| (AIX)    KZT 21100   %   0 USD 41.96   %   4.9

Қазатомөнеркәсіп басшысы дипломатиялық корпус пен халықаралық компания өкілдері алдында сөз сөйледі

2 наурыз 2017
Қазатомөнеркәсіп басшысы дипломатиялық корпус пен халықаралық компания өкілдері алдында сөз сөйледі

28 ақпан күні Астанада «Самұрық-Қазына» АҚ дипломатиялық корпус және халықаралық компаниялар өкілдеріне арнап алғаш рет жылдық брифинг өткізді.

Кездесу барысында Қор және оның қоржынындағы компаниялардың басшылары Трансформация және жекешелендіру бағдарламалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар, сондай-ақ трансұлттық корпорациялармен ынтымақтастықтың болашағы жөнінде әңгімеледі.

Өз сөзінде Қор басқармасының төрағасы Өмірзақ Шөкеев компаниялардағы трансформациялық үдерістердің аралық нәтижелеріне тоқталды.

«Самұрық-Қазына» компаниялар тобы активтеріне инвестиция жасаудың ерекше мүмкіндігі бар. Себебі, Қор еліміздің түрлі салаларындағы ірі кәсіпорындардың басын біріктіріп отыр. Қор трансформациясы сол активтерді тартымды етуге бағытталған. Бүгінде Қазақстан мен «Самұрық-Қазына» АҚ активтері, өткен жылдармен салыстырғанда, инвестиция үшін ең сенімді таңдау болып саналады. Мысал үшін, соңғы екі жылда Қазақстан Дүниежүзілік банктің бизнес жүргізу жеңілдігі бойынша рейтингінде 190 елдің ішінде 51-орыннан 35-орынға көтерілді.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басшысы Асқар Жұмағалиев дипломаттар мен шетелдік бизнес өкілдеріне компанияның қызметі және атом саласын дамытудың келешегі туралы айтып берді. Өз сөзінде ол ең таза, ең тиімді әрі қоршаған ортаға зиянсыз қуат көзі ретінде уранның сенімділігін атап көрсетті. МАГАТЭ болжамынша, алдағы жылдары әлемде атом реакторларының саны тек арта беретін болады.

– Қазақстанда уранның бай қоры шоғырланған. Қазіргі кезде серіктестерімізбен бірге бүкіл әлемдік уран өндірісінің шамамен 40% қамтамасыз ете отырып, біз уран өндіру бойынша әлемдік көшбасшымыз. Компаниямыз әлемнің түрлі елдеріне уран экспорттаудың 20 жылдық тәжірибесіне ие және АҚШ, Франция және Қытайға уран өнімдерін сенімді жеткізіп беруші, - деді А. Жұмағалиев.

Қазатомөнеркәсіп басшысы сондай-ақ, кездесу қатысушыларын трансформация бағдарламасының орындалуымен, бизнесті әртараптандырудың барысымен және халықаралық ірі компаниялармен ынтымақастық нәтижелерімен таныстырды.

– Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың салиқалы саясаты арқасында Қазақстанда қазір қолайлы және тартымды инвестициялық климат орнаған. Біз серіктестерімізбен кооперацияны нығайта түсеміз, сонымен қатар баршаны ынтымақтастыққа және бірлескен жобаларды іске асыруға шақырамыз, - деп түйіндеді сөзін Асқар Жұмағалиев.

Пікір қалдыру