| (AIX)    USD 38.34   %0      KZT 18185   %0     

Қазатомөнеркәсіп 2016 жылы Трансформациялау бағдарламасын іске асырудың қорытындысын шығарды

8 желтоқсан 2016
Қазатомөнеркәсіп 2016 жылы Трансформациялау бағдарламасын іске асырудың қорытындысын шығарды

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясында «Самұрық-Қазына» АҚ басшылығы, компанияның және оның еншілес кәсіпорындарының қызметкерлері, корпоративтік орталық және БАҚ өкілдерінің қатысуымен 2016 жылы Трансформациялау бағдарламасын іске асырудың қорытындысына арналған Ақпараттық күн болып өтті.

Жұмыс нәтижелері, алдағы жоспарлар мен міндеттер туралы ұлттық атом компаниясының басқарма төрағасы Асқар Жұмағалиев, сондай-ақ салалық бағыттар бойынша бас директорлар баяндамалар жасады.

«Компания үшін бұл трансформация аясында өзгерудің алғашқы жылы. Алайда осы қысқа уақыт ішінде атқарылған бірқатар жобалар оң өндірістік-қаржылық көрсеткіштерімізді сақтап қалумен қатар, олардың өсуіне де мүмкіндік берді. Нақты айтқанда, бүгінде біз компанияның таза табысын былтырмен салыстырғанда 2,5 есеге ұлғайтуға қол жеткіздік», - деді Асқар Жұмағалиев.

2016 жылы Қазатомөнеркәсіпте бизнес-үдерістер қайта қаралып, жаңа ұйымдық құрылым бекітілді, өндірісті әртараптандыру және автоматтандыру, бейінді емес активтерді жекешелендіру үдерістері артты, сондай-ақ серіктестермен өзара тиімді іс-әрекеттер күшейтілді.

Атап айтқанда, Қазатомөнеркәсіп қытайлық серіктестермен бірге ЖБҚ шығаратын зауыт құрылысы жобасын іске асыруға кірісті. Кәсіпорын қытайлық АЭС-терге арнап жылына 200 тонна ядролық отын өндіретін болады.

Сонымен қатар, 2016 жылы шетелдік серіктестермен маңызды келісімдерге қол қойылды. Қазатомөнеркәсіп пен «САМЕСО» компаниясы «Инкай» БК» ЖШС қайта құрылымдауды және 2018 жылы біріккен кәсіпорындағы Қазатомөнеркәсіптің үлесін 40%-дан 60%-ға ұлғайтуға, «Росатоммен» Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының кешенді бағдарламасын орындау және «Уран байыту орталығы» ЖАҚ-н зиянсыздыққа шығаруға келісті. CGNPC корпорациясымен болған келісім 2024 жылға дейін қытайлық АЭС-тер үшін қазақстандық отын таблеткаларын сатып алуды көздейді.

Пилоттық жоба аясында Қазатомөнеркәсіптің өндіруші кәсіпорны «Қазатомөнеркәсіп-СаУран» ЖШС-де «Санды кеніш» жүйесі іске қосылды. Тәжірибе көрсеткендей, оны енгізу арқасында жабдықтарды диагностикалау уақыты 14-тен 2 күнге дейін қысқарды, сондай-ақ электр энергиясын тұтыну, материалдар мен раегенттерді пайдалану 10% азайды, ұңғыманың төмендетілген уақыты 3 есеге кеміді. 2017 жылы бұл жүйені енгізу компанияның басқа да еншілес кәсіпорындарында қолға алынады.

Айта кетерлік жәйт, өндірістің өзіндік құнын қысқарту жөніндегі кешенді іс-шаралар шеңберінде 2016 жыл қорытындысы бойынша экономикалық тиімділік 13 млрд теңгені құрады.

Сонымен бірге, Қазатомөнеркәсіп «TH Kazakatom AG» трейдинг компаниясын тіркеу үдерісін аяқтады. Клиенттерге жақындық, мәмілелер шарттарын анықтау кезіндегі сатулардың икемділігі және нарықтың өзгеруіне шұғыл әрекет ету компанияның маркетинг қызметін едәуір күшейтуге мүмкіндік береді.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның құнын ұлғайту мақсатында компания құрамынан 20 бейінді емес кәсіпорын шығарылды, сонымен қатар 13 ЕТҰ кеңселері Алматыдан Қазақстанның оңтүстігіндегі уран өндіруші өңірлерге көшірілді.

Трансформациялау бағдарламасын іске асырудың шешуші элементі – кадрлық саясат. Қызметкерлерді конкурстық іріктеудің, жаңа ұйымдық құрылымның енгізілуі және кешенді білім беру бағдарламасының бекітілуі Қазатомөнеркәсіпке білікті мамандардың ағылуын, лайықты еңбек жағдайы мен жалақыны, мансаптық өсу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

Трансформаця аясында әзірленген барлық бастамалар мен үдерістер 26 жобаны қамтитын қоржынға енгізілді, оларды жүзеге асыру 2018 жылға қарай аяқталуы тиіс. Жобалар 2025 жылға қарай Қазатомөнеркәсіпке 130 млрд теңгеден астам экономикалық тиімділік береді деп жоспарланған.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ трансформация бағдарламасына орталық аппаратпен қатар 12 ЕТҰ тартылған, бұл - холдингтің 19 мыңнан астам қызметкері.

Пікір қалдыру