Қазатомөнеркәсіп-Демеу

2004 жылы құрылған «Қазатомөнеркәсіп-Демеу» ЖШС «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның еншілес кәсіпорны және әлеуметтік нысандарды басқаратын, әлеуметтік жобаларын жүзеге асыратын операторы болып табылады. Әлеуметтік компанияның басты қаржы көзі - Қазатомөнеркәсіп пен оның шетелдік серіктестері құрған жарғылық қор. «Демеу» сөзі «көмек», «қолдау» деген мәнге ие. Компанияның ұраны: «Өмірді жақсарту!».

Қазатомөнеркәсіп-Демеу Қазақстан азаматтарының өмір сапасы мен әл-ауқатын арттыруды өз алдына мақсат еткен. Жергілікті тұрғындарға әлеуметтік сипаттағы қызметтерді көрсету және Қазатомөнеркәсіпке қарасты кәсіпорындардың қызметкерлеріне лайықты тұрмыстық жағдай жасау арқылы уран өндірістері орналасқан аймақтардағы әлеуметтік саланы дамыту сол міндеттер қатарына жатады.

Компания құрамында Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарының осы аттас елді мекендерінде орналасқан «Демеу-Таукент», «Демеу-Қыземшек» және «Демеу-Шиелі» филиалдары бар. «Қазатомөнеркәсіп-Демеу» ЖШС орталық басқару аппараты Алматыда.

Бүгінде Қазатомөнеркәсіп өзі қатысатын барлық аймақтарға арналған жеке-дара әлеуметтік жобаларды жасап, жүзеге асыруда. Қазатомөнеркәсіп-Демеу әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру бойынша өз қызметін Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ, Отырар және Бәйдібек аудандарында, Қызылорда облысының Жаңақорған және Шиелі аудандарында атқарып келеді. Осындағы кеніштер Қазақстанда өндірілетін уранның 90 пайызын қамтамасыз етеді. Әрбір ауданға арналған жеке әлеуметтік бағдарлама әзірленіп, ол толығымен компания тарапынан қаржыландырылады. Ал бағдарлама денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт және демалыс, көркейту және көгалдандыру, сондай-ақ шағын және орта бизнес сияқты басты бағыттарды қамтыған.

2006 жылы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ мен Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарының әкімдіктері арасындағы «Ынтымақтастық, әлеуметтік саланы қолдау және өркендету туралы меморандумдар» бекітілді. Аталмыш құжатта «Қазатомөнеркәсіп-Демеу» ЖШС әлеуметтік компаниясы уран өндіруші аймақтардағы (мұның ішінде Қазатомөнеркәсіптің өнеркәсіптік кәсіпорындары жоқ аудандар да бар) мектеп, балабақша, аурухана, клуб, тағы басқа да әлеуметтік нысандарды қаржыландырумен, жабдықтаумен, құрумен және күрделі жөндеуден өткізумен шұғылданатыны айтылған.

Әлеуметтік саланы қаржыландыру көлемі жылдан жылға ұлғайып келеді. Сөйтіп, уран саласының өркендеуі тек Қазақстан энергетикасының дамуына ғана емес, сонымен қатар республиканың шалғай аудандарының көркеюіне де оң ықпалын тигізуде.

«Қазатомөнеркәсіп-Демеу» ЖШС бас директоры - Чирчикбаев Бақыт Амангелдіұлы.

 
Байланыс үшін ақпарат:

Қазақстан Республикасы, 050040

Алматы қ., «Тенгиз Тауэрз» ғимараты,

Сәтпаев көшесі, 30 А,
1 корпус, 4-қабат
Тел:   +7 /727/ 320 10 60
e-mail: demeu@kazatomprom-demeu.kz