Әлеуметтік жауапкершілік
Әлеуметтік сала, уран өндіруші аймақтарды дамыту Қазатомөнеркәсіптің басым бағыттарының бірі болып табылады. Сол мақсатта 2004 жылы мамандандырылған «Қазатомөнеркәсіп-Демеу» әлеуметтік компаниясы құрылды.Басты міндеттері – әлеуметтік инфрақұрылымды қалпына келтіру және өркендету, мамандар дайындау, денсаулық сақтау, шағын және орта бизнесті, мәдениет пен спортты дамыту және қолдау көрсету, сондай-ақ көркейту және көгалдандыру.
Қазатомөнеркәсіптің шетелдік әріптестермен, атап айтқанда, Франция, Жапония, Ресей және басқа да елдердің компаниялары қатысуымен құрған Жарғылық қор аталмыш әлеуметтік компанияның басты қаржы көзі болып табылады. Жарғылық қорға бөлінетін қаржы жер қойнауынан пайдалану келісім-шартында көрсетілген міндетті әлеуметтік төлемдер басқа ерікті жарналар.
Өзінің төрт жылдық қысқа тарихында «Қазатомөнеркәсіп-Демеу» Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарының 11 елді мекенінде жалпы сомасы 9,9 млрд. теңгеден асатын жобаларды жүзеге асырды: үлкен автомобиль көпірі, 500 шақырымдық автомобиль жолы салынып, 40 шақырымдық темір жол төселді; елді мекендердің жолдары қалпына келтірілді; бірнеше дәрігерлік-санитарлық бөлімдер мен фельдшерлік-акушерлік пункттер салынып, заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталды; арнайы дизайн-жобалар жасау жолымен жалпы саны бес балабақша жаңадан салынып, кейбірі қайта жаңартылды. Нақтырақ айтқанда, балдырғандар үшін бассейндер, қазіргі заманғы ойын бөлмелері қарастырылып, олардың әрқайсысы жас ерекшеліктеріне сай жиһаздармен жабдықталды. Мұндай балабақшалар Оңтүстік Қазақстан мен Қызылорда облыстарында бұрын-соңды болмаған. Сол сияқты, жаңадан құрылғаны және қайта жаңартылғаны бар жалпы білім беретін 6 орта мектепте компьютерлік және лингафондық кабинеттер, тіпті автомобиль сыныптары мен еңбек кабинеттері жұмыс істеп тұр. Қазатомөнеркәсіп шағын және орта бизнестегі ондаған кәсіпорындардың ашылуына септігін тигізіп, олар ауыл адамдары үшін қосымша жұмыс орындарын ашып қана қоймай, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту жолында қызмет етуде; мұғалімдер мен дәрігерлердің біліктілігін арттыру бойынша да ауқымды бағдарлама басшылыққа алынған; балалар мен жасөспірімдердің бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру ісіне де ерекше көңіл бөлінген. Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарының кенттерінде салынған үш мәдени-спорт орталықта тұрғындарға тегін қызмет көрсететін бай кітапханасы, тренажер және спорт залдары, ойын бөлмелері қарастырылған. Аталмыш орталықтардағы 53 үйірме мен спорт секцияларына 1300 балдырған тұрақты түрде қатысады. Сондай-ақ кенттердегі боулинг-орталықтар, кинотеатрлар мен дискотекаларда қазіргі заманғы озық аудио-бейне аппараттары орнатылған.
Жүзеге асырылған жобалар – Қазатомөнеркәсіптің компанияны дамыту стратегиясының ажырамас бөлшегі саналатын бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі ұстанымдарына адалдығының айқын дәлелі. Ұлттық атом компаниясы отандық экономиканың ту ұстаушысы ретінде азаматтардың өмір сапасын жақсарту бағытында өз алдына қойған міндеттемелерді алдағы уақытта да абыроймен атқаруға әзір. Атом саласының өркендеуімен бірге адамзат әлеуетіне салынған қаржы да еліміздің игілігіне қызмет ете бермек.
