2018 жылғы 20 қарашада Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттік (АЭЖХА) «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ын Төмен байытылған уран банкіне (ТБУБ) төмен байытылған уран (ТБУ) жеткізушілердің бірі ретінде таңдағанын мәлімдеді.
Бұған дейін, 2015 жылғы тамызда Қазақстан Үкіметі мен АЭЖХА Қазақстан аумағында АЭЖХА-ның ТБУБ құру туралы келісімге қол қойған болатын, ал 2017 жылғы тамызда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен АЭЖХА Бас директоры Юкия Амано қатысуымен Өскемен қаласындағы Үлбі металлургиялық зауыты алаңында Халықаралық төмен байытылған уран банкінің ресми ашылу салтанаты өтті.
Компания Қазатомөнеркәсіптің АЭЖХА жеткізушілерінің бірі болып таңдалуы дүниежүзілік қауымдастықтың беделді әрі танымал уран өнімін жеткізуші ретінде компаниямызға деген жоғары сенімін білдіреді деп санайды.
АЭЖХА-ның ТБУ Банкі ядролық отынға сенімді қол жеткізудегі жаһандық ұмтылыстың бір бөлшегі, және ол атом энергетикасын бейбіт мақсатта пайдаланатын АЭЖХА-ға мүше мемлекеттердің атом электр станцияларына отын жеткізудің қолданыстағы механизмдері бұзылған жағдайда, ядролық отын жеткізуді қамтамасыз етуге арналған.
АЭЖХА-ның ТБУ Банкін донор елдер мен ұйымдардың мүшелік жарналары есебінен қаржыландырады, олар: АҚШ, ЕО, БАӘ, Кувейт, Норвегия, Қазақстан және «Ядролық қауіпті қысқарту бастамасы» қоры Үкіметтік емес ұйымы.