Уран өндіруші «ИНКАЙ» бірлескен кәсіпорнының бас өндірістік кешенін іске қосу туралы

05.06.2010

Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданында өзі аттас уран кен орнын игеріп жатқан «Инкай» қазақстан-канада бірлескен кәсіпорнындағы бас өндірістік кешеннің ресми ашылу және іске қосу рәсімі болып өтті. Компания басшылары мен құрылтайшылары, Канаданың Қазақстандағы Елшілігі қызметкерлері, сондай-ақ ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі мен жергілікті атқарушы билік өкілдері қатысқан салтанатта дайын өнімнің жаңа партиясы алынды.
 
Өндірістік кешен Оңтүстік Қазақстанның теріскейіндегі Созақ ауданына қарасты Тайқоңыр кентіне жақын маңда орналасқан. Инкай кен орны Шу-Сарысу уран кенді шалғай аймағындағы гидрогенді типтегі ірі кен орны саналады. «Инкай» БК осы кен орнының №1 учаскесінде уран өндіру, сонымен қатар №2 және №3 учаскелерде кейін өнім өндіру үшін геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу лицензияларына ие. Тәжірибелік өндіріс нәтижелері кенді күкірт қышқылды шаймалаудың тиімділігін көрсетіп, жобаның үнемділігін дәлелдеді.
 
Мемлекеттік комиссия бас өндірістік кешенді пайдалануға тапсыру жөніндегі өз шешімін үстіміздегі жылғы ақпан айында қабылдап, «Инкай» бірлескен кәсіпорнының өнеркәсіптік өндірісті кең ауқымда ұлғайтуына жағдай жасалды. Коммерциялық өндіріс негізгі қайта өңдеуші зауыттың, серіктес зауыттардың, бастапқы полигон, вахталық лагерь және басқа да түрлі қосалқы нысандардың қолданысқа енгізілуін өз ішіне қамтиды. Кәсіпорын жылына 2000 тонна немесе 5,2 млн. фунт уран шығаратын жоспарлы өндірістік қуатқа таяу арада шығатын болады.
 
«Инкай» бірлескен кәсіпорны 1996 жылғы наурызда құрылған. Құрылтайшылары Cameco Corporation компаниясы (60%) мен «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ (40%). Өндірістің ұлғаюына байланысты жақын болашақта компания қызметкерлерінің саны қазіргі 472-ден 546-ға дейін өспек.
 
«Инкай» БК салада алғашқылардың бірі болып, еңбекті қорғау, техника қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі халықаралық стандарттағы OHSAS 18001:2007 және ISO 14001:2004 сәйкестік сертификаттарына қол жеткізді. Аталмыш саладағы табыстарға компанияның техника қауіпсіздігі, еңбекті қорғау және еңбек жағдайларын жақсарту бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы кәсіпорындарының арасында өтетін жыл сайынғы байқаулардағы дәстүрлі жеңістері дәлел бола алады. Cameco Corporation компаниясының жоғарғы наградасы – Mary-Jean Mitchell Green Chair’s Award сыйлығын еңбек қауіпсіздігі саласындағы үздік жетістіктері үшін «Инкай» БК-ның бірнеше рет иеленгені де бұған мысал.
 
«Инкай» БК Созақ ауданының инфрақұрылымдарын жақсартуға бағытталған әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру үшін «Қазатомөнеркәсіп-Демеу» ЖШС-мен біріге отырып «Демур» корпоративті қорын құрды. Жобаларды жүзеге асыруға қажетті $4 млн. қаржыны Cameco Corporation компаниясы ұсынды. Соңғы жылдары «Демур» қоры Т.Момбеков атындағы орта мектепті, 200 орындық клуб, спорт залын және Тайқоңыр кентіндегі су құбыры жүйесін күрделі жөндеуден өткізіп, қайта жабдықтау, сондай-ақ кентте дәрігерік пункт салу жобаларын сәтті орындап шықты.
 
Компания бизнес пен мемлекеттің өзара іс-қимылын жетілдіруге, тиімді басқарудың теориясы мен практикасын дамыту және оны қолданысқа енгізуге, сондай-ақ инвестициялық климатты және бизнес жүргізудің заңнамалық негіздерін жақсартуға қызмет ететін түрлі қауымдастықтар мен одақтардың жұмысына белсенді түрде қатысып келеді. «Инкай» БК Кәсіпкерлердің қазақстан-канада қауымдастығының тең құрылтайшысы, Тау-кен өндірісі және таукен-металлургия кәсіпорындарының республикалық қауымдастығы Үйлестіру кеңесінің, Қазақстандағы Америка сауда палатасының мүшесі болса, Қазақстанның ядролық қоғамы басқармасының құрамында компания басшылығының өкілдері бар. «Инкай» БК» ЖШС уран өндірісі саласында алғашқы болып Өнеркәсіптің өнім өндіруші салаларындағы ашықтық Бастамасына, сонымен қатар Қазақстанда алғашқылардың бірі болып БҰҰ Жаһандық Келісіміне – бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі саласындағы Бастамаға қосылды.
 
Cameco Corporation - штаб-пәтері Канаданың Саскачеван провинциясындағы Саскатун қаласында орналасқан, уран өндіру, оны қайта өңдеу және конверсиялау бойынша дүние жүзіндегі көшбасшы, өзіндік құны төмен заманауи технологияларды барынша кең қолданатын компания. Канададағы бірегей қайта өңдеу кәсіпорнына ие Cameco канадалық құрылмадағы ауыр сулы реакторларға (CANDU) арналған ядролық отын компоненттерін негізгі өндіруші болып табылады. Компания екі мемлекеттік уран өндіруші және қайта өңдеуші компанияларлдың қосылуы нәтижесінде құрылған. Cameco акциялары Торонто және Нью-Йорк қор биржаларында сатылады. Cameco сондай-ақ, компанияның Бас атқарушы директоры Джеральда У. Грэнди (Gerald W. Grandey) арқылы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы шетелдік инвесторлар Кеңесіне де мүше.
www.cameco.com
 
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар және екіұдай мақсаттағы материалдар экспортымен айналысатын ұлттық оператор. Компания қызметінің басты бағыттары геологиялық барлау, уран өндірісі, ядролық отын циклы өнімдерін өндіру, реактор жасау, АЭС құрылысы, конструкциялық материалдар өндірісі, энергетика, ғылыми зерттеу, әлеуметтік қамту және мамандар дайындау болып табылады. Бүгінгі таңда компанияда 26 мыңнан астам адам еңбек етеді. Қазатомөнеркәсіп әлемнің жетекші уран өндіруші компанияларының көшін бастап келеді.
www.kazatomprom.kz
 
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ
Қоғаммен байланыс басқармасы
+7 /727/ 244 62 54
pr@kazatomprom.kz   

жаңалықтарға оралу