| (AIX)    USD 39.97   %   0.3 KZT 18500   %   0.05

Әлемнің жетекші компанияларының басшылары ядролық энергетиканы дамытудың перспективаларын талқылады

10 маусым 2017
Әлемнің жетекші компанияларының басшылары ядролық энергетиканы дамытудың перспективаларын талқылады

2017 жылғы 10 маусымда Астана ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында әлемдік атом саласының көшбасшылары – «Қазатомөнеркәсіп», «Росатом», «Cameco» және «Areva» компаниялары құрған «Атом энергиясының әлемі» павильонының таныстырылымы өтті. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «атом» павильонын аралап, атом өнеркәсібінің соңғы жетістіктері көрініс тапқан экспозициямен танысты.

Бірінші жұмыс күнінің негізгі оқиғасы болған «Ядролық энергия – болашақтың энергиясы» тақырыбындағы панельдік сессияға әлемнің жетекші компанияларының топ-менеджерлері: Cameco (Канада) президенті Тим Гитцель, AREVA (Франция) президенті Филипп Кноро, CGN (Қытай) Директорлар кеңесінің төрағасы Хэй Ю, Росатом МК (Ресей) бас директоры Алексей Лихачев, Қазатомөнеркәсіп Басқарма төрағасы Асқар Жұмағалиев және Centrus Energy Corp. президенті Даниэль Понеман қатысты. Сессия барысында спикерлер қазіргі заманғы ядролық энергетиканың өзекті мәселелерін, атом өнеркәсібін дамытудың перспективаларын талқылады.

Өз сөзінде «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының басшысы Асқар Жұмағалиев: «Атом энергетикасы – зиянды қалдықтарының жоқтығынан адамзатқа климаттың өзгеруі проблемасын шешуге көмектесетін болашақтың сенімді, экологиялық таза энергиясы. Сарапшылардың болжамынша, электр энергиясы болған өскелең сұранысты келешекте көп жағдайда ядролық энергетика есебінен қанағаттандырылатын болады», - деп атап көрсетті.

Росатом басшысы Алексей Лихачев атом саласын әлемнің жетекші державалары арасындағы ынтымақтастықтың маңызды элементі деп атады: «Ірі жобалардың бірде-біреуі, мысалы, атом станциясын салу сияқты аса маңызды ұлттық жоба бола алмайды. Бұл – әрқашан бірқатар елдердің технологиялық шешімдерінің, жетістіктерінің жиынтығы. Әлемдік атом саласының маңызды құрамдас бөлігі де осында – оның шоғырлануында», - деді Росатом басшысы.

Бүгінде әлемдік электр өндірудің үштен екісін көмірсутегі құрайды. Оларды пайдалану нәтижесінде жыл сайын 13,5 тоннадан астам атомосфераны ластайтын заттар шығарылады. 2030 жылға қарай Қытай қазып алынбайтын энергия көздерінің үлесін бастапқы энергия ресурстарының 15 процентіне жеткізуге ниетті.

«Жаһандық ядролық қауымдастықтың ядролық қауіпсіздік саласындағы одан әрі тәжірибе алмасуға ортақ ұмтылысы болуы тиіс», - деді CGN Директорлар кеңесінің төрағасы Хэ Юй.

«Бүкіл әлемде атом индустриясы қарқын алып келеді. 2016 жылы 10 реактор іске қосылды. 57-сі салынып жатыр. Біз дұрыс бағытта ілгерілеп келеміз», - деп айқындады атом энергетикасының болашағын «Camecо» президенті Тим Гитцель.

Өз кезегінде «Areva» компаниясының президенті Филипп Кноро атом өнеркәсібінің қауіпсіздігі мен экологиялық тазалығын заманауи технологиялар қамтамасыз ететінін айтты.

«Қазақстанда біз Қазатомөнеркәсіппен бірге ең алдыңғы қатарлы технологияларды пайдаланамыз. Бұған мысал – Цифрлық кеніш жобасы. Ортақ міндетіміз – атмосфераға зиянды заттар шығармауға қол жеткізу, бұл – біздің басты өлшем», - деп қосып қойды Филипп Кноро.

Панельдік сессиядан соң компаниялардың басшылары бірқатар кездесулер өткізіп, атом өнеркәсібі, ядролық энергетикасының қауіпсіздігі мен экологиялық тазалығы, қазіргі заманғы жетістіктері мен саланы дамытудың перспективалары жайлы толық  мәлімет беретін «Атом энергиясының әлемі» павильоны экспозициясымен танысты.

Келушілер ядролық отын циклының уран өндіруден бастап, пайдаланылған ядролық отынды қайта өңдеуге дейінгі барлық кезеңдерін тамашалады. Бүкіл негізгі өндірістік процестер макеттер мен интерактивті ойындар арқылы көрнекі етіп көрсетілді. Келушілер виртуалды нақтылық көмегімен кеніште «болып», уранның ең прогрессивті және экологиялық қауіпсіз әдісі – жер асты ұңғымалы шаймалау тәсілімен қалай өндірілетініне көз жеткізді.

Пікір қалдыру