Үндістан мен Қазақстанның ядролық энергетика саласындағы әріптестігі туралы
24.01.2009Дели
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Үндістанға ресми сапары шеңберінде Үндістанның Nuclear Power Corporation of India Limited (NPCIL) ядролық-энергетикалық корпорациясы мен «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Дели каласында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды. NPCIL Басқарма төрағасы және Басқарушы директоры Шреянс Кумар Джайн мен «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Президенті Мұхтар Жәкішев аталған құжатқа қол қойып, оны ресми түрде бекітті.
Меморандум екі компанияның жан-жақты ауқымды мәселелер төңірегінде бірлесіп ынтымақтасу ықыласын растайды, соның ішінде табиғи уран өндіру және жеткізіп тұру, отандық уран өнімін отын таблеткалары және Үндістан атом энергетикасына арналған отын құрамалары түрінде жеткізу, қызметкерлерді оқытып, біліктілігін арттыру сияқты екі жаққа да тиімді, өзекті мәселелер. Сондай-ақ, құжатта Казақстан аумағында үнділік дизайндағы (PHWR) реакторлар негізінде атом энергетикасы нысандарының техникалық-экономикалық негіздемесін жасау мүмкіндігі қозғалған.
Шреянс Кумар Джайн атап өткендей, «Меморандум екі елдің ұзақ мерзімді әріптестік бойынша маңызды пікірталас жүргізу ықыласының жемісі болып табылады».
М.Жәкішев, өз тарапынан, «қол қойылған құжат дер кезінде, екіжақты тиімді етіп жасалды және ол қос елдің іскерлік және саяси байланыстар өрісін айтарлықтай кеңейтуді көздеген ниеттерін көрсетеді», - деп атап өтті.
Үндістанның ядролық-энергетикалық корпорациясы Үндістан үкіметінің Атом энергетикасы департаментінің әкімшілік басқармасына бағынышты мемлекеттік кәсіпорын болып табылады. Компания 1987 жылдың қыркүйек айында құрылып, тіркелген және оның мақсаты атом электрстансаларын басқару және Үндістанның үкіметтік бағдарламаларына сәйкес электр энергиясын өндіру үшін атом энергетикалық жобаларды іске енгізу.
Қазатомөнеркәсіп – Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар және екіұдай мақсаттағы материалдар экспортымен айналысатын ұлттық оператор. Компания қызметінің басты бағыттары геологиялық барлау, уран өндірісі, ядролық отын циклы өнімдерін өндіру, реактор жасау, АЭС құрылысы, сирек металдар металлургиясы және конструкциялық материалдар өндірісі, энергетика, ғылыми зерттеу, әлеуметтік қамту және мамандар дайындау болып табылады. Бүгінгі таңда компанияда 25 мыңнан астам адам еңбек етеді. Қазатомөнеркәсіп әлемнің жетекші уран өндіруші компанияларының алғашқы үштігіне кіреді.
