«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ (бұдан әрі – «Қазатомөнеркәсіп», «ҚАӨ» немесе «Компания») уран өндіру процесінде негізгі құрамдас болып табылатын күкірт қышқылының қолжетімділігіне байланысты күрделіліктерге, сондай-ақ жаңа кеніштердегі құрылыс жұмыстарының аяқталуындағы кідірістерге байланысты 2024 жылға арналған өндіріс жоспарына енгізілетін түзету туралы хабарлайды. Алайда, Компания 2024 жылғы уран жеткізу бойынша өз міндеттемелерін сақтайды.
2022 жылғы тамызда хабарланғандай, Қазатомөнеркәсіптің Директорлар кеңесі Компанияның 2024 жылы өндіріс көлемін жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттардың 90% деңгейіне дейін ұлғайту ниетін мақұлдады. 2023 жылғы 80%-бен салыстырғанда 2024 жылы өндірісті 90%-ға дейін ұлғайту (жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар шеңберінде жоспарланған өндіру деңгейінен), ең алдымен, Компанияның жаңа және қазіргі клиенттермен орта және ұзақ мерзімді келісімшарттарды сәтті жасасуына байланысты болды.
2022 жылдың тамызында және 2023 жыл бойы Компания сонымен қатар жаһандық жеткізу тізбегіндегі қиындықтарға және белгілі бір негізгі материалдар мен реагенттерге шектеулі қолжетімділікке байланысты өндірістің ұлғаюына байланысты тәуекелдерді атап өтті.
Қазатомөнеркәсіп үнемі барлық күш-жігерін жұмсап, негізгі материалдар мен реагенттерді жеткізуді қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастыруда, алайда күкірт қышқылын жеткізу төңірегінде қалыптасқан күрделі жағдай Қазақстанда да, тұтастай алғанда өңірде де қарқынды дамып келеді. Өнеркәсіптік және агроөнеркәсіптік кешен кәсіпорындарының шикізатқа өсіп келе жатқан сұранысын, сондай-ақ ішкі және сыртқы өңірлік нарықтағы тапшылықты ескере отырып, жеткізушілермен алдын ала уағдаластықтар 2024 жылға күкірт қышқылының талап етілгеннен аз көлемін қамтамасыз етуге әкелді.
Күкірт қышқылын жеткізудің баламалы көздерін белсенді іздеудің жалғасуына қарамастан, қазіргі болжамдар Компанияның жер қойнауын пайдалану келісімшарттарының деңгейімен салыстырғанда өндірістің 90% деңгейіне жетуі қиын болуы мүмкін екенін көрсетеді.
Қазіргі уақытта Компания қалыптасқан жағдайдың оның операциялық қызметіне қандай әсер ететінін бағалайды және 2024 жылғы 1 ақпаннан кешіктірмей 2023 жылғы төртінші тоқсандағы қызметтің операциялық нәтижелерін шығару шеңберінде 2024 жылға арналған өндіріс жоспары бойынша нақтыланған болжамдарын ұсынуды жоспарлап отыр.
Қазатомөнеркәсіп 2024 жылға арналған жеткізілімдер бойынша барлық қолданыстағы клиенттер алдында өзінің келісімшарттық міндеттемелерін ұстанады. Егер күкірт қышқылына шектеулі қолжетімділік ағымдағы жылы сақталса және Компания 2024 жылы жаңа кеніштерде құрылыс кестесі бойынша артта қалушылықты қысқарта алмаса, бұл Қазатомөнеркәсіптің өндірістік жоспарларына және 2025 жылы жеткізу тізбегіне байланысты елеулі тәуекелдерді ескере отырып, теріс әсер етуі мүмкін. 2025 жылға арналған жаңартылған өндірістік жоспарлар Компанияның 2024 жылдың бірінші жартыжылдығындағы қаржылық нәтижелерін ашу шеңберінде болжамды түрде жарияланады деп күтілуде, бірақ жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар өндірісінің 100% көлеміне табысты оралу тәуекелге ұшырауы мүмкін.
Компания осы жағдайды шешуге күш салуын жалғастырады және күкірт қышқылының қол жетімділігі және оның өндіріске әсері бар жағдай дамыған сайын мүдделі тараптарды тиісті түрде хабардар етеді.
Бұрын мәлімделген жоспардағы өндіріс көлемінен ауытқудың әлеуетті көлеміне сәйкес келетін уран қорлары жер қойнауында қалып отырғанын және біздің акционерлеріміз үшін ұзақ мерзімді құндылықты құра отырып, нарықтық өсудің болашақ кезеңдерінде өндіру және өткізу үшін қолжетімді болатынын атап өту маңызды.
**************************************************************
Толығырақ ақпарат алу үшін хабарласуға болады:
Инвесторлармен өзара іс-қимыл бойынша
Ботагөз Молдағалиева, IR департаментінің директоры
Тел: +7 7172 45 81 80 / 69
Email: ir@kazatomprom.kz
Қоғаммен байланыс және БАҚ сауалдары бойынша
Асқар Атагулин, PR департаментінің директоры
Тел: +7 7172 45 80 63
Email: pr@kazatomprom.kz
Қазатомөнеркәсіп туралы
Қазатомөнеркәсіп – 2022 жылы әлемдік бастапқы уран өндірудің жиынтық көлемінен шамамен 22%-ы мөлшерінде компанияның қатысу үлесіне барабар табиғи уран өндіретін әлемдегі ең ірі уран өндіруші. Топтың саладағы ең ірі резервтік уран базасы бар. Қазатомөнеркәсіп еншілес, тәуелді және бірлескен ұйымдармен бірге 14 уран өндіруші кәсіпорынға біріктірілген 26 кен орнын игеруде. Барлық уран өндіруші кәсіпорындар Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан және уран өндіру кезінде денсаулық сақтауды, өнеркәсіптік қауіпсіздікті және қоршаған ортаны қорғауды бақылаудың озық практикалары мен құралдарына (ISO 45001 және ISO 14001 сертификатталған) ерекше назар аудара отырып, жерасты ұңғымалық шаймалау технологиясын қолданады.
Қазатомөнеркәсіптің бағалы қағаздары Лондон қор биржасында, Astana International Exchange биржасында және Қазақстан қор биржасында орналастырылған. Қазатомөнеркәсіп – Қазақстан Республикасының Ұлттық атом компаниясы, топтың негізгі клиенттері - атом өндіруші қуаттардың операторлары, ал өнімдерге арналған негізгі экспорттық нарықтар – Қытай, Оңтүстік және Шығыс Азия, Солтүстік Америка және Еуропа. Топ уран мен уран өнімдерін жеткізуді ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді келісімшарттар бойынша, бірлескен еншілес кәсіпорындардың екінші акционерлеріне қарай, споттық нарықта тікелей Қазақстанның Астана қаласында орналасқан корпоративтік орталығынан, сондай-ақ Швейцариядағы еншілес сауда компаниясы Тrading House KazakAtom (THK) арқылы жүзеге асырады.
Толық ақпарат біздің www.kazatomprom.kz интернет-ресурсымызда
Болашаққа қатысты мәлімдемелер
Аталмыш мәлімдемеге немесе құжатқа енгізілген тарихи фактілерден басқа барлық мәлімдемелер болашаққа қатысты мәлімдемелер болып табылады. Болашаққа қатысты мәлімдемелер Компанияның қаржылық жағдайына, қызмет нәтижелеріне, жоспарларына, мақсаттарына, болашақ нәтижелері мен қызметіне қатысты ағымдағы күтулері мен болжамдарын көрсетеді. Мұндай мәлімдемелерге «мақсат», «санаймыз», «күтілуде», «ниеттенеміз», «мүмкін», «болжаймыз», «бағалаймыз», «жоспар», «жоба», «болады», «болуы мүмкін», «ықтимал», «қажет», «болуы мүмкін» және ұқсас мағынадағы басқа сөздер мен терминдер немесе олардың жағымсыз формалары сияқты сөздер пайдаланылатын мәлімдемелер кіруі мүмкін, бірақ олармен шектелмейді.
Болашаққа қатысты мұндай мәлімдемелерге белгілі және белгісіз тәуекелдер, белгісіздіктер және Компанияға тәуелді емес басқа да маңызды факторлар кіреді, бұл Компанияның нақты нәтижелері, көрсеткіштері немесе жетістіктері болашаққа қатысты осындай мәлімдемелермен көрсетілген немесе болжанған күтілетін нәтижелерден, көрсеткіштерден немесе жетістіктерден айтарлықтай ерекшеленуі мүмкін болады. Болашаққа қатысты мұндай мәлімдемелер Компанияның қазіргі және болашақ бизнес-стратегиясына және оның болашақта жұмыс істейтін жағдайларына қатысты көптеген болжамдарға негізделген.
ОСЫ ҚҰЖАТТА ҚАМТЫЛҒАН БОЛЖАМДАРҒА ҚАТЫСТЫ АҚПАРАТ, БОЛАШАҚТАҒЫ ОРЫН АЛАТЫН ОҚИҒАЛАР ЖАЙЫНДАҒЫ БІРҚАТАР БОЛЖАМДАРҒА НЕГІЗДЕЛЕДІ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ЕШҚАЙСЫСЫН СЕНІМДІ ТҮРДЕ БОЛЖАП-БІЛУ МҮМКІН БОЛЫП ТАБЫЛМАЙТЫН ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ КЕЙБІРЕУЛЕРІ КОМПАНИЯНЫҢ БАҚЫЛАУЫНАН ТЫС АЙТАРЛЫҚТАЙ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖӘНЕ БӘСЕКЕЛЕСТІК БЕЛГІСІЗДІККЕ ЖӘНЕ БАСҚА ШАРТТАСТЫҚТАРҒА ҰШЫРАЙДЫ. БОЛЖАМДАРДЫҢ ОРЫНДАЛАТЫНДЫҒЫНА ЕШҚАНДАЙ КЕПІЛДІК БОЛМАЙДЫ ЖӘНЕ НАҚТЫ НӘТИЖЕЛЕР КӨРСЕТІЛГЕННЕН ЖОҒАРЫ НЕМЕСЕ ТӨМЕН БОЛУЫ ЫҚТИМАЛ. КОМПАНИЯ - ОНЫҢ АКЦИОНЕРЛЕРІ ДЕ, ДИРЕКТОРЛАРЫ ДА, ЛАУАЗЫМДЫ ТҰЛҒАЛАРЫ ДА, ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ДЕ, КЕҢЕСШІЛЕРІ ДЕ, АФФИЛИИРЛЕНГЕН ТҰЛҒАЛАРЫ ДА, ҚАНДАЙ ДА БІР ӨКІЛДЕРІ ДЕ, ЖОҒАРЫДА АТАЛҒАН ҮЛЕСТЕС ТҰЛҒАЛАРЫ ДА-АТАЛМЫШ ҚҰЖАТТА ҰСЫНЫЛҒАН БОЛЖАМДАРДЫҢ ДҰРЫСТЫҒЫ ҮШІН ЖАУАПКЕРШІЛІК АЛМАЙДЫ.
Аталмыш мәлімдемеде немесе құжатта қамтылған ақпарат, оның ішінде болашаққа қатысты мәлімдемелер, аталмыш құжаттың жасалған күніне қатысты ғана қолданылатын болады және болашақ нәтижелерге қатысты қандай да бір кепілдіктер беруге арналмаған. Компания қаржылық деректерді немесе болжамды мәлімдемелерді қоса алғанда, мұндай ақпараттың жаңғыртуларын немесе өзгерістерін тарату жөніндегі қандай да бір міндеттемелерден біржақты бас тартады және Компанияның болжамындағы өзгерістер, осындай мәліметтер негізделген оқиғалардағы, шарттардағы немесе жағдайлардағы өзгерістер нәтижесінде туындайтын ақпаратқа енгізілуі ықтимал қандай да бір өзгерістерді, болашаққа немесе аталмыш құжаттың жасалуы күнінен кейін туындайтын басқа да оқиғаларға немесе жағдайларға қатысты мәлімдемелерді жария түрде жарияламайды.