| (AIX)    KZT 18225   %   -0.03 USD 38.82   %   0.6

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ 2017 жылғы қызмет қорытындысы

21 желтоқсан 2017
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ 2017 жылғы  қызмет қорытындысы

Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның 2017 жылғы қызмет қорытындысына қатысты брифинг өтті. Компанияның негізгі өндірістік-қаржылық көрсеткіштері жөнінде БАҚ өкілдеріне ұлттық атом компаниясының Басқарма Төрағасы Ғалымжан Пірматов мәлімдеді.  

Компания басшысы атап өткендей, уран өнімі нарығындағы созылмалы ұсыныс артықшылығы жағдайында уран өндірісінің ұзақмерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін Қазатомөнеркәсіп алдағы үш жылда уран өндірісін келісім-шартпен бекітілген ауқымнан 20 % қысқартуды қөздейді. Уран өндірісінің ауқымын қысқарту бойынша шаралар компанияның уран жеткізу бойынша келісімшарттардағы міндеттемелеріне әсерін тигізбейді.

«Қазатомөнеркәсіп маркетинг қызметін нығайту жолында қосымша табыс пен жеткізу географиясын кеңейту үшін белсенді қызмет атқарып келеді. Осы мақсатпен 2017 жылдың маусым айында Швейцарияда «Kazakatom AG» трейдинг компаниясы құрылды»,- деп атап өтті Ғалымжан Пірматов.

Серіктестермен қарым-қатынас белсенді жүргізілуде: Қытайлық «CGNPC» компаниясымен бірге Үлбі металлургиялық зауытының базасында жылу бөлгіш құрамалар шығаратын зауыт салынып жатыр (қуаттылығы жылына 200 тонна ЖБҚ), канадалық «Cameco» корпорациясымен «Инкай» қазақстан-канада бірлескен кәсіпорнындағы Қазатомөнеркәсіп үлесін 40%-дан 60 %-ға дейін жеткізу жөнінде келесімге қол қойылды.

Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауындағы тапсырмаларын орындау мақсатында автоматтандыру, цифрландыру және роботтандыру бойынша бірқатар жобалар іске асырылып келеді. Мәселен, «Қазатомөнеркәсіп-SaUran» кәсіпорны дайын өнімді ыдысқа салудың роботтандырылған желісін іске қосты. Ол адамдық факторды болдырмастан, өндірістегі кешенді қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және деректерді жинау және талдау жүйесін автоманттандыруға мүмкіндік береді.

Ғалымжан Пірматовтың айтуынша, ақырғы бес жыл ішінде компания кәсіпорындарында өндірістік жарақат алу деңгейі екі есеге қысқарды. Ағымдағы жылдың 9 айында қоршаған ортаны қорғау іс-шараларына 1,2 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалған. 2017 жылы 530 өнертабыстық ұсыныс енгізіліп, болжам бойынша олардың экономикалық тиімділігі 1,5 млрд теңгеден асады.

2015 жылдан бері Қазатомөнеркәсіпте Трансформация бағдарламасы іске асырылып келеді, оның экономикалық тиімділігі 2025 жылға қарай 136 млрд теңге құрайды деп күтілуде. Жекешелендіру бағдарламасы аясында Қазтомөнеркәсіптің еншілес ұйымдарының саны 82-ден (2015 жыл) 49-ға дейін қысқарды. Жалпы, 2017 жыл қорытындысы бойынша компанияның операциялық табысы 46 млрд теңге құрайды деп күтілуде.

Қол қойылған меморандумдарға сәйкес соңғы жылдары Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарының бюджетіне 4,8 млрд теңге аударылды. Сондай-ақ, меморандум бойынша Шығыс Қазақстан облысының бюджетіне үстіміздегі жылы 1 млрд теңге аударылды, алдағы екі жылда тағы 2 млрд теңге бөлінеді. Бұдан бөлек, жер қойнауын пайдалану келісімшарттары аясында аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына жыл сайын 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлінбек. Биыл компания Астанадағы 240 орындық балабақша құрылысын аяқтады, ол нысан да қалаға өтеусіз табысталады.

Пікір қалдыру