ЖШ Кеніші
Бүгінгі таңда «Қазатомөнеркәсіп» кеніштері – өндіріс саласындағы хай-тек технология болып табылады. Компания уран өндірісін ең озық өндіріс технологиясы - жерасты ұңғымалы шаймалау әдісімен жүргізеді. Ол технологиялық операциялардың қарапайымдылығымен ерекшеленеді, сондай-ақ экологиялық және радиоактивті қауіпсіздік тұрғысынан ең сенімді әдіс болып табылады.
«Қазатомөнеркәсіп» - өнеркәсіптік өндірісте қуаттылығы жылына мың тонналық кенішті жерасты шаймалау (ЖШ кеніші) әдісі негізінде іске қосқан әлемдегі ең бірінші компания. Қазір компания өндірістік қуаттылығы 3 мың тонналық ЖШ кенішінің құрылысын жүргізуде. Технологиялық жетістіктер «Қазатомөнеркәсіпке» уран шығарушы өндірістерді рекордты қысқа мерзім – бір жарым жыл ішінде іске қосуға мүмкіндік береді. Ал әлемдік тәжірибеге көз жүгіртсек, уранды жерасты ұңғымалы шаймалау әдісімен өндіретін кеніштер құрылысы орташа есеппен үш жыл барысында салынып бітеді. Бұл бәсекесіз артықшылық инвестицияның жылдам ақталуын қамтамасыз етеді.
Кеніштердің техникалық жабдықталуы қауіпсіздік пен сапаның барлық талаптарына сай оңтайландырылған. Өндірісте орталықтандырылған басқару жүйесі пайдаланылады, ол пайдалану шығындарын қысқартып қана қоймай, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, кеніш жұмысындағы үдерістер үздіксіз бақылаумен жүргізіледі.
«Қазатомөнеркәсіп» кеніштердегі уран шоғырлануы өзгерістерінің бірегей математикалық нұсқасын әзірлеп шығарды. Ол әр кен орнын барынша тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Компания уран кенішінің стандартты жобасын, сондай-ақ оны басқару бағдарламасын енгізді. Уран өндірісіндегі барлық үдерістер автоматтандырылған. Оның бәрін 1-2 оператор басқарып отырады. Жұмыстың автоматты түрде жүргізілуіне ден қойылғандықтан, кеніштердегі қызметкерлер саны барынша қысқартылып отыр. Оған мысал келтірсек: КСРО кезінде 1000 тонна уран өндіру үшін 20 мыңға жуық адам еңбекке тартылса, «Қазатомөнеркәсіп» бұл көрсеткішті 200 адамға дейін кемітті
«Қазатомөнеркәсіптің» ЖШ кеніштерінің техникалық жабдықталуы капиталдың жылдам қайтарылуын қамтамасыз етеді. Тәжірибе жүзінде кеніш 2-3 жыл барысында өзін-өзі толық ақтайды. Бұл өз алдына, инвестиция қайтарылымының орташа мерзімі 10 жылды құрайтын өндіріс өнеркәсібіндегі сөзсіз рекорд болып табылады.
Фотосуреттерді қарау
