ТІС Бас ассамблеясының 52-ші сессиясы қатысушыларының
19.10.2011Өскемен
16-19 қазан күндері Алматыда «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның қолдауымен Тантал мен ниобийді зерттеу жөніндегі халықаралық орталық (Tantalum-Niobium International Study Center – TIC) Бас ассамблеясының 52-ші сессиясы болып өтті.
Қазақстан – ТМД елдері арасында алғашқы болып ТІС Бас ассамблеясын қабылдаған мемлекет. ТІС Атқару комитетінің мүшесі, «ҮМЗ» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Александр Гагарин, «ТІС Ассамблеясының Қазақстанда өткізілуі - тантал саласындағы жетекші ойыншы ретінде еліміздің және компанияның беделін мойындауға жасалған үлкен қадам», - деп атап көрсетті.
Форумға қатысу үшін әлемнің 30-дан астам елінен делегаттар келді. Іс-шара аясында өткен техникалық сессияларда қатысушылар тантал мен ниобий рыногының беталысын, тантал-ниобий өнімдерін өндіру технологиясын дамытуды, жекелеген кен орындарында шикізат өндіруді және жеткізіп берулердің сенімділігін талқылады. «ҮМЗ» АҚ үш баяндама ұсынды: «Жарықшақ тантал ұнтақтарын өндіру технологиясын дамытудың қазіргі беталысы», «Балқытудың электронды-сәулелі технологиясын дамыту» және «Ниобий лигатурасы мен жоғары тазалықтағы ниобий өндірісінің технологиясы». Таңдап алынған тақырыптар кәсіпорынның бұл саладағы негізгі жетістіктерін көрсетеді. «ҮМЗ» АҚ өкілдерінің сөздері үлкен ықылас және қызығушылықпен тыңдалып, біраз сұрақтар туындатты.
19 қазанда форум қатысушылары ТІС төрағасы Изильдо Варгас басшылығында Өскеменге, Үлбі металлургия зауытына келді.
Қонақтар ҮМЗ-нің шикізатты өңдеуден дайын өнім шығаруға дейінгі толық өндірістік циклды қамтитын Тантал өндірісін аралады, «ҮМЗ» АҚ Көрме-ақпараттық орталығында болып, кәсіпорынның тарихымен және бүгінгі тынысымен танысты; зауыт аллеясына көшеттер отырғызуға қатысты.
Үлбі металлургия зауытына жасалған сапар Бас ассамблея қатысушыларын ерекше әсерге бөледі. Александр Гагариннің пікірінше, тантал өндірісінің толық циклын бүкпесіз көрсеткен «ҮМЗ» АҚ-ның мұндай барынша ашықтығы тантал бизнесін сәтті дамытуға сеп болады.
Анықтама
Үлбі металлургия зауытындағы Тантал өндірісінің тарихы өткен ғасырдың 50-жылдарынан бастау алады. 1951 жылғы сәуір айында мұнда калий фтортанталы шығарыла бастады. 1959 жылы алғашқы тантал ұнтағын алуға қол жеткізілді. 1960 жылы гидрометаллургиялық бөлістің экстракциялық технологиясы игеріліп, арадан екі жыл өткенде тантал құймаларын вакуумды-доғалы қорыту желісі іске қосылды. 1964 жылдан бері өндірісте танталды электронды-сәулелі шақпақтау қолданылып келеді.
1969 жылы Тантал өндірісінде ниобийдің титанмен қорытпасы (НТ-50) негізінде өткізгіштік қабілеті жоғары материалдарды әзірлеудің тәжірибелік учаскесі жұмыс бастады. Бұл қазіргі заманғы өткізгіштігі жоғары кабельдерді, жоғары электрлік, техникалық және эксплуатациялық сипаттарға ие шиналарды жасауға мүмкіндік беретін бірегей кешеннің пайда болуына негіз қалады.
Қазақстан тәуелсіздік алған тұста, 2001 жылы таза ниобий пентаоксиды өндірісі жолға қойылды. Сонан соң электронды-сәулелі қорыту әдісімен саф ниобий құймаларын шығаратын өндіріс орны ұйымдастырылды. 2008 жылы жоғары сыйымдылықтағы конденсаторлық ұнтақтар өндіретін өнеркәсіптік желі ашылып, конденсаторларға арналған тантал сымдарын әзірлейтін қуаттар іске қосылды.
Бүгінде ULBA маркалы өнімдер АҚШ, Германия, Англия, Франция, Чехия, Израиль, Жапония, Қытай, Ресей және Украинаға тұрақты түрде жеткізіліп, тұтынушылар қатары ұдайы өсіп келеді.
Тантал мен ниобийді зерттеу жөніндегі халықаралық орталық (Tantalum-Niobium International Study Center – TIC) – тантал мен ниобий қасиеттерін зерттеуге көмектесу және ақпараттарандыруды арттыру мақсатында 1974 жылы құрылған халықаралық коммерциялық емес қауымдастық. Ұйымның штаб-пәтері Брюссельде (Бельгия) орналасқан.Бүгінде әлемнің 30-дан астам еліндегі тантал және ниобий өнеркәсібінің барлық аспектілеріне қатысатын 83 ірі компания осы қауымдастықтың мүшесі. Барлық басқару қызметін Атқару комитеті жүргізеді. Жұмыс бастаған алғашқы жылдары ТІС Бас ассамблеясы әр тоқсан сайын немесе жарты жылда бір шақырылып тұрды. Соңғы кезде жиын жылына бір рет өткізелетін болған.
www.tanb.org
«Үлбі металлургия зауыты» АҚ – атом электр стансалары үшін уран диоксидынан отын таблеткаларын және құрамында бериллий, тантал мен ниобий бар өнімдерді шығарушы ретінде танылған әлемдік көшбасшылардың бірі. Кәсіпорын «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының құрамына енеді.
«Үлбі металлургия зауыты» АҚ – атом электр стансалары үшін уран диоксидынан отын таблеткаларын және құрамында бериллий, тантал мен ниобий бар өнімдерді шығарушы ретінде танылған әлемдік көшбасшылардың бірі. Кәсіпорын «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының құрамына енеді.
