| (AIX)    KZT 19240   %   -1.33 USD 38.46   %   -0.05

Қазатомөнеркәсіп 2025-2034 жылдарға арналған жаңартылған даму стратегиясы бекітілгенін хабарлайды

15 қаңтар
Қазатомөнеркәсіп 2025-2034 жылдарға арналған жаңартылған даму стратегиясы бекітілгенін хабарлайды

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ (бұдан әрі – «Қазатомөнеркәсіп» немесе «Компания») Компанияның 2025-2034 жылдарға арналған жаңартылған даму стратегиясын директорлар кеңесі бекіткені туралы хабарлайды. Бекітілген стратегия 2018 жылдан бері қолданылып келе жатқан стратегияның логикалық жалғасы болып, Компанияның барлық мүдделі тараптар үшін ұзақ мерзімді нарықтық құндылықты құруға деген ұмтылысын білдіреді. Стратегияны жаңартудың қажеттілігі 2018-2028 жылдарға белгіленген негізгі стратегиялық мақсаттарға мерзімінен бұрын қол жеткізуге, сондай-ақ ядролық саладағы түбегейлі өзгерістерге негізделген. Жаңартылған стратегия Компанияның алдағы 10 жылдағы миссиясын, пайымын және стратегиялық мақсаттарын анықтайды. Ол жаңа ядролық қайта өрлеу қарсаңында Компанияның позициясын тұрақты түрде нығайтуға және әлеуетті мүмкіндіктерді пайдалануға бағытталған.

«Жаңартылған стратегия өзгермелі индустрия жағдайында тұрақты дамуға, ағымдағы процестерді оңтайландыруға және ядролық отын циклінің басқа кезеңдеріне стратегиялық қатысу мүмкіндіктерін зерттеуге бағытталған. Мұндай тәсіл бізге өскелең сұраныс жағдайында ресурстық базаны едәуір толықтыруға, ұзақ мерзімді перспективада табыс көздерін әртараптандыруға, геосаяси тәуекелдерді төмендетуге және тұрақты әрі қалыпты өсуді қамтамасыз ете отырып, әлемдік нарықтағы позицияны нығайтуға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Қазатомөнеркәсіптің директорлар кеңесінің төрағасы Арман Арғынғазин.

Қазатомөнеркәсіптің 2018-2028 жылдарға арналған Даму стратегиясы енгізілген сәттен бастап:

  • бастапқы әлемдік өндірістен 48 мың тоннадан астам уранды алып тастады, бұл уран нарығын сауықтыруға және сұраныс пен ұсыныс арасындағы тепе-теңдікке қол жеткізуге ықпал етті;
  • трейдерлерге сатуды шектеу және жеке сауда компаниясын құру арқылы уранды сату тәсілін өзгертті. 2018 жылдан бастап Қазатомөнеркәсіптің клиенттер базасында Бразилия (2018), Швеция (2018), Испания (2019), Аргентина (2020), Румыния (2021) және БАӘ (2024) сияқты 6 жаңа ел пайда болды. Сонымен қатар, Қазатомөнеркәсіп Америка елдеріне сату үлесін 2018 жылғы 16% - дан 2023 жылы 26%-ға дейін ұлғайтып, өңірлік әртараптандыруды нығайтты. Компанияның сату портфолиосы өзіне ұқсас компаниялармен салыстырғанда уранның споттық бағасымен ең жақсы үйлесімді көрсетеді. Компания көлік бағыттарын сәтті әртараптандырды, Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы Батыс конвертерлеріне жеткізілім үлесі 2023 жылы 64% - ға дейін өсті;
  • корпоративтік басқару тәсілдері мен қағидаттарын айтарлықтай жақсартты. Компания үнемі HSE, корпоративтік басқару, сәйкестік, ақпаратты ашу және ашықтық мәселелерінде үздік әлемдік тәжірибелерді ұстануға ұмтылады. Инвестициялық қоғамдастықтың және басқа стейкхолдерлердің сенім деңгейі айтарлықтай өсті. Компания CSA (Corporate Sustainability Assessment) бағасын S&P Global Ratings-тен 48/100 деңгейінде алды, бұл саладағы орташа көрсеткіштерден жоғары.

Қазатомөнеркәсіпті дамытудың 2025-2034 жылдарға арналған жаңартылған стратегиясы ядролық отын нарығындағы өзгерістерді көрсете отырып және уран өнімдеріне де, сирек және сирек кездесетін жер металдарына да өскелең сұранысты ескере отырып, Value over Volume қағидатына бейілділігін сақтайды. Компанияның негізгі миссиясы мен пайымы – тұрақты даму арқылы жаһандық таза энергияға көшуге жәрдемдесу, сондай-ақ атом саласындағы әлемдік көшбасшылық орнын нығайту.

«Атом энергетикасының өсіп келе жатқан маңызы жасыл энергетика саласындағы жаһандық саясаттың ажырамас бөлігіне айналды, бұл уран нарығының бүгінгі күні бұрынғыдан да күшті іргелі көрсеткіштерін айтарлықтай нығайтуға ықпал етеді. Уранның жетекші әлемдік өндірушісі және жеткізушісі ретінде Қазатомөнеркәсіп экологиялық таза энергияға көшу жөніндегі жаһандық күш-жігерді іске асыруда маңызды рөл атқарады. Біздің акционерлер үшін ұзақ мерзімді құндылық жасау стратегиясына деген міндеттемеміз өзгеріссіз қалады. Жаңартылған стратегиялық мақсаттарды табысты іске асыру компанияға уранның, ядролық отын циклінің, сирек және сирек жер металдарының әлемдік нарығындағы өз орнын нығайтуға ғана емес, сонымен қатар барлық мүдделі тараптар үшін ұзақ мерзімді құндылық құруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді»,деді Компанияның Басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов.

Компанияның директорлар кеңесі 2025-2034 жылдарға арналған мынадай стратегиялық мақсаттарды айқындады:

  • негізгі қызмет түріне назар аудару және ресурстық базаны ұлғайтуға және тиімді пайдалануға күш-жігерді шоғырландыру;
  • экономикалық орындылықпен расталған өскелең перспективаларды ескере отырып, ядролық отын цикліне қатысуын кеңейту;
  • сыни минералдарға сұраныс жағдайында сирек және сирек жер металдарының бағытын дамыту және кеңейту;
  • сатуды әртараптандыруды және сауда функциясын күшейтуді жалғастыру;
  • бизнестің тұтастығын қамтамасыз ету және қолдау үшін озық бизнес және ESG тәжірибелерін жетілдіру.

Бұл стратегиялық мақсаттар өзара байланысты және бір-бірін толықтырады, алдағы 10 жылда компанияның кешенді дамуы үшін берік негіз жасайды.

Қазатомөнеркәсіп инвесторлар, клиенттер және серіктестер тарапынан бедел мен сенімді нығайта отырып, тұрақты құндылық құру бағытын ұстануды жалғастырып келеді. Бұл ретте Компания өзі жұмыс істейтін өңірлердің экономикалық және әлеуметтік дамуына, сондай-ақ елдің әл-ауқатын жақсартуға елеулі үлес қосады.

2025-2034 жылдарға арналған даму стратегиясын жаңартудың және инвестициялық қоғамдастықпен тұрақты диалогты қолдаудың маңыздылығын ескере отырып, Компания алдағы 10 жылға арналған стратегиялық міндеттерді таныстыру және талқылау үшін инвесторлармен және талдаушылармен бірқатар кездесулер өткізуді жоспарлап отыр. Тиісті ақпарат қосымша беріледі.

Толығырақ ақпаратты www.kazatomprom.kz ресми интернет-ресурсындағы жаңартылған «Даму стратегиясы» бөлімінен алуға болады.

Инвесторлармен өзара іс-қимыл бойынша

Ботагөз Молдағалиева, IR департаментінің директоры

Тел: +7 7172 45 81 80 / 69

Email: ir@kazatomprom.kz

Қоғаммен байланыс және БАҚ сауалдары бойынша

Алтынай Кәрібжанова, PR департаментінің бас сарапшысы

Тел: +7 7172 45 80 63

Email: pr@kazatomprom.kz

Қазатомөнеркәсіп туралы

Қазатомөнеркәсіп – 2023 жылы әлемдік бастапқы уран өндірудің жиынтық көлемінен шамамен 20%-ы мөлшерінде компанияның қатысу үлесіне барабар табиғи уран өндіретін әлемдегі ең ірі уран өндіруші. Топтың саладағы ең ірі резервтік уран базасы бар. Қазатомөнеркәсіп еншілес, тәуелді және бірлескен ұйымдармен бірге 14 уран өндіруші кәсіпорынға біріктірілген 27 кен орнын/учаскені игеруде. Барлық уран өндіруші кәсіпорындар Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан және уран өндіру кезінде денсаулық сақтауды, өнеркәсіптік қауіпсіздікті және қоршаған ортаны қорғауды бақылаудың озық практикалары мен құралдарына (ISO 45001 және ISO 14001 сертификатталған) ерекше назар аудара отырып, жерасты ұңғымалық шаймалау технологиясын қолданады.

Қазатомөнеркәсіптің бағалы қағаздары Лондон қор биржасы мен Astana International Exchange биржасында орналастырылған. Қазатомөнеркәсіп – Қазақстан Республикасының Ұлттық атом компаниясы, топтың негізгі клиенттері - атом өндіруші қуаттардың операторлары, ал өнімдерге арналған негізгі экспорттық нарықтар – Қытай, Оңтүстік және Шығыс Азия, Солтүстік Америка және Еуропа. Топ уран мен уран өнімдерін жеткізуді ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді келісімшарттар бойынша, бірлескен еншілес кәсіпорындардың екінші акционерлеріне қарай, споттық нарықта тікелей Қазақстанның Астана қаласында орналасқан корпоративтік орталығынан, сондай-ақ Швейцариядағы еншілес сауда компаниясы Тrading House KazakAtom (THK) арқылы жүзеге асырады.

Толық ақпарат біздің www.kazatomprom.kz интернет-ресурсымызда

Болашаққа қатысты мәлімдемелер

Аталмыш мәлімдемеге немесе құжатқа енгізілген тарихи фактілерден басқа барлық мәлімдемелер болашаққа қатысты мәлімдемелер болып табылады. Болашаққа қатысты мәлімдемелер Компанияның қаржылық жағдайына, қызмет нәтижелеріне, жоспарларына, мақсаттарына, болашақ нәтижелері мен қызметіне қатысты ағымдағы күтулері мен болжамдарын көрсетеді. Мұндай мәлімдемелерге «мақсат», «санаймыз», «күтілуде», «ниеттенеміз», «мүмкін», «болжаймыз», «бағалаймыз», «жоспар», «жоба», «болады», «болуы мүмкін», «ықтимал», «қажет», «болуы мүмкін» және ұқсас мағынадағы басқа сөздер мен терминдер немесе олардың жағымсыз формалары сияқты сөздер пайдаланылатын мәлімдемелер кіруі мүмкін, бірақ олармен шектелмейді.

Болашаққа қатысты мұндай мәлімдемелерге белгілі және белгісіз тәуекелдер, белгісіздіктер және Компанияға тәуелді емес басқа да маңызды факторлар кіреді, бұл Компанияның нақты нәтижелері, көрсеткіштері немесе жетістіктері болашаққа қатысты осындай мәлімдемелермен көрсетілген немесе болжанған күтілетін нәтижелерден, көрсеткіштерден немесе жетістіктерден айтарлықтай ерекшеленуі мүмкін болады. Болашаққа қатысты мұндай мәлімдемелер Компанияның қазіргі және болашақ бизнес-стратегиясына және оның болашақта жұмыс істейтін жағдайларына қатысты көптеген болжамдарға негізделген.

ОСЫ ҚҰЖАТТА ҚАМТЫЛҒАН БОЛЖАМДАРҒА ҚАТЫСТЫ АҚПАРАТ, БОЛАШАҚТАҒЫ ОРЫН АЛАТЫН ОҚИҒАЛАР ЖАЙЫНДАҒЫ БІРҚАТАР БОЛЖАМДАРҒА НЕГІЗДЕЛЕДІ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ЕШҚАЙСЫСЫН СЕНІМДІ ТҮРДЕ БОЛЖАП-БІЛУ МҮМКІН БОЛЫП ТАБЫЛМАЙТЫН ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ КЕЙБІРЕУЛЕРІ КОМПАНИЯНЫҢ БАҚЫЛАУЫНАН ТЫС АЙТАРЛЫҚТАЙ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖӘНЕ БӘСЕКЕЛЕСТІК БЕЛГІСІЗДІККЕ ЖӘНЕ БАСҚА ШАРТТАСТЫҚТАРҒА ҰШЫРАЙДЫ. БОЛЖАМДАРДЫҢ ОРЫНДАЛАТЫНДЫҒЫНА ЕШҚАНДАЙ КЕПІЛДІК БОЛМАЙДЫ ЖӘНЕ НАҚТЫ НӘТИЖЕЛЕР КӨРСЕТІЛГЕННЕН ЖОҒАРЫ НЕМЕСЕ ТӨМЕН БОЛУЫ ЫҚТИМАЛ. КОМПАНИЯ - ОНЫҢ АКЦИОНЕРЛЕРІ ДЕ, ДИРЕКТОРЛАРЫ ДА, ЛАУАЗЫМДЫ ТҰЛҒАЛАРЫ ДА, ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ДЕ, КЕҢЕСШІЛЕРІ ДЕ, АФФИЛИИРЛЕНГЕН ТҰЛҒАЛАРЫ ДА, ҚАНДАЙ ДА БІР ӨКІЛДЕРІ ДЕ, ЖОҒАРЫДА АТАЛҒАН ҮЛЕСТЕС ТҰЛҒАЛАРЫ ДА-АТАЛМЫШ ҚҰЖАТТА ҰСЫНЫЛҒАН БОЛЖАМДАРДЫҢ ДҰРЫСТЫҒЫ ҮШІН ЖАУАПКЕРШІЛІК АЛМАЙДЫ.

Аталмыш мәлімдемеде немесе құжатта қамтылған ақпарат, оның ішінде болашаққа қатысты мәлімдемелер, аталмыш құжаттың жасалған күніне қатысты ғана қолданылатын болады және болашақ нәтижелерге қатысты қандай да бір кепілдіктер беруге арналмаған. Компания қаржылық деректерді немесе болжамды мәлімдемелерді қоса алғанда, мұндай ақпараттың жаңғыртуларын немесе өзгерістерін тарату жөніндегі қандай да бір міндеттемелерден біржақты бас тартады және Компанияның болжамындағы өзгерістер, осындай мәліметтер негізделген оқиғалардағы, шарттардағы немесе жағдайлардағы өзгерістер нәтижесінде туындайтын ақпаратқа енгізілуі ықтимал қандай да бір өзгерістерді,  болашаққа немесе аталмыш құжаттың жасалуы күнінен кейін туындайтын басқа да оқиғаларға немесе жағдайларға қатысты мәлімдемелерді жария түрде жарияламайды.

Пікір қалдыру