Үлбі металлургия зауыты 60 жылдығын атап өтеді

29.10.2009
Өскемен қ.

2009 жылғы 29 қазан күні «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы құрамындағы «Үлбі металлургия зауыты» акционерлік қоғамы өзінің
60 жылдық мерейтойын мерекелейді.
Мерейтой құрметіндегі мерекелік шараларға «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ президенті Владимир Школьник, Қазатомөнеркәсіптің еншілес және біріккен кәсіпорындарының басшылары, ғалымдар, алыс және жақын шетелдердегі әріптестер, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Өскемен қаласының әкімі Ислам Әбішев және жұртшылық өкілдері қатысады.
 
ҚАЗІРГІ СИРЕК МЕТАЛДАР
 
Тантал өндірісі. Үлбі металлургия зауытының Тантал өндірісі - осы металдан өнім шығаратын ТМД аумағындағы жалғыз және әлемдегі ең ірі төрт зауыттың бірі. Аталмыш өндіріс орны құрамында тантал және ниобий бар кез келген шикізатты қайта өңдей алатын қазіргі заманғы жабдықтармен жабдықталған.
Әлемдегі танталдың үштен екісі сыйымдылығы жоғары ұнтақ және сым түрінде шығарылып, миниатюралық тантал конденсаторларын жасауға қолданылады. Оларсыз қазіргі заманғы ұялы телефондарды, аудио-бейне-фототехниканы, ноутбуктерді жасау мүмкін емес. Миниатюралық тантал конденсаторлары автомобиль өнеркәсібі, әскери-өнеркәсіптік кешені үшін де қажет. Сонымен қатар, ыстыққа төзімділік, иілгіштік, коррозияға шынайы беріктігі сияқты бірегей қасиеттері арқасында тантал металлургияда, металл өңдеуде, химиялық машина жасауда, аспап жасауда (рентген аппаратурасы), аэроғарыштық техникада (жоғары температуралы құрылымдық материал ретінде), медицинада (адам организмі үшін нағыз бейім материал ретінде қалпына келтіру хирургиясында және протездеуде), ядролық энергетикада (ядролық-энергетикалық жүйе үшін жылу алмастырғыш ретінде) кеңінен қолданылады.
2004 жылы Тантал өндірісінде жаңа буындағы сыйымдылығы жоғары тантал конденсаторлы ұнтақтарын шығаратын тәжірибелік-өнеркәсіптік желі ашылды. Жаңа технология жұмыспен өтелген соң 2008 жылғы желтоқсанда осындай жоғары технологиялық өнім алатын өнеркәсіптік учаске жұмыс бастады. Оның іске қосылуымен бірге Қазақстан ҮМЗ арқылы сыйымдылығы жоғары ұнтақтар шығару мүмкіндіктеріне ие әлемдегі төртінші елге айналып, конденсатор жасау саласында алғашқы отандық жобаны жүзеге асырды және Қазақстанның электронды өнеркәсібін қалыптастыруға старт берілді.
Өндірісте қазіргі заманғы сапалы конденсаторларда өзекті қызмет атқаратын тантал сымын алудың технологиялық тізбегі жасалды. Қажетті жабдықтар сатып алынып, өндіріске бейімделді, жоғары сапалы өнімді қажетті көлемде шығаруға қабілетті қызметкерлер дайындалды. Сонымен қатар, танталдан металдық ниобий өндіру үшін бірнеше технологиялық учаскелерге қайта құрылымдар жасалып, жаңадан жабдықталды.
2009 жылы үлкен диаметрдегі құймаларды ерітетін пештер қайта жаңартылып, қуаты 800 киловаттық тағы бір электронды пеш кешенді сынақтан өткізілді; тантал мен ниобийді кесетін қондырғы орнатылып, жоғары тазалықтағы танталдан жасалған шаңдататын нысаналар өндірісі жолға қойылды.
Қазіргі кезде Үлбідегі тантал өнімдерін тұтынушылардың тұрақты қатары қалыптасты. ҮМЗ әріптестерінің қатарында АҚШ, Ресей, Франция, Германия және Жапонияның әйгілі фирмалары бар.
 
Бериллий өндірісі. ҮМЗ-дегі бұл өндіріс концентраттан бастап дайын өнім шығаруға дейінгі толық циклға ие бірегей өндіріс орны болып табылады. Дүние жүзінде небары екі-ақ осындай кәсіпорын бар, біріншісі - Brush Wellman Inc.,Upland, California, USA. Үлбі металлургия зауытында қолданылатын технологиялық сызба мен жабдықтар құрамында бериллий бар шикізаттың алуан түрлерін қолдануға, бериллий және оның қоспалары негізінде мол өнім түрлерін шығаруға мүмкіндік береді.
Зауыт мыс-бериллий, алюмин-бериллий, никель-бериллий қоспаларын, бериллийлі металл, бериллийлі металл ұнтақтарын, конструкциялық мақсаттағы бериллий, бериллий оксиды негізіндегі керамикалық бұйымдар, бериллий оксиды ұнтағы, бериллийлі қоладан жасалған түрлі профил мен көлемдегі құймаларды халықаралық рынокқа шығарып отыр.
Бериллий өндірісіндегі жұмыс істеп тұрған технология ерекше қасиеттерге ие бірқатар өнімдер алуға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, осы металл негізінде әзірленген жиынтықтаушылар әлемнің дамыған елдері қатысуымен жасалып жатқан ИТЭР халықаралық зерттеу термоядролық реакторында қолданылады.
Бүгінде ҮМЗ-ның Америка мен Еуропадағы тұрақты әріптестері арасында берік байланыс орнаған. Бериллийді Жапония мен Қытай рыногына шығару бойынша да белсенді жұмыстар жүргізілуде. 2004 жылы Қытайдың еркін экономикалық аймағында зауыттың еншілес кәсіпорны Uiba-China құрылды. Ресеймен біргелікте құрылған «БериллиУМ» біріккен кәсіпорны да жемісті жұмыс істеуде. 2008 жылдың наурызында Yingtan Ulba Shine Metal Materials Co., Ltd біріккен кәсіпорны аясында бериллийлі қоланы прокаттайтын зауыт құрылысына алғашқы инвестиция салынды. Аталмыш жоба Қытайдың мыс қоспалары рыногындағы көшбасшы Yingtan Ulba Shine Metal Materials Co., Ltd компаниясымен бірге жүзеге асырылуда. Бастапқы өндірістік қуаттар қолданысқа тапсырылып та үлгерді.
 
УРАН БӨЛІСІ
Үлбі металлургия зауытының Уран өндірісі барлық типтегі реакторларға арналған жылу бөлгіш құрамалар өндіруге маманданған. Уран диоксиды ұнтағы өткен ғасырдың 90-жылдарының соңында АҚШ-та сертификатталған болатын. Содан бастап ҮМЗ-ның Уран өндірісі Америка рыногына жол ашты, кейін уран диоксиды ұнтағының тәжірибелік партиялары Корея, Жапония сияқты тағы бірқатар елдерге жеткізілді.
Америкалық GNF компаниясының құрамында ураны бар материалдарды қайта өңдеуге кірісуі халықаралық уран рыногына қызмет ұсыну жөніндегі бағдарламаны жүзеге асырудағы маңызды қадам болды. Арнайы осы мақсат үшін ашылуы қиын шикізатты қайта өңдейтін учаске ашылды. Бұл ҮМЗ-ның қызмет көрсету рыногында өз ұсыныстарын кеңейту, жаңа тапсырыс берушілерді табу мүмкіндіктерін арттыра түседі.
Өткен ғасырдың 90-жылдары ҮМЗ тұтынушыларға жаңа буындағы уран жанармайын – эрбий оксиды мен гадолиннен жасалған жанып кетуші сіңіргіші бар отынды ұсынған болатын. Ол пайдалануда барынша қауіпсіз және тиімді. Қазақстан өте бай саналатын табиғи уранның тотығы-шала тотығын өнеркәсіптік ауқымда игеру 1999 жылы қолға алынды. Кәсіпорынның 60 жылдығы қарсаңында, яғни 2009 жылдың шілдесінде Уран өндірісінде табиғи уранның химиялық концентратын қайта өңдеу бойынша жаңа учаске пайдалануға тапсырылды.
2008 жылғы маусым айында Қазатомөнеркәсіп ҮМЗ базасында уран гексафторидын шығаратын біріккен кәсіпорын құру туралы канадалық Cameco компаниясымен келісім жасады. Мұнымен бір мезгілде француздың AREVA корпорациясымен бірге Үлбі металлургия зауытында француздық дизайндағы ядролық реакторларға арналған жылу бөлгіш құрамалар өндірісін ұйымдастыру туралы келісімге де қол қойылды.
Бүгінде AREVA компаниясында таблеткаларды сертификаттау үдерісі жүріп жатыр, сонымен бірге оларды Қытайлық тұтынушылар үшін де сертификаттау қатар жүргізілуде. Бұл жұмыстар аяқталған соң әуелі ҚХР атом стансалалары үшін, сонан соң түрлі типтегі реакторларды қолданатын басқа елдер үшін отын таблеткаларын шығару басталады.
 
ТИІМДІЛІК ПЕН САПА БАСЫМДЫЛЫҒЫ
 
1998 жылы Үлбі металлургия зауыты Қазақстанда бірінші болып германиялық TÜV-CERT ұйымынан сапа менеджменті жүйесінің ISO-9002 халықаралық стандартының талаптарына сәйкестігі туралы сертификатты алса, 2003 жылы республикада және ТМД-ның ядролық саладағы кәсіпорындары арасында алғашқы болып экологиялық сертификацияланған аудит тексерулеріне төтеп берді. 2009 жылы зауыттың сапа менеджменті мен қоршаған орта жүйесі қазіргі заманғы ISO-9001 және ISO-14001 нұсқаларына сәйкестігі ресертификацияланған аудиттен сәтті өтті.
Өндірісті дамытуда, технологияны жетілдіруде, жаңа өнім түрлерін игеруде зауыт ғылымы маңызды рөль ойнайды. Орталық ғылыми-зерттеу зертханасының мамандары кәсіпорынның жетістіктеріне, өнім өткізу рыногын ұлғайтуға және үлбілік өнімдерді тұтынушылар қатарын кеңейтуге қомақты үлестерін қосып келеді.
Зауытта тек өндірістік жетістіктер, ұжымның ынтымағы мен бірлігі ғана емес, кәсіпорынның еңбек ұжымы мен бүкіл қала халқы алдындағы жоғары әлеуметтік жауапкершілігін нығайтатын корпоративті мәдениетке де көп көңіл бөлінген.
Белсенді әлеуметтік саясат ҮМЗ-ның өзіндік визитті карточкасы іспеттес. Зейнеткерлерге қамқорлық, олардың демалыс жағдайына ұдайы көңіл бөлу, зауыт еңбекшілері мен отбасы мүшелерінің денсаулығын нығайту – кәсіпорын әкімшілігі қызметіндегі маңызды бағыттардың бірі болып қала береді.
Елбасы бекіткен және үкімет тарапынан басшылыққа алынған Қазақстанның атом саласын дамытудың жоспарында жоғары технологиялық уран, бериллий және тантал өнімдерін өндіру жүктелген Үлбі металлургия зауытына айрықша орын бөлінгендігі кәсіпорынның беделін, үлбіліктердің кәсіби біліктілігін мойындаудың жарқын бір дәлелі.
 
ҚЫСҚАША ӨМІРБАЯН
 
Кәсіпорында бериллий және тантал өндірісі дерліктей бір мезгілде дами бастаған. Зауыттың осы екі негізгі бөлімшесінің іргесін қалаған технологиялық учаскелер 1951 жылы іске қосылды.
1959 жылы Тантал өндірісінде осы металдан ұнтақтар әзірлеу технологиясы игеріліп, 1962 жылдан металл құймаларын жасай бастады. 1969 жылы бұл өндіріс орны зауыттағы өткізгіштік қабілеті жоғары материалдар алудың бірегей технологиясын жасаудың орталығына айналды. Қазіргі заманғы тантал өндірісін жасағаны үшін үлбіліктер КСРО Мемлекеттік сыйлығымен марапатталды. Тағы бір осындай марапат өткізгіштігі жоғары материалдар алу технологиясын жасап шыққаны үшін берілді.
Бериллий өндірісінің есебінде де жетістіктер аз емес. 1956 жылы зауытта жоғары тазалықтағы бериллий оксиды алынды. 60-жылдары одан авиация мен зымыран жасауда қолданылатын, керамика деп аталатын электронды аспаптардың компоненттерін әзірлеу технологиясы игерілді.
60-жылдардың ортасына таман ҮМЗ-де металл бериллий және одан жасалған бұйымдарды өнеркәсіптік шығару жолға қойылды. Олар қорғаныс мақсатында, сондай-ақ ядролық энергетикада қолданылды. Өскеменнің бериллийі энергетикалық атом реакторларында нейтрондардың шағылдырғышы қызметін атқарады және аэроғарыштық техникада пайдаланылады. КСРО Мемлекеттік сыйлығы үлбіліктерге бериллийлі металл алу технологиясын жасап шыққаны, радиоэлектроника қажеттілігі үшін жаңа керамикалық материал жасағаны үшін, ал КСРО Министрлер Кеңесінің сыйлығы авиағарыштық техника үшін бериллий негізіндегі қоспалар әзірлемесі үшін берілді.
Атом сүңгуір қайықтарының реакторлары үшін жоғары байытылған ураннан жылу бөлгіш элементтер өндіретін цех жұмыс істей бастаған 1967 жыл Уран өндірісі құрылған кез деп қабылданған. 1973 жылы керамикалық ядролық отын – төмен байытылған уран диоксидының ұнтағы алынып, бұл зауытты дамытудағы жаңа бір кезеңді бастап берді. 1978 жылы одан атом электр стансаларына арналған отын таблеткалары да жасала бастады. Сөйтіп, 80-жылдардың соңына таман Үлбі металлургия зауыты әлемдегі ірі өндірісшілердің біріне айналды. Сол тұста кәсіпорын Кеңестер Одағындағы АЭС реакторлары үшін шығарылатын бүкіл отынның 80 пайыздайын өндіретін.
 
«Үлбі металлургия зауыты» АҚ – атом электр стансалары үшін уран диоксидынан отын таблеткаларын және құрамында бериллий, тантал мен ниобий бар өнімдерді шығарушы ретінде танылған әлемдік көшбасшылардың бірі. Кәсіпорын «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының құрамына енеді.
www.ulba.kz
 
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар және екіұдай мақсаттағы материалдар экспортымен айналысатын ұлттық оператор. Компания қызметінің басты бағыттары геологиялық барлау, уран өндірісі, ядролық отын циклы өнімдерін өндіру, реактор жасау, АЭС құрылысы, конструкциялық материалдар өндірісі, энергетика, ғылыми зерттеу, әлеуметтік қамту және мамандар дайындау болып табылады. Бүгінгі таңда компанияда 25 мыңнан астам адам еңбек етеді. Қазатомөнеркәсіп әлемнің жетекші уран өндіруші компанияларының алғашқы үштігіне кіреді.
www.kazatomprom.kz
 
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ
Қоғаммен байланыс басқармасы
+7 /727/ 244 62 54
pr@kazatomprom.kz   

жаңалықтарға оралу