2010 жыл
Қазатомөнеркәсіп уран өндіру көлемін арттырып, өз қызметін аралас жоғары технологиялық бағыттарда түрлендіруде
Қазақстанда сирек және сирек-жер металдар негізінде ең жоғары дайындықтағы өнімдер шығаратын жаңадан ғылымды көп қажетсінетін жоғары технологиялық өндіріс орындарын ашу мақсатында 2010 жылдың наурызында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ мен жапонның Sumitomo Corporation компаниясы «SARECO» БК» ЖШС (Қазатомөнеркәсіп -51%, Sumitomo Corporation - 49%) бірлескен кәсіпорнын құрды.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ мен жапонның Тошиба корпорациясы сирек және сирек-жер металдар өнімдері мен материалдарын әзірлеу, өндіру, шығару және өткізу үшін, сондай-ақ зерттеулер жүргізу үшін бірлескен кәсіпорын құру жөніндегі келісімге қол жеткізді.
2010 жылдың мамыр айында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ бес жылдық мерзімге купондық ставкасы 6,25% болатын, құны 500 млн. АҚШ долларына тең еурооблигациялардың дебюттық шығарылымын жүзеге асырды. Еурооблигациялар RegS/144А ережелері мен қазақстандық заңнамаларға сәйкестендіріліп шығарылды. Облигациялар Қазақстан Республикасында ұйымдастырылған құнды қағаздар рыногымен қатар бір мезгілде шет мемлекеттерде де орналастырылды. Еурооблигацияларды орналастырудан түскен қаржыны жалпы корпоративті мақсаттарға жұмсау көзделген. Жобаны JPMorgan, BNP Paribas және «Халық Финанс» АҚ ұйымдастырды.
«ҮМЗ» АҚ-ның 100% еншілес кәсіпорны саналатын «Машзавод» ЖШС-нің өндірістік алаңқайларында қуаты 10 кВт және одан да жоғары жел энергетикалық стансаларын шығаратын, сондай-ақ жаңғырмалы қуат көздері негізінде автономды нысандардың кешенді энергия жүйесін жасайтын «Экоэнергомаш» ЖШС (Қазатомөнеркәсіптің 100% қатысуымен) құрылды. Жоба республиканың шалғай елді мекендерін жаңғырмалы қуат көздерінен алынатын электр энергиясымен қамтамасыз ету мүмкіндіктерін қарастырады.
Жел және күн энергиясы негізіндегі екі автономды энергетикалық кешен шілде айында Ақмола облысында іске қосылды. Жел стансалары «Астананың жасыл белдеуі» деп аталатын «Орман қорғаны» нысанын жарықпен жабдықтауға қызмет етеді.
«Машзавод» ЖШС жанынан жылу сорап қондырғыларын жасайтын «Легмаш» ЖШС құрылып, дайын өнімдер шығара бастады.
Шілде айында NFI компаниясы жапондық АЭС-терге арналып Үлбі металлургия зауытында әзірленген уран диоксиды ұнтағын сертификаттауды аяқтады. Бұл ҮМЗ-ға жапон рыногына ядролық отын компоненттерін жеткізіп беру жобасын нақты жүзеге асыруға кірісуге мүмкіндік әперді.
«ҮМЗ» АҚ 2010 жылы China National Nuclear Company (CNNC) құрамындағы China Jianzhong Nuclear Fuel (CJNF) компаниясында уран отын таблеткалары өндірісін сертификаттауды сәтті аяқтап шяқты. Осылайша Қытайға уран отын таблеткаларын жеткізіп беру бойынша ірі жобаға старт берілді. Бұл отын таблеткаларын Қытайдағы АЭС-тердің иесі болып табылатын Guangdong Nuclear Power Corporation (CGNPC) компаниясы дайын отын әзірлеуге пайдаланатын болады.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қазан айында Францияға жасаған ресми сапары аясында AREVA Бас атқарушы директоры Анн Ловержон мен «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма төрағасы Владимир Школьник отын құрамаларын шығаратын бірлескен кәсіпорын құру туралы Келісімге қол қойды.
27 қазан күні «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ мен Француз Республикасының атом энергиясы және балама қуат көздері жөніндегі Комиссариаты (CEIS) арасындағы күн энергетикасы (фотовольтаика) саласындағы бірлескен зерттеулер жүргізу туралы Меморандумға қол қойылды. Қазатомөнеркәсіп электронды өнеркәсіп, электротехниканың жоғары технологиялық өнімдері, химия және фармацевтика өнеркәсібінің жабдықтары, сондай-ақ заманауи технологиялар бойынша күн және жартылай өткізгіш кремнийлерін алу үшін табиғи жоғары тазалықтағы кварц концентратын өндіру жобасын жүзеге асыруға кірісті.
Қазатомөнеркәсіп Қазақстандағы ұлттық компаниялар арасынан бірінші болып тауар-шикізат биржасының механизмі арқылы өз кәсіпорындарының мұқтажы үшін тауарлы-материалды құндылықтарды сатып алудың электронды әдісін қолданды.
2010 жылы Қазақстанда 17 803 тонна көлемінде уран өндірілді, бұл 2009 жылғы деңгеймен салыстырғанда дерліктей 30%-ға көп. 2009-2010 жылдары еліміздегі уран өндірісі екі есеге ұлғайды.
