Отын таблеткалары
Ядролық отын циклындағы байытудан кейінгі кезең уран диоксидынан (UO2) отын таблеткаларын алу болып табылады.
Отын таблеткалары АЭС үшін ядролық отынның басты компоненттерінің бірі саналады. Ядролық реактор жұмысындағы оның орны сәулелену және ізінше өте үлкен мөлшердегі жылуды (235 атом салмағымен уран изотопының бөліну үдерісі барысында пайда болады) таблеткадан жылу тасығышқа, электр стансаның айналмалы турбинасына электр немесе жылу өндіру үшін беру болып табылады.
Ядролық энегетикалық қондырғының жұмыс істеу қабілеті мен оның экономикалық көрсеткіштері айтарлықтай мөлшерде отын таблеткаларының сапасына тәуелді. Отын таблеткаларының сапасы олардың ерекшелік талаптарына сәйкестігімен ғана емес, жаңғыртуымен немесе басқаша айтқанда, қажетті қасиеттерінің және сапалық параметрлерінің бір таблеткадан екіншісінде қайталануымен анықталады. «Бірыңғай» таблеткалар қаншалықты көп болса (геометриялық мөлшері жөнінен, химиялық құрамы жөнінен, механикалық қасиеттері жөнінен және реактордағы жұмыс кезінде өзгермелі темпаратуралық жүктемеге төзімділігі жөнінен), ядролық реактор жұмысы соншалықты қауіпсіз әрі үнемді болады.
Сондықтан отын таблеткаларын өндіруші зауыттың бір міндеті – өндіріс үдерісін тапсырыс берушінің ерекшеліктері талаптарын жаңғыртуды барынша қамтамасыз ететіндей етіп ұйымдастыра білу.
Отын таблеткаларын шығарудың технологиялық үдерісі қашанда күрделі, жақсы жолға қойылған технологияға ие жоғары технологиялық өндіріс. Мұндай өндіріс Өскемендегі Үлбі металлургия зауытында («ҮМЗ» АҚ) – «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның еншілес кәсіпорнында бар.
«ҮМЗ» АҚ уран өндірісі – АЭС үшін отын компоненттері өндірісі бойынша әлемдегі ірі зауыттардың бірі, бірегей технологияларға ие жоғары технологиялық ғылыми-өндірістік автоматтандырылған кешен. Дерліктей 40 жыл бойы зауыт ресейлік дизайндағы ВВЭР және РБМК үлгісіндегі реакторлары үшін отын таблеткаларымен қамтамасыз етіп келеді.
Атом энергетикалық реакторлары үшін әлемдік ядролық отын рыногында жетекші шепті иелеу болып табылатын «Қазатомөнеркәсіптің» стратегиялық міндеттерін жүзеге асыруда компанияның уран өндірісі саласының басты мақсаттарының бірі – уран диоксиды ұнтақтарымен және PWR, BWR, CANDU реакторлары және Ресейден сырт жердегі ресейлік дизайндағы реакторларға арнап отын әзірлеу үшін отын таблеткаларымен әлемдік рынокқа шығу болып отыр.
«Қазатомөнеркәсіп» америкалық General Electric компаниясына уран диоксиды ұнтағын сертификатталған жеткізіп беруші саналады. Уран диоксиды ұнтағы BWR үлгідегі реакторлар үшін отын әзірлеуде де қолданылады.
Алға қойылған міндетті орындау үшін Қазатомөнеркәсіп жапондық, кореялық, қытайлық, АҚШ-тық, франциялық және канадалық әріптестерімен бірге білікті сынақтар өткізу және отын компоненттерін сертификаттау жұмыстарын белсенді түрде жүргізуде. Жұмыс бағдарламалары әйгілі реакторлар жасаушы, АЭС үшін отын дайындаушы және жеткізіп беруші әлемдік аты бар атом компаниялары - AREVA NP, Westinghouse EC, СGNPC, CNNC, Nuclear Fuel Industries, Kansai Electric Power Co., Sumitomo Corporation, сондай-ақ ҚР АЭИ ҰЯО, РФ ФГУП «ГНЦ РФ НИИАР», Реактор Халден халықаралық жобасымен ынтымақтастықта жүзеге асырылып келеді.
2007 жылы «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы қытайлық АЭС үшін ядролық отын жасау саласындағы ынтымақтастық жөнінде CGNPС корпорациясы – Гуандун ядролық-энергетикалық корпорациясымен келісімге қол жеткізді. Келісімге сәйкес Қазатомөнеркәсіп CGNPС корпорациясымен бірге атом энергетикасы және ядролық отын дайындау бойынша кең әрі терең ынтымақтастықты халықаралық ауқымда жүргізіп, CGNPС АЭС үшін ядролық отын жеткізіп берушілердің біріне айналады. Қазақстан мен Қытай үкіметтері атом саласындағы Қазатомөнеркәсіп пен CGNPС арасындағы ынтымақтастықты кеңейту бағыттарын қолдайды. CGNPС Гуандун корпорациясы ҚХР-дағы негізінен АЭС құрылысы мен одан пайдалануға мамандандырылған мемлекеттік активтерді басқару және бақылау жөніндегі мемлекеттік комитеттің бақылауындағы таза энергетикалы ірі мемлекеттік кәсіпорын болып табылады. CGNPС Қытайда салынатын барлық АЭС-тердің 50 пайызын өз қоластына жинақтап, елдің атом энергетикасының тең жартысын дерлік бақылауға алуды жоспарлаған.
Сонымен қатар уран-гадолин отыны, уран-нитридті, уран-бериллий отыны сияқты түрлі реакторлық базалардағы жаңа да перспективалық отын түрлерін жасау және білікті сынақтан өткізу мен лицензиялау бойынша жұмыстар да атқарылуда. Жаңа отын тұтынушылардың отын циклын оңтайландыру және АЭС техникалық-экономикалық көрсеткіштерін арттыру бойынша өскелең талаптарына толық жауап беруге тиіс.
Қазатомөнеркәсіптің стратегиялық бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде Үлбі металлургия зауыты отын таблеткаларын және барлық үлгідегі реакторларға арнап өз ядролық отынын өндіретін кәсіпорынға айналатын болады.
