Күкірт қышқылын өндіру және жеткізіп беру мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесін құру туралы баспасөз баяны

01.10.2009
1 қазан 2009 ж.                                                                                  
 
Алматыда «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясының бастамашылдығымен күкірт қышқылын өндіру, сақтау, тасымалдау және оны компанияның уран өндіруші кәсіпорындарында қолдану технологиясына арналған кеңес болып өтті. Ондағы көзделген басты мақсат салалық кәсіпорындарды күкірт қышқылымен жабдықтау және өндірісшіден бастап түпкілікті тұтынушыға дейін тұрақты жеткізіп беруді қамтамасыз етудің өзекті мәселелерін талқылау болды.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ президенті Владимир Школьниктің төрағалық етумен өткен кеңесте компанияның құрылымдық бөлімшелері мен күкірт қышқылын өндіретін отандық компаниялардың («Қазмырыш» АҚ және «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС) басшылары қатысып, сөз сөйледі. Сондай-ақ, көлік және экспедиторлық компаниялардың жетекшілері де кеңеске қатысып отырды.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК-да қабылданған «2010 жылға қарай 15 мың тонна уран» стратегиялық бағдарламасына сәйкес жерасты ұңғымалы шаймалау әдісімен уран өндіруде негізгі құрамдас бөлік ретінде қолданылатын күкірт қышқылын тұтыну көлемі де артатын болады. 2015 жылы компанияға қарасты кәсіпорындарда күкірт қышқылын тұтыну 2006 жылғы көлеммен салыстырғанда дерліктей 4 есеге артпақ.
Бүгінгі таңда Қазақстанда күкірт қышқылын тек «Қазақмыс» және «Қазмырыш» компаниялары ғана өндіреді. Солармен стратегиялық әріптестікті сақтай отырып «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ өзінің өскелең сұраныстарын қамтамасыз ету үшін бұған қосымша Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында жылына 500 мың тонна күкірт қышқылын өндіретін қуатқа ие өз зауытының құрылысын бастады. Жаңа күкірт қышқылы зауытының іргетасына капсула салу рәсімі үстіміздегі жылғы тамыздың 31-і күні болып өткен болатын.
Сонымен қатар Қазатомөнеркәсіп Степногорск қаласы маңында да күкірт қышқылы өндірісін жолға қоюды жоспарлап отыр. Осындай тағы екі зауыттың құрылысы уран өндіретін «Ыңғай» және «Катко» біріккен кәсіпорындарында да қарастырылуда.
Кеңестің қорытындысы бойынша күкірт қышқылын өндіру және жеткізіп беру мәселелерін реттеумен шұғылданатын Үйлестіру кеңесін құру туралы шешім қабылданды. Аталмыш Кеңес «Сауда-көлік компаниясы» ЖШС-нің логистикалық нысандарын салу және кеңейтуді (автожолдар, қойма және жүкті ауыстырып тиеу қуаттары) қаржыландыруды анықтаумен қатар, темір жол магистралы бойынша күкірт қышқылын тасымалдаудың тарифтерін төмендету мүмкіндіктерін де қарастыратын болады.
Үйлестіру кеңесін «Тау-кен компаниясы» ЖШС, «Қазмырыш» АҚ, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС және «Қазақстан темір жолы» АҚ қатысуымен құру жоспарлануда.
 
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар және екіұдай мақсаттағы материалдар экспортымен айналысатын ұлттық оператор. Компания қызметінің басты бағыттары геологиялық барлау, уран өндірісі, ядролық отын циклы өнімдерін өндіру, реактор жасау, АЭС құрылысы, конструкциялық материалдар өндірісі, энергетика, ғылыми зерттеу, әлеуметтік қамту және мамандар дайындау болып табылады. Бүгінгі таңда компанияда 25 мыңнан астам адам еңбек етеді. Қазатомөнеркәсіп әлемнің жетекші уран өндіруші компанияларының алғашқы үштігіне кіреді.
www.kazatomprom.kz
 
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ
Қоғаммен байланыс басқармасы
+7 /727/ 244 62 54
pr@kazatomprom.kz   

жаңалықтарға оралу