ҮМЗ металлургтері төл мерекелерін атап өтуде
15.07.2011Үлбі металлургия зауытының («ҮМЗ» АҚ – «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның еншілес кәсіпорны) ұжымы кәсіби мерекелерін еңбектегі жаңа жетістіктермен күтіп алды.
«ҮМЗ» АҚ құрамындағы үш ірі кәсіпорын – уран, тантал және бериллий зауыттары атом, аэроғарыш, электротехника және аспап жасау өнеркәсіптері үшін материалдар шығаруға мамандандырылған.
Бүгінде уран өндірісі қытай рыногы үшін батыстық дизайндағы отын таблеткаларының алғашқы өнеркәсіптік партиясын әзірлеуге дайын тұр. Жаңа өнімді жасау қашанда да жауапты міндет, үлбіліктер бірінші контрактың бұлжытпай орындалуы қытайлық серіктестермен ұзақ мерзімді келісім жасауға қол жеткізумен қатар, шетелдік басқа да тұтынушылармен ынтымақтастыққа қосымша мүмкіндіктер ашатынына сенімді. Атап айтқанда, мұндай таблеткалармен атом электр стансаларына арналған жылу бөлгіш құрамаларды жабдықтау жоспарлануда. ҮМЗ-де оларды шығаратын технологиялық қуаттарды жасау жобасы француздың AREVA компаниясы қатысуымен құрылған бірлескен кәсіпорын аясында жүзеге асырылады.
Жылдан жылға Бериллий өндірісінің де ынтымақтастық аясы ұлғайып келеді. Таяуда жапонның NGK компаниясымен зауыт үшін өзара тиімді де маңызды байланыстар орнатылды. Аталмыш фирмамен ұзақ мерзімді келісімдер жасау үшін жақсы алғышарттар жеткілікті. Үлбіліктердің қатысуымен Қытайда құрылған бериллий қорытпаларынан прокаттар әзірлейтін бірлескен кәсіпорынның да аяқалысы қуантады. Осылайша әлемде ULBA тауар маркасымен бериллий өнімдерін тұтынушылар қатары артып отыр.
Қызметінің жаңа бағыттарын серпінді дамытып келе жатқан Тантал өндірісінде шетелдік конденсатор жасаушыларға жеткізілетін тантал сымдарын өнеркәсіптік ауқымда өндіру жолға қойылған. Бұл өнімге жапондық тұтынушылардың да қызығушылығы үлкен. Сондай-ақ, түбегейлі сертификаттаудан өткізу үшін сыйымдылығы жоғары конденсатор ұнтақтары мен сымдарының тәжірибелік-өнеркәсіптік партиясы Чехияға жіберілді. Тиісті сынақтар аяқталысымен бұл елге де өнім жеткізу мүмкіндіктері ашылмақ.
Үстіміздегі жылдың қазан айында Алматыда ТIC – Халықаралық тантал мен ниобий зерттеу орталығының 52-ші Бас ассамблеясын өткізу жоспарланған. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында мұндай шараның елімізде ұйымдастырылуы Қазақстанның бұл саладағы жетістіктерін және ҮМЗ тантал өндірісінің табыстарын әлемдік іскерлік ұйымдардың мойындағының бір көрінісі.
Металлургтер күні құрметіне орай Үлбі металлургия зауытында еңбекте жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүрген, кәсіпорын ұжымының қоғамдық өміріне белсене қатысатын өндіріс озаттарына айрықша ілтипат білдіріліп, мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Ерен еңбегі үшін жиырма шақты адам Құрмет грамоталарымен марапатталып, жүзден астам металлургке Алғыс хаттар табыс етілді.
Кәсіпорын еңбекшілерін арнайы құттықтаған «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма төрағасы Владимир Школьник: «Үлбі металлургия зауыты әлемдік уран, бериллий және тантал рыногында Қазақстанды лайықты түрде танытумен бірге еліміздің индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын орындауға айтарлықтай үлесін қосып, оның халықаралық аренадағы имиджін нығайтуға қызмет етіп келеді. ҮМЗ алға қойған ауқымды жоспарларын өмірге сәтті енгізіп, болашаққа нық сеніммен қарайды. Ұжымның кәсіби іскерлігі, еңбек сүйгіштігі және өз ісіне шын берілгендігі арқасында жаңа өндіріс орындары ашылып, бұрын шығарылмаған жаңа өнімдер жасауға қол жеткізілді, жаңа серіктестер қатары артты. Тұрақты даму – қашанда табыс пен өміршеңдіктің кепілі», - деп атап көрсетті.
«Үлбі металлургия зауыты» АҚ – атом электр стансалары үшін уран диоксидынан отын таблеткаларын және құрамында бериллий, тантал мен ниобий бар өнімдерді шығарушы ретінде танылған әлемдік көшбасшылардың бірі. Кәсіпорын «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының құрамына енеді.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар және екіұдай мақсаттағы материалдар экспортымен айналысатын ұлттық оператор. Компания қызметінің басты бағыттары геологиялық барлау, уран өндірісі, ядролық отын циклы өнімдерін өндіру, реактор жасау, АЭС құрылысы, конструкциялық материалдар өндірісі, энергетика, ғылыми зерттеу, әлеуметтік қамту және мамандар дайындау болып табылады. Бүгінгі таңда компанияда 23000-нан астам адам еңбек етеді. Қазатомөнеркәсіп әлемнің жетекші уран өндіруші компанияларының көшін бастап келеді.
