Қазатомөнеркәсіп «Нөлдік жарақаттану» (Vision Zero) тұжырымдамасын ілгерілету жөніндегі жаһандық бағдарламаның ресми қатысушысы болды

1 қазан 2018
Қазатомөнеркәсіп «Нөлдік жарақаттану» (Vision Zero) тұжырымдамасын ілгерілету жөніндегі жаһандық бағдарламаның ресми қатысушысы болды

Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ «Нөлдік жарақаттану» тұжырымдамасын өндіріске енгізетін болады. Бағдарламаның ресми қатысушысы сертификатын алған Қазатомөнеркәсіп – «Vision Zero» жаһандық қозғалысына қосылған Қазақстандағы алғашқы ұлттық компания.

Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығы әзірлеген «Vision Zero» тұжырымдамасында қауіпсіздікті, еңбекті қорғауды және қызметкерлердің амандығын қамтамасыз етуге басымдық берілген және ол өндірістегі жазатайым оқиғаларға жол бермеуге, қызметкерлердің кәсіптік сырқаттардың алдын алуға бағытталған. Жарақаттанушылық көрсеткіштерін төмендетудің негізге алынатын қағидаттары бағдарламаның жеті «алтын ережесінде» көрініс тапқан.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ өзінің даму стратегиясына, қауіпсіздік саясатына және корпоративтік құндылықтарына толық сәйкес келетін «Vision Zero» қағидаттарын қолдайды. Тұжырымдаманы енгізу аясында компанияда қауіпсіздікті арттыру мен еңбек жағдайын жақсартудың кешенді іс-шаралары дайындалды.

 – Біз бұл жаһандық қозғалысқа құлшына қосылдық. Біздің басты байлығымыз да, негізгі капиталымыз да – адамдар. Сондықтан бізде қауіпсіздік мәдениетіне және компания қызметкерлерінің еңбегін қорғауға бірінші кезекте мән берілген. «Vision Zero» қағидаттарын енгізу арқылы біз жақын арада өндірістегі жарақаттануды барынша азайтатынымызға сенемін, - деді «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Ғалымжан Пірматов.

Күнделікті жұмыста «Vision Zero» қағидаттарын басшылыққа алған компания әрбір жұмыс орнында қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету үшін озық халықаралық тәжірибені қолдана біледі. Болашақ өзгерістердің басты элементі – өндірістегі қауіпсіздік талаптарын саналы түрде сақтау. Қауіпсіз әрі жайлы еңбек жағдайын жасау мотивацияға және қызметкерлердің қанағаттанушылығына, еңбек сапасы мен компанияның экономикалық көрсеткіштеріне оң ықпал етеді.

Пікір қалдыру