| (AIX)    KZT 31700   %   -1.18 USD 68.2   %   1.76

«АППАК» ЖШС: Жақсылық жасап жарысайық! - 2024

Түркістан облысы, Созақ ауданы – «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының еншілес кәсіпорны «АППАК» ЖШС жыл сайын дәстүрге айналған қайырымдылық және экологиялық іс-шараларды жүзеге асырып келеді. Компанияның басты ұстанымы – қоғамға пайда тигізу, өскелең ұрпаққа қамқорлық көрсету және қоршаған ортаны қорғауға атсалысу.

Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне арналған шаралар

5 маусым – «Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні» аясында «АППАК» ЖШС Құмкент ауылдық округіндегі М.Әуезов және Қ.Сәтбаев атындағы мектептерде 6–14 жас аралығындағы оқушылар арасында «Табиғатты аялайық» атты сурет байқауын өткізді.
Байқау қорытындысы бойынша үздік деп танылған 16 оқушы бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар, жоғары сынып оқушыларына арналған «Қоршаған ортаны қорғау» тақырыбындағы семинар ұйымдастырылып, экологиялық мамандықтардың қоғамдағы маңызы түсіндірілді.

Балаларға қуаныш сыйлау – басты міндет

1 маусым – «Дүниежүзілік балаларды қорғау күні» мерекесі қарсаңында компания қызметкерлері «Төлеби отбасылық үлгідегі балалар ауылына» арнайы барып, тәрбиеленушілерге ойыншықтар, тәттілер мен азық-түлік өнімдерін тарту етті.
Сонымен қатар, түлектер мен жоғары сынып оқушылары үшін «Мамандықтар атласы» атты кездесу ұйымдастырылып, кәсіби бағыт-бағдар беру жұмыстары жүргізілді.

Құрмет пен қамқорлық – ардагерлерге

Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында «АППАК» ЖШС Құмкент ауылдық округіндегі тыл ардагерлерін арнайы құттықтап, материалдық көмек көрсетті. Ардагерлер компания ұжымына алғыс білдіріп, жаңа жетістіктер мен табыстар тіледі.

«Мектепке жол» – игілікке бастар ізгі дәстүр

Жыл сайын өтетін «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында компания Түркістан облысы, Созақ ауданы, Құмкент ауылдық округіндегі М.Әуезов және Қ.Сәтбаев атындағы мектептердің көпбалалы, аз қамтылған және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 50 оқушысына рюкзактар мен кеңсе тауарларының жиынтығын сыйға тартты.
Бұл игі іс-шараның басты мақсаты – балалардың жаңа оқу жылына даярлығына қолдау көрсету және олардың білімге деген ынтасын арттыру болды.

«АППАК» ЖШС ұжымы алдағы уақытта да әлеуметтік және экологиялық жауапкершілік бағытындағы бастамаларды жалғастырып, қоғам игілігі үшін еңбек етуді жалғастырады.

Пікір қалдыру