| (AIX)    KZT 18835   %   0.88 USD 37.3   %   -2.38

Қазатомөнеркәсіп кәсіпорындары Шығыс Қазақстан аймағының әлеуметттік-экономикалық дамуына 3 миллиард теңге бөледі

16 наурыз 2017
Қазатомөнеркәсіп кәсіпорындары Шығыс Қазақстан аймағының әлеуметттік-экономикалық дамуына 3 миллиард теңге бөледі

Бүгін, 2017 жылғы 16 наурыз күні Өскемен қаласында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы, «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ және облыс әкімдігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Меморандумға экономика мен әлеуметтік саланы одан әрі дамытуға, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған аймақты әлеуметтік-экономикалық дамыту саласындағы тараптардың ынтымақтастығы арқау болған.

Меморандумға қол қою рәсіміне «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Асқар Жұмағалиев пен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов қатысты.

Құжатқа сәйкес, ҮМЗ өңірді әлеуметтік-экономикалық дамыту іс-шараларына белсенді қатысатын болады. Осы мақсатта зауыт 2017-2019 жылдары облыс бюджетіне 3 млрд теңге аударады, оған қоса, инвестициялық жобалар шеңберінде жаңа жұмыс орындарын ашады.

Қазатомөнеркәсіптің еншілес кәсіпорны саналатын Үлбі металлургиялық зауыты қазіргі кезде Шығыс Қазақстан облысында бірқатар инвестициялық жобаларды ісе асырып келеді. Солардың қатарында жылына атом реакторларына арналған 200 тонна жылу бөлгіш құрамалар шығаратын қуатқа ие өндіріс те бар.

Меморандум шеңберінде әкімдік Үлбі металлургиялық зауыты қызметкерлерін кәсіби дайындау, қайта дайындаудан өткізу және олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастыруға ықпал жасамақ.

Сол күні «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы мен Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Компания басшысы Асқар Жұмағалиев пен университет ректоры Жасұлан Шәймерденов атом саласы және балама энергетикадағы іргелі және қолданбалы зерттеулер, өндірісті әртараптандыру мақсатында сирек және сирек жер металдар алу және өңдеу, ұлттық атом компаниясы үшін кадрлар даярлау саласындағы бірлесе атқарар жұмыстарды келісіп алды.

Пікір қалдыру