Тұрақты даму

Білім

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ кәсіпорындары тобының кадрлық саясатының маңызды бағытының бірі – қызметкерлерді дамыту мен оқыту. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ кәсіпорындары тобында қызметкерлерді даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру үдерістері жүйелендірілген.

Маман даярлау

Бейінді мамандарды даярлау, қайта даярлау және кадрларға қажеттілікті өтеу мақсатында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ және оның кәсіпорындары Қазақстан Республикасының және жақын шетелдердің жетекші жоғары оқу орындарымен және колледждерімен ынтымақтастық орнатқан.

Бейінді мамандықтар бойынша білікті кадрлар даярлау үшін «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ қаражаты есебінен 290 студент білім алуда.

2017 жылдың 4 қыркүйегінде магистратура бағдарламалары бойынша алғашқы білім алушыларды атом саласының жоғары білікті мамандарын даярлау мақсатында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ және «ҚазҰТЗУ» КЕАҚ бірлесіп құрған «Атом өнеркәсібінің халықаралық ғылыми білім беру орталығы» қабылдады. Оқыту үш мамандық бойынша жүргізіледі: «Геология және ПҚК барлау», «Бейорганикалық заттардың химиялық технологиясы», «Автоматтандыру және басқару».

Біліктілікті арттыру

Қызметкерлерді кешенді бағалау жүйесін «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-та енгізгеннен бастап қызметкерлердің біліктілігін арттыру және оларды оқытуды жоспарлау жүйесі жетілдірілді. Бұл қызметкердің оқуға бағытталғанын, сондай-ақ қызметкердің бекітілген жеке даму жоспарына сәйкес оның мақсатты дамуын білдіреді. Оқыту әдісін, түрлерін таңдап алу қызметкердің қызметі мен әлеуетіне өткізілген бағалау нәтижелері бойынша жүзеге асырылады. Бұл оның басқарушылық, корпоративтік және кәсіби құзыреттерін өлшеу негізінде жасалады.

Таланттарды басқару

Бүгінде «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-да жоғары әлеуеті бар қызметкерлерді анықтауға, оларды белгіленген кезең ішінде барынша жоғары даму деңгейіне жеткенге дейін одан әрі дамытуға, сондай-ақ «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ мен оның кәсіпорындары қызметкерлерінің негізгі лауазымдар бойынша сабақтастығын жоспарлауды ұйымдастыруға бағытталған таланттарды басқару жөніндегі процесс табысты енгізілді. Процесс анықталған таланттарды «HiРo», «Leaders», «Management pool» пулдарына бөлуді қамтиды. Әр пул үшін Таланттарды дамыту бағдарламасы және оның өту мерзімі қарастырылған.

Білім мен тәжірибе

Бірегей білім мен үздік тәжірибелерді, оның ішінде қызметкерлердің құзыреттерін, дағдылары мен білімдерін жетілдіру үшін «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-да Қоғам және оның кәсіпорындарының қызметкерлері болып табылатын ішкі бапкерлердің күшімен шеберлік сабақтары өткізіледі. Кейін корпоративтік порталда орналастырылатын бұл сабақтармен қызметкерлер таныса алады.

Ардагерлердің бірегей білімін, салалық индустриялық тәжірибесін сақтап қалу және «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ мамандарының жаңа буынына тәжірибе мен білім беру мақсатында «Атом өнеркәсібінің халықаралық ғылыми білім беру орталығы» жанында «Ақсақалдар кеңесі» Құрметті профессорлар кеңесі жұмыс істейді. «Ақсақалдар кеңесі»-нің құрамында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ мен оның кәсіпорындарының қызметкерлері мен қазір зейнет жасындағы атом саласының 21 ардагері бар, олардың уран өнеркәсібіндегі орташа жұмыс өтілі 36,8 жылды құрайды.

Тағылымдама

Кәсіби құзыреттер деңгейін және тәжірибені арттыру шеңберінде Қоғамның еншілес және тәуелді ұйымдарының өндірістік нысандарында, сондай-ақ шетелдік әріптес компанияларда қызметкерлердің тағылымдамадан өту тәжірибесі «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-та ойдағыдай жүріп жатыр.

Жаңа мамандықтар

Кадрларға деген қажеттілікті, олардың білікті даярлау қажеттілігін қамту мақсатында, 2016 жылы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ ҚР БҒМ-мен қызмет түрлері бойынша жаңа мамандықтарды Қазақстанда ашу жұмысын бастады: Қазақстанда ұқсасы жоқ жылу бөлгіш құрамалар өндірісі (ЖБҚ) мен аффинаж өндірісі (конверсия). Мысалы, ҚР ИДМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің 07.08.2017 жылғы №186-д бұйрығымен қолданыстағы «Жылу бөлуші құрастырмалар аппаратчигі» және « Аффинаж зауытының аппаратчигі» деген мамандықтарды Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі кәсіптер мен мамандықтар жіктеуішіне енгізу туралы толықтырулар бекітілді.

Ынтымақтастық

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ және Д. Серікбаев атындағы ШҚМТУ арасындағы Ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы келісім шеңберінде, «Атом саласына арналған жаңа материалдар» деген халықаралық кафедра Д. Серікбаев атындағы ШҚМТУ базасында құрылды. Оның құрамына Ресей Федерациясының Санкт-Петербург политехникалық университетінің және Томск политехникалық университетінің жетекші ғалымдары мен мамандары тартылды. «Ядролық энергетиканың материалдары» және «Уран өнеркәсібі өнімін алудың инновациялық технологиясы» деген мамандықтар бойынша бейінді магистратураның оқыту бағдарламасы әзірленді.

Ядролық оқыту мен кадрларды даярлау аясындағы ынтымақтастық шеңберінде, соның ішінде ДЯУ ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді курстарына, ядролық білім алудағы инновациялық және заманауи оқыту технологиясын дамытып қолдануға, бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын өткізуге, дәрістерді оқу, семинарларды өткізу, ғылыми консультацияларды көрсету және тәжірибе алмасу үшін ғалымдар мен мамандарды тартуға қатысу шеңберінде Дүниежүзілік ядролық университетпен ынтымақтастық орнатылды. Мысалы, 2017 жылдың 12-15 маусым аралығында Астана ЭКСПО-2017 аумағындағы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ атом павильонында Қоғамның және оның кәсіпорындарының 60 қызметкері үшін «Қазіргі әлемдік ядролық өнеркәсіп» деген тақырыпта ДЯУ-дың жазғы курсы ұйымдастырылды.

Пікір қалдыру