Шиелі ауылындағы «FLY» спорттық-сауықтыру орталығының ашылуы туралы

23.11.2007

2007 жылдың 23-қарашасы Шиелі ауылында (Қызылорда облысы) «FLY»  спорттық-сауықтыру орталығының ашылу салтанаты өтті. Бұл нысанаға жұмсалған қаржының жалпы сомасы – 116 574 000 теңге. Әлеуметтік нысана боулинг және бильярд ойындары бойынша қызмет көрсетеді, мұнда балалар, жастар мен үлкен кісілерге арналған мәдени іс-шаралар өткізіліп тұрады, сондай-ақ мұнда екі кафе бар.  Бұл іспетті мәдениет ошағы Шиелі ауданында бұрын-соңды болған емес. Жоба «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясының еншілес кәсіпорыны «Қазатомөнеркәсіп-Демеу» ЖШС-мен іске асырылған. «FLY» орталығында 25 адам жұмыс істейтін болады.

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында «Қазатомөнеркәсіп» уран өндіруші және оның маңындағы елдімекендерде ауқымды әлеуметтік бағдарлама іске асырып жатыр. Жалпы, «Қазатомөнеркәсіптің» 2005-2007 жылдар аралығында Қызылорда облысын дамытуға қосқан үлесі 1 400 000 000 теңгені құрайды.

Сонымен қатар, өткен екі жыл ішінде Шиелі ауылында (күрделі жөндеуден өткізілген, немесе жаңадан салынған) әлеуметтік саланың төмендегі нысаналары іске қосылды:

1.      30 орынды стационары бар медико-санитарлық бөлім. Заман талабына сай озық құрал-жабдықтар арқылы медициналық қызмет көрсету сапасын үнемі жақсарту ұйымдастырылған. Қазақстанның ең мықты дәрігер-мамандары тартылып, олардың біліктілік дәрежесін жетілдіру қарастырылған. Жаңа реанимобиль сатып алынып, оның көмегімен бірнеше адамның өмірі сақтап қалынды.  

2.      «Арман» мәдениет үйі кітапхана, тренажер залы, үйірме бөлмелері, балалар ойын алаңы және осы заманғы кинотеатрмен жабдықталған. Онда балалар және үлкен кісілерге арналған тақырыптық-дамыту фильмдер көрсетілімі қарастырылған. Үйірмелер жұмысы қолға алынып, оған 200 бала қатысып жүр. Жыл сайын көңіл көтеру және спорттық сауықтыру бойынша 12 мәдени мерекелік бағдарлама өткізіледі. Барлық қызмет түрлері жергілікті тұрғындарға тегін көрсетіледі.

3.      Спорт кешені, тренажер залымен, ойын бөлмесімен, сыйымды спорт залмен, даладағы ойын алаңымен және ғимаратты айналып жүгіру бойынша қазіргі заманға сай жүгіру жолымен қамтамасыз етілген. 9 спорттық секция жұмыс істейді, оларға 270 –тен аса адам қатысады. Ай сайын бұл кешенде ауыл және аудан ауқымындағы жарыстар және басқа-да іс-шаралар өткізіледі. Барлық қызмет түрлері жергілікті тұрғындарға тегін көрсетіледі.

«Қазатомөнеркәсіп-Демеу» Шиелі ауылында келесі әлеуметтік жобаларды іске асыруға кірісті:

4.      №127 орта мектеп-лицейге қолдау көрсету. Мұғалімдерге қосымша факультативтік сабақ өткізгені үшін үстеме-ақы төленеді, химиялық және  физикалық зертханалар, әдістемелік материалдар сатып алынды, мультимедиялық және биологиялық кабинеттер жабдықталды. Жыл сайын оқушылар арасында ғылыми-тәжірибелік конференциялар ұйымдастырылады. 2008-2009 жылдары мектепте күрделі жөндеу жұмыстарын өткізу жоспарлануда, оны қазіргі заманғы құрал-жабдық және керек-жарақпен жабдықтау, сыйымдылығын 400 орынға дейін арттыру және спорт зал салу іспетті ауқымды шаралар алға тартылған.

5.      Қазіргі уақытта 280 орынға есептелген бассейны бар бала-бақшаның құрылыс-жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Ол барлық қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етіледі, бала бақшаға жоғары білікті ұстаздар іріктеледі. Бұл сияқты балаларға арналған мекеме Қызылорда облысында жоқ. Нысана 2008 жылдың 1-тоқсанында іске қосылады, бұл Шиелідегі тұңғыш бала бақша. 

Қызылорда облысының әкімшілігі мен «Қазатомөнеркәсіп» арасындағы  «Әріптестік, әлеуметтік саланы қолдау және дамыту» Меморандумы аясында атқарылмақ шаралар:

·         облыстық Драма театрының қайта құру және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде;

·         мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған 50 орынды интернат салу жоспарланып отыр.

·         2007 жылы аймақтағы мектептерге 18 500 000 теңге көлеміндегі қаражатқа керек-жарақ пен құрал-жабдықтар алынды.  

________________________________________________________________________________________

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК АҚ   2004 жылдың 27-қыркүйегінде әлеуметтік жобаларды басқаруға бағытталған – «Қазатомөнеркәсіп-Демеу» серіктестігі құрылды, оның қызметінің негізгі бағыттары: әлеуметтік инфрақұрылымды қалпына келтіру және дамыту, әлеуметтік бағдарламаға сәйкес уран өндіруші аймақтарда нысаналар құру және оларды қамсыздандыру, әрбір мемлекет экономикасының негізін құрайтын  шағын және орта бизнесті дамыту. Бүгінгі күні «Қазатомөнеркәсіп» өзінің қызмет жасап отырған аймақтарында бірегей әлеуметтік бағдармаларды  әзірлеп, өмірге әкелуде. «Қазатомөнеркәсіп-Демеу» Оңтүстік Қазақстан облысының 3 ауданында (Созақ, Отырар, Бәйдібек) және Қызылорда облысының 2 ауданында (Жаңақорған, Шиелі) әлеуметтік жобаларды іске асыру жұмыстарын жүргізіп жатыр.  Осында орналасқан кен орындары Қазақстандағы уран өндірісінің 90% қамтамасыз етеді. Әр ауданға жеке әлеуметтік бағдарлама әзірленген, ол толығымен Компания есебінен қаржыландырылады. Бағдарламалар денсаулықты сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, демалу, жайластыру, көгаландыру, сондай-ақ шағын және орта бизнес сияқты негізгі бағыттарды қамтиды.


жаңалықтарға оралу