Қызылорда Облысының Әкімдігі мен «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
05.02.2010Қызылорда қ.
Бүгін, яғни 2010 жылдың 5-ақпан күні Қызылорда қаласында Қызылорда облысының әкімдігі мен «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы» акционерлік қоғамы арасындағы Қызылорда облысының 2010 жылдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы Меморандумға қол қойылды. Құжатқа облыс әкімі Болатбек Қуандықов пен «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма төрағасы Владимир Школьник қолдарын қойды.
Меморандумның басты мақсаты – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы саласындағы ынтымақтастық, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру болып табылады. Аталмыш құжат аясында Қазатомөнеркәсіп нақты мынадай жобаларды жүзеге асыратын болады:
- Қызылорда қаласындағы перзентхана үйінің құрылысы, 2010 жылы осы мақсатқа 909 млн. 800 мың теңге бөлінеді;
- Шиелі кентіндегі құны 499 млн. 448 мың теңгелік мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған интернат үйінің құрылысы;
- Шиелідегі Көкшоқы ықшам ауданында 16 млн. 800 мың теңгеге абаттандыру жұмыстарын жүргізу.
Осылайша, Қазатомөнеркәсіп уран өндірілетін аймақтардағы кең ауқымды әлеуметтік бағдарламаларын іске асыруды жалғастыра береді. Бүгінгі таңда Қызылорда облысының әлеуметтік саласын дамытуға салған Ұлттық атом компаниясының инвестициясы 4 млрд. теңгеден асып кетті. Жүзеге асырылған жобалар ретінде төмендегіше мысалдар келтіруге болады:
- Жаңақорған ауданындағы жол учаскелерін және Жаңақорған кентіндегі автомобиль жолдарын жөндеу (225 млн. 157 мың тг.);
- Жаңақорған ауданындағы мектепті керек-жарақ және құрал-жабдықтармен жабдықтау, балалардың білімін көтеру бойынша іс-шаралар ұйымдастыру (19 млн. 484 мың тг.);
- Шиелі кентіндегі автомобиль жолдарына күрделі жөндеу жүргізу (70 млн. тг.);
- Шиелі кентін абаттандыру (145 млн. 334 мың тг.);
- Шиелідегі №127 мектепті кеңейту және құрал-жабдықтармен жабдықтау (530 млн.375 мың тг.);
- Н. Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық музыкалық-драма театрының ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу (196 млн. 145 мың тг.) және тағысын тағылар.
Өзінің дербес әлеуметтік бағдарламасын жүзеге асыру аясында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Шиелі кентінде бірқатар әлеуметтік нысандарға қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізді: 30 төсектік стационары бар дәрігерлік-санитарлық бөлім; 280 орындық балабақша; «Арман» мәдениет үйі (300 бала қатысатын үйірмелер жұмысы ұйымдастырылған); спорт кешені; спорт-ойын-сауық орталығы және басқалар. Бұлардың барлығы «Қазатомөнеркәсіп-Демеу» мамандандырылған әлеуметтік компаниясының балансында тұр. Шиеліде «Қазатомөнеркәсіп-Демеу» ЖШС-нің филиалы жұмыс бастағалы бері 264 жұмыс орны ашылып, шағын және орта бизнес жобалары бойынша (тігін цехы мен сұлулық салоны) қосымша 103 адам жұмысқа тартылды.
Жаңа Меморандумға қол қойған Қазатомөнеркәсіп бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі идеяларына өзінің әрқашан адалдығын тағы бір рет дәлелдеп отыр. Компания әлеуметтік саладағы өзі мәлімдеген жобаларды толығымен жүзеге асырып келеді.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар және екіұдай мақсаттағы материалдар экспортымен айналысатын ұлттық оператор. Компания қызметінің басты бағыттары геологиялық барлау, уран өндірісі, ядролық отын циклы өнімдерін өндіру, реактор жасау, АЭС құрылысы, конструкциялық материалдар өндірісі, энергетика, ғылыми зерттеу, әлеуметтік қамту және мамандар дайындау болып табылады. Бүгінгі таңда компанияда 26 мыңнан астам адам еңбек етеді. Қазатомөнеркәсіп әлемнің жетекші уран өндіруші компанияларының алғашқы үштігіне кіреді.
«Қазатомөнеркәсіп-Демеу» ЖШС 2004 жылы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның еншілес кәсіпорны ретінде құрылған. Мамандандырылған әлеуметтік компания ұлттық атом компаниясының әлеуметтік нысандарды басқару мен әлеуметтік жобаларды жүзеге асырушы операторы болып табылады. Негізгі қаржы көзі - Қазатомөнеркәсіп пен оның шетелдік әріптестері қатысуымен құрылған жарғылық қор. Қазатомөнеркәсіп-Демеу Қазақстан азаматтарының өмір сапасы мен әл-ауқатын арттыруды өз алдына мақсат еткен. Компания 2008 жылы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі жалпыұлттық «Парыз» байқауында «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» аталымы бойынша лауреат атанды.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ
Қоғаммен байланыс басқармасы
+7 /727/ 244 62 54
