Владимир Школьник жыл сайынғы «Ядролық дилеммалар: осы шақ және болашақ» IV Халықаралық конференцияға қатынасты

31.08.2011

Астана қ.

30 тамыз күні Гаагада (Нидерланды Корольдігі) жыл сайын шақырылатын «Ядролық дилеммалар: осы шақ және болашақ» атты IV Халықаралық конференция болып өтті.

Қазақстан және Нидерланды Корольдігінің бастамасымен ұйымдастырылған жиында атом саласының жетекші әлемдік сарапшылары ядролық энергетиканы дамытудың болашағына қатысты мәселелерді талқылады. Конференцияда «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның Басқарма төрағасы Владимир Школьник «Уранды есептеу және бақылау жүйесін дамыту жөніндегі бастамалар» деген тақырыпта баяндама жасады.

Ядролық материалдарды таратпау мақсаттарына қол жеткізудің маңыздылығы ескеріле отырылып, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясында табиғи уранды есептеу, бақылау және қорғаудың ішкі фирмалық жүйесі құрылған және ол қалыпты жұмыс істеп келеді.

Ядролық материалдарды есептеу және бақылаудың бірыңғай жүйесі Қазақстан аумағындағы: «Үлбі металлургия зауыты» АҚ-да және «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС-дегі ядролық материалдарға рұқсатсыз қол сұғудың алдын алуға бағытталған. Аталмыш жүйе қорғанысты жеткілікті мөлшерде қамтамасыз ете алады және ол ұдайы жетілдіріліп тұрылады.

«ҮМЗ» АҚ-да жасалған және қалыпты жұмыс істеп тұрған ядролық материалдарды есептеудің компьютерлік жүйесі МАГАТЭ және ядролық материалдарды есептеу мен бақылаудың мемлекеттік жүйесі талаптарына толық жауап бере алады. Жыл сайын мұнда МАГАТЭ инспекторлары қатысуымен ядролық материалдарды анықтау және түгендеп тізімдеу шаралары жүргізіледі.

Қауіпсіздіктің айрықша іс-шаралары «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде де қарастырылған. Маңғыстау облысы аумағында 1973 жылдан бері жұмыс істеп келген БН-350 реакторлық қондырғысын пайдалану Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен 1999 жылғы сәуірде тоқтатылды. Қазіргі кезде БН-350 реакторлық қондырғысы «Ақтау қаласындағы БН-350 реакторын қолданыстан шығару бойынша бірінші кезектегі іс-шаралар жоспарына» сәйкес ұзақ мерзімді қауіпсіз сақтау жағдайына көшірілген. Пайдаланылған ядролық отын салынған барлық көлік-буып түю жиынтықтары 2010 жылғы қарашада МАГАТЭ инспекторлары қатысуымен Ұлттық ядролық орталыққа ұзақ мерзімді сақтауға жөнелтілді.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-на қарасты барлық уран өндіретін және оны қайта өңдейтін кәсіпорындар қазіргі заманғы талаптарға сай жабдықталған физикалық күзет жүйесімен жарақтандырылған. Бұл өндірілген сәттен бастап сатылғанға дейінгі табиғи уранмен мәміле жасаудың барлық сатысындағы айналымды бақылауда ұстауға мүмкіндік береді.

Қазақстан 2009 жылдан бастап уран өндіру бойынша әлемде көшбасшы болып отыр. Тікелей террористік мақсатқа қолдану үшін табиғи уран аса тартымды емес, алайда ол одан әрі байыту және ядролық қару жасау үшін бастапқы материал болып табылады.

Владимир Школьник өз баяндамасында бүгінде табиғи уран есебін жүргізудің, уранға қатысты инженерлік-техникалық іс-шаралардың және оны физикалық қорғаудың көпшілік мақұлдаған үлгісі әлі әлемдік тәжірибеде жоқ екенін атап көрсетті.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ ядролық материалдардың таралмауына жауапкершілік пен мемлекеттік және халықаралық ұйымдар үшін оны ашық ету қажеттігін терең түсіне отырып, 2008 жылдан бастап МАГАТЭ-мен бірге уран өндіретін және оны қайта өңдейтін кәсіпорындардағы табиғи уранды есептеу және бақылаудың жүйесін жетілдіру бойынша жобаға қатысып келеді.

Владимир Школьник өз баяндамасында уран өндіретін және оны өңдейтін кәсіпорындардағы ядролық материалдың есебі мен бақылауына ғана емес, сонымен қатар дайын өнімді тасымалдауды бақылау формасын жасау да маңызды екеніне жиналғандар назарын аударды.

«Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы «Ұлттық ғарыштық зерттеулер және технологиялар орталығы» АҚ-мен бірге уран өнімі тиелген көлік құралдарының орын ауыстыруына қашықтықтан мониторинг жасау жұмыстарын бастап жіберді.

Жобаны жүзеге асыру үшін «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның екі уран өндіруші кәсіпорны тәжірибе ретінде таңдап алынып, оларда табиғи уранды есептеу және бақылаудың жүйесін жетілдіру бойынша кешенді іс-шаралар (техникалық және ұйымдастырушылық) сыннан өткізіледі. 2010 жылы АҚШ Энергетика министрлігінің INSEP (International Nuclear Safeguard Engagement Program) бағдарламасы жобаны іске асыруға көмектесу мақсатында оған қатысу ниетін білдірді.
Қазіргі кезде алға қойылған осы міндетті орындау мақсатында кәсіпорындар үшін қажет болған жаңа қондырғылардың тиісті техникалық сипаттамалары анықталып жатыр.
 
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар және екіұдай мақсаттағы материалдар экспортымен айналысатын ұлттық оператор. Компания қызметінің басты бағыттары геологиялық барлау, уран өндірісі, ядролық отын циклы өнімдерін өндіру, реактор жасау, АЭС құрылысы, конструкциялық материалдар өндірісі, энергетика, ғылыми зерттеу, әлеуметтік қамту және мамандар дайындау болып табылады. Бүгінгі таңда компанияда 23 000-ден астам адам еңбек етеді. Қазатомөнеркәсіп әлемнің жетекші уран өндіруші компанияларының көшін бастап келеді.
www.kazatomprom.kz

жаңалықтарға оралу