең ауқымдағы ғылыми зерттеулер бағдарламасы іске асырылды.
Жоба толығымен жүзеге асқанда кәсіпорын конденсатор жасайтын әлемнің жетекші компанияларының тұтынушыларына ұнтақтар мен сымдар жеткізіп беруде өзінің шебін нығайтуға мүмкіндік алады. Жаңа өндірістердің барлығы заманауи жабдықтарды қолдана отырып жасалған төл зерттемелерге негізделген.
«Үлбі металлургия зауыты» АҚ – атом электр стансалары үшін уран диоксидынан отын таблеткаларын және құрамында бериллий, тантал мен ниобий бар өнімдерді шығарушы ретінде танылған әлемдік көшбасшылардың бірі. Кәсіпорын «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының құрамына енеді.
«ҮМЗ» АҚ Баспасөз қызметі
+8(3272)29-84-12
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар және екіұдай мақсаттағы материалдар экспортымен айналысатын ұлттық оператор. Компания қызметінің басты бағыттары геологиялық барлау, уран өндірісі, ядролық отын циклы өнімдерін өндіру, реактор жасау, АЭС құрылысы, конструкциялық материалдар өндірісі, энергетика, ғылыми зерттеу, әлеуметтік қамту және мамандар дайындау болып табылады. Бүгінгі таңда компанияда 23 000 астам адам еңбек етеді. Қазатомөнеркәсіп әлемнің жетекші уран өндіруші компанияларының көшін бастап келеді.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ
Қоғаммен байланыс бөлімі
+7 /727/ 244 62 54
