МАЭК-Қазатомөнеркәсіп

«МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС – басты міндеті Маңғыстау облысының елді мекендері мен кәсіпорындарын электр энергиясымен қамтамасыз ету, Атырау облысы үшін электр энергиясы қорын сақтау, Ақтау қаласын жылу энергиясымен, ауыз сумен, ыстық және техникалық сумен, сондай-ақ өнеркәсіп орындарын дистиллятпен қамтамасыз ету болып табылатын энергия мен су өндіруші біртұтас кешен.

Энергия комбинатының құрамында үш жылу-электр орталығы, БН-350 реакторлық зауыты (1999 жылдан бері қолданыстан шығырылған күйінде сақтаулы), дистиллят әзірлеу және өнеркәсіптік сумен жабдықтау зауыты, магистральды жыл құбыры және сумен жабдықтаудың орталық желісі бар су құбыры, қосалқы стансасына ие электр тармақтары, жөндеу зауыты, мұнай базасы, мазут сақтау орны және басқа инфрақұрылым нысандары бар.

Энергия комбинатының тарихы Батыс Қазақстанның пайдалы қазба және мұнай кен орындарын игеру тарихымен тығыз байланысты. 1960 жылы Маңғышлаққа алғашқы энергопойыз келді. 1962 жылы ЖЭО-1 алғашқы агрегаттары іске қосылды. Сол кезде тәжірибелі өнеркәсіптік булау қондырғысы алғашқы тұщы суды ұсынды. Дербес кәсіпорын ретінде Маңғыстау атом энергия комбинаты тек 1968 жылғы 1 шілдеде құрылды. 1969 жылғы желтоқсанда ЖЭО-2 бірінші агрегаттары іске қосылды. 1973 жылы ең алғашқы және күні бүгінге дейін жалғыз саналатын жылдам нейтрондағы БН-350 өнеркәсіптік атом реакторының энергетикалық жүйесі жұмыс бастады.
 
2003 жылғы 1 мамырдан осынау энергетикалық кешеннің иесі және операторы «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС болды. Ол «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының 100% еншілес кәсіпорны. Дағдарысқа қарсы менеджменттік бай тәжірибеге ие «Қазатомөнеркәсіп» маркетингтік, өндірістік, экономикалық және кадрлық саясатты қамтыған комбинат дамуының стратегиялық бағдарламасын жасауға кірісті. Соның арқасында кәсіпорын өндірістік-қаржылық қиын жағдайдан сәтті шығарылды. Қазір өндірістік және экономикалық көрсеткіштер айтарлықтай өскен, жаңадан жұмыс орындары ашылып, өндірістік жабдықтарды жөндеу мен жаңалау жүзеге асырылып жатыр, әлеуметтік мәселелер де оңтайлы шешімін табуда.

Бүгінгі таңда Маңғыстау өңірінің барлық өнеркәсіптік кешенін, әлеуметтік саласы мен тұрғындарын автономды энергиямен жабдықтап отырған «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС тәулігіне 500 МВт/с электр энергиясын, және 40 мың текшеметр тұщы су өндіреді. Комбинаттың қызметі өндіріс үшін қажетті лицензиялардың барлығымен қамтамасыз етілген. Ақтау-Ситидің бой көтеруіне және болжам жасалып отырған электр энергиясының тапшылығына байланысты «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС басшылығы қазіргі кезде қуаты 200 МВт-тық заманауи бу-газды энергия блогы құрылысын қолға алуды ойластыруда.

Комбинаттың тиісті қызметтері қоршаған ортадағы жағдайға кәсіпорынның тигізер ықпалына тұрақты мониторинг жасап отырады. Экологиялық мониторинг және ішкі аудитпен қатар МАЭК-Қазатомөнеркәсіп қоршаған ортаны қорғау саласындағы қазіргі талаптарды, нормалар мен ережелерді ескере отырып технологиялық үдерістерді, технологияларды, жабдықтар мен материалдарды енгізу жұмыстарын жоспарлы түрде жүргізіп келеді.

2008 жылғы маусымда энергия комбинаты өзінің 40 жылдығын атап өтті. Мерейтойға орай ДОУ-12 дистилляциялаушы тұщыту қондырғысы пайдалануға тапсырылады. Мұнда орнатылған жаңа технологиялық шешімдер энергия пайдалануды үш есеге кемітуге, жылу турбиналарының төмен қысымды буларын пайдалануды және ЖЭО бу қазандықтарын қоректендіруде қолданылатын өте таза дистиллят алуға мүмкіндік береді. Қазіргі заманғы технология бойынша жұмыс істейтін ДОУ-12 көлемі жөнінен бұған дейінгіден екі есе кіші, екі есе үнемді және үш есе аз шығынды. Қалған бес дистилляттаушы тұщыту қондырғыларын да біртіндеп жаңасына алмастыру жоспарланған. Сөйтіп, аймақ энергетиканы тұзсыздалған сумен сенімді қамтамасыз етуге, ауыз су алу үшін жеткілікті дистиллят қорына ие болады.

«МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС әлеуметтік жауапкершіліктің корпоративті ұстанымына арқа сүйейді. Өз қызметкерлеріне қамқорлық жасау мұнда бірінші кезекті міндет саналады.

МАЭК-те қазір 4000 шамалы жұмысшылар мен мамандар еңбек етеді. Комбинат жанында Есенов атындағы Ақтау университетінің филиалы жұмыс істеп тұр.

«МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС бас директоры Өтебаев Сәкен Нуриұлы.

Байланыс үшін ақпарат:

130 000, Маңғыстау облысы,
Ақтау қ., а/ж 248, өндіріс аймағы, 201-ғимарат

факс: +7 /729/ 231-43-64
қабылдау бөлмесі:+7 /729/ 2564-821

e-mail: maek@maek.kz
www.maek.kz