Байыту
Уран-235 радиоактивті изотобының шоғырын табиғи уранда кездесетін 0,7 пайыздан ядролық отын өндірісі мақсатында қолдану үшін 3,5-4,5 пайызға немесе әскери мақсатта қолдану үшін 90 пайызға арттыру – уранды байыту деп аталады. Уранды байыту технологиясы таралуы шектелген технологиялар қатарына жатады.
2006 жылғы 12 қазанда уран байытатын Қазақстан-Ресей біріккен кәсіпорны «Уран байыту бойынша орталық» құрылды. Қатысушылардың үлесі 50 пайызға (Қазатомөнеркәсіп) 50 пайыз (Техжабдықэкспорт). Қазіргі кезде Ангарск қаласындағы (Ресей, Иркутск облысы) уран байытатын зауыт құрылысы техника-экономикалық негіздемені жасап шығу және келісу кезеңінде тұр. Алғашқы өнімді алу 2011 жылға межеленген. 5000000 ЕРР жобалық қуатқа шығу 2013 жылы жүзеге аспақ. Уран экономикалық тұрғыдан тартымды, қуатты үнемдеуші газдыцентрифугалық әдіс арқылы байытылатын болады.
2007 жылғы мамыр айында Ресей мен Қазақстан уран байыту бойынша халықаралық орталық (УБХО) құрды. Орталықты құрудағы негізгі мақсат - ядролық емес мемлекеттерге таратпау режимі тұрғысынан күрделі технологияларға ұлықсат берместен байытылған уран алуға мүмкіндік беру. Байытылған уран АЭС үшін ядролық отын дайындауға пайдаланылады. Уран байыту бойынша халықаралық орталық Ангарскідегі (Ресей, Иркутск облысы) ФГУП базасында Ангарск электролизді химиялық комбинатын ұйымдастыруды жоспарлаған. Бұл орталықтың құрылуына МАГАТЭ мамандары қолдау білдірді. Бүгінгі таңда уран байыту бойынша халықаралық орталыққа Ресей (акциялардың 90%) мен Қазақстан (акциялардың 10%) ғана мүше. 2008 жылдың соңына қарай Армения қосылады деп күтілуде. Ресей тарапы оған тағы 10% акциясын ұсынбақ. Бұл жобаға сондай-ақ Бельгия, Оңтүстік Корея және Канада сияқты елдер де қызығушылық танытып отыр.
Осынау кәсіпорындардың құрылуы Қазақстан Республикасының Премьер-министрі мен Росатом басшыларының 2006 жылғы 25 шілдеде өткен жұмыс барысындағы кеңесі кезінде «Техжабдықэкспорт» ААҚ, «Атомқұрылысэкспорт» ЖАҚ және «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ қол қойған меморандумда ескерілген болатын. Сондай-ақ бұл Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы президенттерінің Атом энергиясын бейбіт мақсатта қолдану саласындағы ынтымақтастық туралы 2006 жылғы 25 қаңтардағы біріккен мәлімдесінде көрсетілген Ресей мен Қазақстанның ядролық-өнеркәсіптік кешені кәсіпорындарын интеграциялау бойынша бірінші кезектегі міндеттерді жүзеге асырудағы алғашқы нақты қадамдар болып табылады.
