| (AIX)    USD 42.94   %0      KZT 19410   %0     

Ақпараттық хабарлама Атом өнеркәсібі қызметкерлері кәсіподағының кезектен тыс өткен съезі туралы

3 ақпан 2015
Ақпараттық хабарлама Атом өнеркәсібі қызметкерлері кәсіподағының кезектен тыс өткен съезі туралы

Астанада өткен атом өнеркәсібі қызметкерлері кәсіподағының кезектен тыс съезіне атом саласы кәсіпорындарындағы бастауыш кәсіподақ ұйымдарынан, филиалдардан және жергілікті кәсіподақтардан делегаттар қатысты.

Атом өнеркәсібі қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Қасымжан Мәдиев қатысушыларды съезд күн тәртібімен таныстырып, қолданысқа енген «Кәсіптік одақтар туралы» ҚР Заңынан туындайтын салалық кәсіподақтар алдындағы бірінші кезектегі міндеттерге тоқталды. 2014 жылғы маусымда қабылданған жаңа заң кәсіподақтардың рөлі мен қызметтерін арттыруға, қоғамда әлеуметтік тұрақтылыққа қол жеткізуге, қызметкерлердің әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған, сондай-ақ ол кәсіподақтар қозғалысын реформалауда да маңызды рөл атқармақ.

Қазақстан Ресубликасы кәсіподақтары федерациясының Ұйымдық, кадрлық жұмыстар мен активтер департаментінің директоры Роза Қуанышбаева съезд делегаттарына кәсіподақтар қызметін нығайтуға қатысты жаңа заңдағы негізгі ережелер мен нормалар туралы әңгімелеп, кәсіподақтар, мемлекет және бизнес арасындағы әлеуметтік серіктестікті дамыту, сондай-ақ еңбекті қорғау және еңбек жағдайының қауіпсіздігі туралы бірқатар сұрақтарға жауап берді.

Съезде кәсіподақ активі «Атом өнеркәсібі қызметкерлерінің кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі» деген атауын «Атом өнеркәсібі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі» («АӨҚСК» ҚБ) деп өзгертеуге шешім қабылдады және ұйымның жаңа Жарғысын бекітті.

Съезд делегаттары Атом өнеркәсібі қызметкерлерінің салалық кәсіподағының алқалы және басқару органдарын сайлады. Салалық Кеңеске 16 адам, Атқару комитетіне 10 адам мүше болды. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтары Федерациясының XXIV съезіне екі делегат сайланды.

Съезд күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша тиісті Қаулылар қабылдады.

АӨҚСК төрағасы Қ.Мәдиев съезд жұмысына қорытынды жасап, салалық кәсіподақ ұйымы алдында тұрған міндеттер толығымен және уақтылы орындалып, бұл атом саласының мықты кәсіподағын құру жолындағы бірлесу үдерісін тездететініне сенім артты.

«Атом өнеркәсібі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі  2012 жылғы қарашада құрылған. Бүгінде кәсіподақ 14000-нан астам кәсіподақ мүшесі бар атом саласының 21 кәсіпорнын біріктіріп отыр.

Пікір қалдыру