Жаңа күкірт қышқылы зауыты құрылысының аяқталуы туралы
09.12.2011Қызылорда облысы
Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында «2010-2014 жылдарға арналған Қазақстанның үдемелі индустриалды-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасына енген жаңа күкірт қышқылы зауыты құрылысының аяқталуына орай салтанатты рәсім болып өтті.
Жаңа өндіріс орнын «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Бектасұлы Рыспанов пен Қызылорда облысының әкімі Болат Қуандықов іске қосты. Аталмыш салтанат Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен индустриалды жобалардың таныстырылымына арнап ұйымдастырылған тікелей эфирдегі телекөпірде көрсетілді.
Жобаны «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы өзінің еншілес кәсіпорны «Тау-кен компаниясы» ЖШС, Жапонның «SAP-Japan Corporation» және Канаданың «Uranium One» компаниялары қатысуымен іске асырды.
Зауыттың негізгі операторы - «СКЗ-U» ЖШС.
Жаңа кәсіпорын Қазақстанның уран өнеркәсібін жер асты шаймалау әдісімен уран өндіру технологиясындағы ең басты реагент болып табылатын күкірт қышқылымен қамтамасыз ететін болады. Ол Хорасан-1, Хорасан-2 Солтүстік және Оңтүстік Қарамұрын кен оныдары негізіндегі жерасты ұңғымалы шаймалау кеніштерін күкірт қышқылымен қамтамасыз етеді.
Өндіріске қажетті шикізат – кесек күкірт елімізде жеткілікті мөлшерде.
Зауыт жылына 500 мың тонна күкірт қышқылын шығаратын өндірістік қуатқа ие. Жобаның жалпы құны 216 млн АҚШ долларын құрайды.
Жаңа кәсіпорында күкірт қышқылы қазіргі заманғы ең озық және тиімді саналатын технология негізінде өндіріледі: шикізаттың мақсатты өнімге айналуы 99,9 %-ға тең. Сонымен қатар бұл технология экологиялық тұрғыдан таза, қоршаған ортаға қауіпсіз.
Өндірістік үдерістердің толығымен автоматтандырылғаны өндірісті ғана емес, сондай-ақ шығарылатын өнімнің экологиялық залалсыздығын да толық бақылауда ұстауға мүмкіндік береді.
Зауытта өнім өндірудің энергия үнемдеуші әдістері қолданылған. Соның нәтижесінде технологиялық үдеріс кәсіпорынды өз электр энергиясымен қамтамасыз етіп ғана қоймастан, өзінен артылдырып, жергілікті аудандық электр желілеріне де ток жеткізіп беретін болады. Болжам бойынша зауыт 18 Мвт электр энергиясын өндірмек.
Күкірт қышқылы зауытының өнімдері негізінен еліміздің уран өндіруші кәсіпорындарына арнап шығарылады, басты тұтынушылар да солар.
Күкірт қышқылын өндіретін өз зауытының іске қосылуы Қазатомөнеркәсіптің осы реагентті жеткізіп беретін шетелдік серіктестерге тәуелділігін азайтып, холдингке қарасты кәсіпорындар шығаратын өнімдегі қазақстандық үлесті арттырады.
Жаңадан жұмыс бастап отырған зауыт Қызылорда облысында 300-ден астам жаңа жұмыс орындарын ашады.
Қоғаммен байланыс бөлімі
