Владимир Школьник Қазатомөнеркәсіптің бір топ қызметкеріне «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» медалін тапсырды
15.12.201115 желтоқсан күні «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-да өткен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған салтанатты жиналыста компанияның Басқарма төрағасы Владимир Школьник холдингтің бір топ еңбек озаттарына мерейтойлық медальдар мен Құрмет грамоталарын табыс етті.
Қазатомөнеркәсіптің әкімшілік аппаратының 9 қызметкері «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды. Сондай-ақ компанияның тағы 4 қызметкері «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының Құрмет грамоталарына ие болды. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы құрметіне шығарылған мерейтойлық медальмен «Қазатомөнеркәсіп-Демеу» ЖШС бастығы Ербол Төлебаев пен «Әппақ» ЖШС Бас директоры Сейілхан Қабаев та марапатталды.
Еңбек ұжымын айтулы меркемен құттықтай келе В. Школьник «1991 жылғы 16 желтоқсан күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заңға қол қойғанын, сол арқылы тұтастық, қалыпты даму, бейбітшілік және келісім сияқты құндылықтар негізінде жаңа қазақстандық ділдің іргесін қалағанын еске салды.
- Қазатомөнеркәсіп еліміздің тәуелсіздігі тұсында өсіп, өркендеді. Бүгінде кәсіпорын әлемдік уран сұранысының дерліктей 30 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Дүние жүзілік уран индустриясында Қазатомөнеркәсіптің жетекші компанияға айналуында холдингтің әрбір қызметкерінің өзіндік үлесі бары анық, - деді Ұлттық атом компаниясының Басқарма төрағасы.
Қазатомөнеркәсіп басшысы сонымен қатар, өтіп бара жатқан жылдың қорытындысын да шығарды. Атап айтқанда, В.Школьник компанияға қарасты кәсіпорындар осы кезге дейін 19000 тоннадан астам табиғи уран өндіргенін, ал өткен 11 айда сатылымнан түскен шоғырландырылған табыс 2 млрд доллардан асқанын мәлімдеді.
2011 жылы уран өндірілетін кен орындарында бірқатар жаңа өндірістік нысандар пайдалануға берілді:
- «Байкен-U» ЖШС-не қарасты Солтүстік Хорасан кен орнының Хорасан-2 учаскесінде алғашқы іске қосу кешені;
- «Ақбастау» БК» АҚ-ның Буденовское кен орнындағы №3 учаскеде жылдық қуаты 1000 тонналық кеніш құрылысы нысанының бірінші кезегі;
- «Семизбай-U» ЖШС-нің жылына 200 тонна уран өндіру қуатына ие Семізбай кенішінің екінші кезегі;
- «Қаратау» ЖШС-нің өнімді ерітіндіні қайта өңдейтін «Буденовское-2» өндірістік цехы жылына 3000 тоннаға дейін уран өңдейтіндей етіп ұлғайтылды.
2011 жылғы желтоқсанда Қазатомөнеркәсіп Қызылорда облысының Жаңақорған ауданы аумағында күкірт қышқылы зауытының құрылысын аяқтап, іске-қосу-жөндеу жұмыстарын бастады.
Үстіміздегі жылы өнеркәсіптің жаңа саласы – Қазақстанда отандық металлургиялық кремний негізіндегі фотовольтаикалық модульдер өндірісі қолға алынды. Астанада күн панельдерін шығаратын зауыт іргетасы астына капсула салу рәсімі еліміз Тәуелсіздігінің мерейтойы қарсаңында болып өтті.
2011 жылы тағы бір инновациялық жобаға старт берілді. Қазақстанда сирек және сирек-жер металдар өндірісі үшін шикізат базасы мен жоғары технологияларды жасау және дамыту жөніндегі 2011-2013 жылдарға арналған бағдарлама аясында Степногорск қаласында сирек және сирек-жер металдар концентраттарының тәжірибелік-өнеркәсіптік өндірісін жасайтын зауыт құрылысы басталды. Жаңа зауыт 2012 жылы іске қосылатын болады.
Қазатомөнеркәсіп өз қызметінің құрамдас бөлшегі саналатын әлеуметтік салаға да баса назар аударып келеді. 2011 жылы компанияның әлеуметтік жобасы Қазақстандағы ең үздік жоба деп танылды. Желтоқсан айында компания абыройлы «Парыз-2011» сыйлығына ие болды.
Қазатомөнеркәсіптің қолдауымен Мәскеу физика-техникалық институтында (МФТИ) атом саласының болашақ мамандарын даярлау ісі қолға алынды. Ресейлік беделді жоғары оқу орнына қабылдау емтихандары Алматыдағы республикалық физика-математика мектебінде жүргізіліп, сынақтан сәтті өткен 17 мектеп түлегі қазір Мәскеуде Қазатомөнеркәсіптің шәкіртақысына оқып, білім алуда. МФТИ оқытушыларының айтуынша, қазақстандық студенттер үздік үлгерімдерімен, оқуға ынталарымен көзге түсуде.
