2003 - 2006 жж.

Қазатомөнеркәсіпті дамытудың жаңа көкжиектері

Қазатомөнеркәсіп Қазақстанда уран өндіру көлемін ұлғайтудың стратегиялық бағдарламасын жасауды қолға алды.
 
2003 жылы Ақдала кенішінде алғаш рет U-түріндегі сорбция-десорбциялық контур қолданылды. Бұл технологияны енгізудің абзалдықтары: U-түріндегі тізбектің бір жұмыс көлемінен кәдімгі типтегі тізбектегіден әлденеше рет көп өнім шығарады; регенеразияланған шайырдағы уран қалдығын төмендетеді; қажетті құрал-жабдықтар санын азайтады - әдеттегі 8-10 тізбектің орнына U-түріндегі 1-2 тізбек жеткілікті, бұл тиісінше шығындарды кемітеді.
  
Сол жылы табиғи уран жеткізіп беру бойынша Қытаймен ұзақ мерзімді келісім жасалды.
  
2003 жылы Компания бериллий өнімі бойынша әлемде жалпы өнімнің 29% бақылайтын екінші орынға, тантал өндірісінде төртінші орынға табан тіреді.
  
2003 жылы республика Үкіметі Маңғыстау облысының барлық тұтынушыларын энергиямен қамтитын жалғыз қуат көзі саналатын көп салалы ірі энергетикалық кәсіпорын - Маңғыстау атом энергетикалық комбинатын дағдарыстан шығаруды Қазатомөнеркәсіпке тапсырды. Дағдарысқа қарсы бағдарламалар енгізілгеннен бері комбинат толыққанды және тұрақты жұмыс істеп келеді.
   
2004 жылғы қыркүйекте Лондонда өткен Бүкіл дүние жүзілік ядролық қауымдастықтың симпозиумында Қазатомөнеркәсіп жаңа кең ауқымды «2010 жылға қарай – 15 мың тонна уран» бағдарламасын таныстырды.
  
2004 жылы «КАТКО» БК-ның Оңтүстік Мойынқұм учаскесінде тәжірибелік-өндірістік уран кеніші іске қосылды. Таукент таукен-химия кәсіпорны жанынан тауарлы десорбаттан тікелей уран экстракциялайтын технологияға ие аффинаждау зауыты қолданысқа енгізілді.
  
2004 жылы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ құрылымын қайта құрудың бірінші кезеңі өтті. Уран өндіру бойынша барлық өндірістік қызмет жаңадан құрылған «Таукен компаниясы» ЖШС-не, ал әлеуметтік саладағы қызметтерді жүзеге асыру «Қазатомөнеркәсіп-Демеу» ЖШС-не берілді.
  
2004 жылы Қытайдың еркін экономикалық аймағында бериллий өнімдерін өткізу үшін “Ulba-China” еншілес кәсіпорны құрылды.
  
2004 жылы Степногор таукен-химия комбинаты Қазатомөнеркәсіптің сенімді басқаруына берілді. Сол кезде комбинаттағы өндіріс жұмыс істемейтін. 2005 жылы СТХК өндірістік қызметі тұрақталды. Өз шикізаты есебінен уран тотығы-шала тотығын шығару жоспары орындалып, 503 тонна уран өндірілді.
  
2005 жылы 11 еуропалық банктен 3 жылдық мерзімге 150 млн. АҚШ доллары көлемінде несие алынды. Сондай-ақ 10 жылдық мерзімге жапонның Mizuho банкінен 60 млн. АҚШ доллары несиеленді.
  
2005 жылы барынша жоғары сапалы дайын өнім алу үшін уран тотығы-шала тотығын алудың пероксидты технологиясы жасалды.
   
2005 жылы компания кеніштерді басқарудың жаңа тұжырымдамасын енгізді. Қазатомөнеркәсіп құрылымын қайта құрудың екінші кезеңін өткізуге шешім қабылданды. Өндіруші кәсіпорындар сапынан қосалқы және қызмет көрсетуші саланың қызметкерлері шығарылып, кеніштерге техникалық қызмет көрсететін сервис-орталықтар құрылып, оларға негізгі салалық мамандар шоғырландырылды. Бұл шаралар пайдалану үдерісі сапасын жақсартып, еңбек өнімділігін бес есеге арттырды.
   
Қарқынды уран өндіру бағдарламасын жүзеге асыру бағдарламасы шеңберінде Қазатомөнеркәсіп әрекеттегі инфрақұрылымды кеңейтуге бағытталған жұмыстарды белсенді жүргізеді.
   
2005 жылға қарай 300 шақырымнан астам автожол қалпына келтірілді, 400 шақырымнан астам жол жаңадан төселіп, пайлануға тапсырылды. Шу-Сарысу және Сырдария шет аймақтарында жаңадан 260 шақырымдық жоғары кернеулі электр тармақтары тартылды.
   
Кеніштерді негізгі реагенттермен қамтамасыз ету үшін 2006 жылы, онжылдық тоқтап тұрудан кейін Степногорда күкірт қышқылы зауыты іске қосылды.
  
Уран өндірісі көлемін ұлғайту бағдарламасы аясында 2006 жылы қуаты 1000 тонналық «Шығыс Мыңқұдық» кеніші жұмыс бастады. «КАТКО» БК-ның «Оңтүстік Мойынқұм» жерасты шаймалау кеніші өнеркәсіптік өндіріске көшті.
   
2006 жылы Fitch Ratings бірінші рет Қазатомөнеркәсіпке шетелдік валютадағы «ВВ+» ұзақ мерзімді рейтингін және шетелдік валютадағы «В» қысқа мерзімді рейтингін берді. Сол жылы Қазатомөнеркәсіп Moody's Investors Service-тің шетелдік валютадағы Baa3 эмитенті рейтингіне ие болды. Рейтинг болжамы «Тұрақты».
  
2006 жылы Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық жаңа деңгейге өтті. «Заречное» уран өндіруші кәсіпорны өнеркәсіптік өндірісті бастады. Атом энергиясын бейбіт мақсатта қолдану саласындағы Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының кешенді бағдарлмасы бекітіліп, соның шеңберінде уран өндіретін «Ақбастау» БК, «Уран байыту жөніндегі орталық» БК және «Атом стансалары» БК құрылды.
   
2006 жылы жапон компанияларымен ядролық-отын циклының түрлі салаларындағы ынтымақтастық кеңейе түсті. Жапон рыногына бірінші рет уран жеткізілді. «Аппақ» қазақстан-жапон уран өндіруші кәсіпорны құрылды.
  
Сол сияқты қытайлық компаниялармен ынтымақтастық тереңдетілді. Ядролық энергетиканың түрлі тармақтарында біріге жұмыс істеу жөніндегі бірқатар келісімдер жасалды.
  
2006 жылы қытайлық серіктестермен уағдаластыққа қол жетіп, Қытайда бериллийлі қоладан прокат шығаратын біріккен кәсіпорын ашу туралы келісімге қол қойылды.
  
2006 жылы Степногор таукен-химия комбинаты аумағында Молибден байыту фабрикасы салынды. Кәсіпорынның жобалық қуаты - жылына 500 мың тонна молибден кенін шығару.
  
2006 жылы ITER жобасы бойынша термоядролық реактор үшін құрылмалы материалдар шығару технологиясына қатысты кең түрдегі ғылыми зерттеулер басталды. Реактор 120 миллион градустағы плазманы өзінде ұстап тұруға тиіс. Реактор құрылымын жоғары температураның ықпалынан қорғайтын материал ретінде бериллий таңдалды. ҮМЗ-да ыстық нығыздау айрықша технологиясы бойынша термоядролық реактордың басты элементі – жоғары температурадағы плазмаға айналған сыртқы үш қабатты бланкет жасалды.