| (AIX)    KZT 18835   %   0.88 USD 37.3   %   -2.38

Қазатомөнеркәсіп өкілдеріне Еңбек әулеттері күніне орай құрмет көрсетілді

17 мамыр 2017
Қазатомөнеркәсіп өкілдеріне Еңбек әулеттері күніне орай құрмет көрсетілді

17 мамыр күні «Самұрық-Қазына» АҚ-да Қор тобындағы компанияларда жұмыс істейтін еңбек әулеттеріне құрмет көрсету рәсімі өткізілді. Биыл Қазатомөнеркәсіп компаниясы атынан аталмыш шараға Пшенициндер әулеті қатысты.   

Әулеттің атом энергетикасы саласындағы жалпы еңбек өтілі – 143 жыл. Еңбек жолын олар Қазатомөнеркәсіптің еншілес кәсіпорындары – «Волковгеология» АҚ мен «Жоғары технологиялар институты» ЖШС-не арнаған. Пшенициндер әулетінің басында тұрған Станислав Серафимович Пшеницын 1952 жылы № 53 партияға бұрғылау бойынша техник болып жұмысқа орналасқан. Геологиялық барлау партиясында жүріп ол болашақ өмірлік жары Мухина Любовь Андреевнамен танысады. Әулет анасы ол кезде еңбек және техникалық мөлшерлеу бойынша инженер қызметін атқаратын. Бүгін олардың үрім-бұтағы әулет ісін жалғастырып, атом саласына еңбе етуде. 

Александр Станиславович Пшеницын – «Волковгеология» АҚ УПТОК филиалының бірінші орынбасары қызметін атқарады. Ол 1981 жылы бұрғылау құрал-саймандарын шығаратын учаске шебері болып жұмысқа тұрып, 1990 жылдан 2015 жылға дейін филиал директоры қызметін атқарған. Қиын-қыстау қайта құру жылдары Александр Станиславович басшылығында негізгі өндірісті қалпына келтіру бойынша ауқымды жұмыс атқарылды. Игорь Станиславович Пшеницын 1991 жылдан бері «Волковгеология» АҚ УПТОК филиалында бұрғылау құрал-саймандары мен қалыпсыз жабдықтар шығаратын цех басшысы болып қызмет атқарады. Ол да кәсіпорын қызметін жетілдіріп, тиімділігін арттыруға біраз еңбек сіңірді.

Александр Александрович Пшеницын – филиалдың өндірістік-техникалық бөлімінің инженер-технигі, Виктория Пшеницына – «Волковгеология» АҚ бухгалтерлік есеп бойынша экономисті, Дмитрий Пшеницын – «Жоғары технологиялар институты» ЖШС менеджері.

«Самұрық-Қазына» АҚ-да өткен еңбек әулеттеріне құрмет көрсету салтанатына әулет басшысының ұлдары Александр мен Игорь Пшенициндер келіп қатысты.

«Әке жолын жалғастыру, кәсіпорынға шын берілгендік дәстүрін қалыптастырған адамдарға құрмет көрсетудің өзі ғанибат. Сіздер өз еңбектеріңізбен және өнегелеріңізбен атом саласының даңқын шығарып, өскелең ұрпақ тәрбиелеп келесіздер», - деді Пшенициндер әулетін құттықтаған «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ әлеуметтік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Жарқынбек Оспанов.

 

Пікір қалдыру