Астанада Astana Mining & Metallurgy 16-шы халықаралық тау-кен металлургия конгресі аясында Қазақстан–Канада Іскерлік кеңесінің 7-ші пленарлық отырысы болды.
Басқосу «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов пен Cameco Corporation компаниясының бас атқарушы директоры Тим Гитцельдің тең төрағалығымен өтті.
Іс-шараға Қазақстан мен Канаданың мемлекеттік органдарының, іскерлік топтарының және сарапшылық қауымдастығының 120 астам өкілі қатысты.
Жасанды интеллект тақырыбы елімізді дамытудың негізгі бағыттарының бірі ретінде талқылаудың өзегіне айналды. Бұл мәселенің маңыздылығы 2026 жылдың елімізде Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жариялануымен де арта түсті. Қатысушылар экономиканың түрлі секторларында жасанды интеллектіні қолдану перспективаларын, сондай-ақ екі ел компаниялары арасындағы сауда, инвестициялар және іскерлік байланыстарды дамыту мәселелерін қарастырды.
Іс-шарада Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров, Қазақстан Республикасының Канададағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дәулетбек Құсайынов, Канаданың Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Кристофер Дагган және Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов сөз сөйледі.
«Уран өндіру Қазақстан мен Канада арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың маңызды, бірақ жалғыз бағыты емес. Бүгінде тау-кен металлургиясы саласында, мұнай-газ секторында және ауыл шаруашылығында серіктестік байланыстар белсенді дамып келеді. Қазақстан–Канада Іскерлік кеңесі алдағы уақытта да әріптестікті кеңейтуге ықпал етіп, елдеріміздің экономикаларын дамытуға қосымша серпін береді деп сенемін», – деді «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов.
«Қазақстан мен Канада арасындағы жыл сайынғы тауар айналымы тұрақты түрде шамамен 500 млн АҚШ долларын құрайды. Бүгінде елімізде канадалық тараптың қатысуымен құрылған 160 астам кәсіпорын табысты жұмыс істеп келеді. Біз өнеркәсіптік және технологиялық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамытып, жаңа бірлескен жобаларды іске асыру үшін қолайлы жағдай жасауды жалғастыруға ниеттіміз», – деді Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров.
Сауда және инвестициялар мәселесі жеке сессия барысында талқыланды. Қазақстан Республикасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы Қанат Шарлапаев Қазақстан мен Канаданың сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығы жер қойнауын пайдалану, аса маңызды минералдар, агроөнеркәсіптік кешен, энергетика, цифрландыру және инновациялар салаларында зор әлеуетке ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, бизнес үшін қолайлы жағдай жасау, компаниялар арасындағы тікелей байланыстарды дамыту және жоғары қосылған құны бар бірлескен жобаларды іске қосу маңызды міндеттер болып қала береді.
Қазақстан–Канада Іскерлік кеңесі екі ел арасындағы серіктестікті нығайтудың тиімді алаңына айналды. Биылғы отырыстың қорытындылары тараптардың өзара іс-қимылды одан әрі кеңейтуге, озық технологияларды енгізуге және Қазақстан мен Канаданың ұзақ мерзімді экономикалық мүдделеріне сай келетін бастамаларды жүзеге асыруға өзара мүдделі екенін растады.
Толығырақ ақпарат алу үшін хабарласуға болады:
Қоғаммен байланыс және БАҚ сауалдары бойынша
Данияр Оралов, PR департаментінің директоры
Тел: +7 7172 45 80 63
Email: pr@kazatomprom.kz
Инвесторлармен өзара іс-қимыл бойынша
Ботагөз Молдағалиева, IR департаментінің директоры
Тел: +7 7172 45 81 80 / 69
Email: ir@kazatomprom.kz
Қазатомөнеркәсіп туралы
Қазатомөнеркәсіп 2025 жылы уранның жалпы әлемдік бастапқы өндірісінің шамамен 20% мөлшерінде Компанияның қатысу үлесіне пропорционалды табиғи уран өндіретін әлемдегі ең ірі уран өндіруші болып табылады. Топ саладағы уранның ең үлкен резервтік базасына ие. Қазатомөнеркәсіп еншілес, тәуелді және бірлескен ұйымдармен бірге 14 уран өндіруші кәсіпорынға біріктірілген 27 кен орнын игеруде. Барлық уран өндіруші кәсіпорындар Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан және уран өндіру кезінде денсаулық сақтау, өндірістік қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау саласындағы озық тәжірибелерге баса назар аудара отырып, жерасты ұңғымалық шаймалау технологиясын қолданады.
Қазатомөнеркәсіптің бағалы қағаздары Лондон қор биржасында, Astana International Exchange биржасында орналастырылған. Қазатомөнеркәсіп Қазақстан Республикасының Ұлттық атом компаниясы болып табылады, ал топтың негізгі клиенттері – Атом өндіруші қуаттардың операторлары, ал өнімдерге арналған негізгі экспорттық нарықтар - Азия, Еуропа және Америка мемлекеттері. Топ уран мен уран өнімдерін ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді келісімшарттар бойынша, сондай-ақ спот-нарықта тікелей өзінің корпоративтік орталығынан сатады. Астана, Қазақстан, сондай-ақ Швейцариядағы TH Kazakatom AG (THK) еншілес сауда компаниясы арқылы.