| (AIX)    USD 39.87   %0      KZT 18195   %0     

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасының міндетін уақытша атқарушыны тағайындау

1 сәуiр 2015
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасының міндетін уақытша атқарушыны тағайындау

Астанада «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев және «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Директорлар кеңесінің мүшелері ұлттық атом компаниясының ұжымымен кездесті.

«Самұрық-Қазына» АҚ басшысы «Қазатомөнеркәсміп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Қаппаровтың мезгілсіз қазасына байланысты марқұмның отбасы, туған-туысқандары және әріптестеріне қайғырып көңіл айтты.

«Нұрлан Жамбылұлы компанияда ұзақ істеген жоқ. Алайда ол қарқынды да жемісті жұмыс бастап, мұнда жүйелі істерді жолға қоя білді. Оның бәріміз отырып талқылаған өз жоспары, жаңарту бағдарламасы болды. Үлкен қайғы, әрине, іскер, жоспар мен бастамаларға толы осындай адамдардан, бүкіл өмірін еліміздің өсіп-өркендеуіне арнаған тұлғалардан айырылу қашанда өкінішті», - деді Өмірзақ Шөкеев.

Ұлттық қор басшысы өз әріптесін еске ала отырып, Нұрлан Жамбылұлының Қазатомөнеркәсіпті алдыңғы шепке шығару, уран нарығына ықпал етуші әлемдік компанияға айналдырудай жоспарлары болғанын атап көрсетті.

«Баршаға көңіл айтқым келеді. Біз Нұрлан Жамбылұлын ешқашан ұмытпаймыз, ол әрқашан бізбенен бірге. Компания өте үлкен, отыз мыңдай адам еңбек етеді. Сондықтан, күнделікті жұмысты жалғастырып, қолға алынған бастамаларды іске асыру қажет. Бүгін мен сіздерге ес жинап, компанияны басқару керектігін айтар едім. Қазір мұнда Қазатомөнеркәсіптің Директорлар кеңесі дерліктей толық құрамда қатысып отыр. Мен олардан компанияның ағымдағы қалыпты жұмысын қамтамасыз етуді, Нұрлан Жамбылұлы көздеген негізгі мәселелерді талқылап, шешіп беруді сұрар едім», - деп түйіндеді сөзін Өмірзақ Шөкеев.

ҚР энергетика министрі, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Владимир Школьник те Нұрлан Қаппаровтың жақындарына көңіл айтты. Ол компанияның барлық жұмыс жоспарлары және алға қойылған міндеттері толығымен орындалатынына сендірді.

Кездесу қорытындысы бойынша компания Директорлар кеңесінің кезектен тыс отырысы өтіп, онда «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасының міндетін уақытша атқарушы лауазымына басқарма төрағасының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Айдар Арифхановты тағайындауға шешім қабылданды.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Директорлар кеңесі ұлттық атом компаниясының басқарма төрағасын ҚР премьер-министрі және Президентінің келісімінен кейін тағайындайтын болады.

Пікір қалдыру