«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы мен Қытайдың Бас ядролық-энергетикалық корпорациясы (CGNPC) атом саласындағы бірлескен инновациялық жобаны жүзеге асыруға кірісті. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысуымен өткен телекөпір барысында мәлім болды.
Жылу бөлгіш құрамалар (ЖБҚ) өндіретін зауыт құрылысы – Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның АЭС-ке арналған отын дайындаудың толық циклына ие сатылас-интеграцияланған компания құруға бағытталған стратегиясы аясында іске асырылатын серпінді жобалардың бірі.
Зауыт құрылтайшылары «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ («Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ еншілес кәсіпорны) (51%) мен CGN-URC компаниясы (CGNPC еншілес кәсіпорны) (49%) болып табылатын «Үлбі-ЖБҚ» бірлескен кәсіпорны арқылы басқарылады.
ЖБҚ өндірісі үшін технологияны бұл сараланымда көшбасшы саналатын француздық «AREVA» компаниясы ұсынады. AREVA NP және «Үлбі-ЖБҚ» ЖШС арасындағы тиісті келісімшартқа қол қойылған. Келісім отын өндірісі жөніндегі лицензияны, инженерлік құжаттамаларды, негізгі өндірістік жабдықтарды жеткізіп беруді, қызметкерлерді оқытуды және т.б. қамтиды.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Асқар Жұмағалиев атап көрсеткендей, «ЖБҚ өндіретін зауыт құрылысы – Қазақстан, Қытай және Францияның көп жылдық ынтымақтастығының нәтижесі, сондай-ақ Қазатомөнеркәсіптің өндірісті әртараптандыру аясындағы стратегиялық қадамдарының бірі. Біз өндіру нарығындағы жетекші орнымызды сақтай отырып, атом станцияларына арналған отын нарығына қазақстандық өнімді ұсынуға ниеттіміз, бұл жаһандық атом нарығындағы шебімізді нығайтуға мүмкіндік береді».
«CGNPC» бас директоры Чжан Шанминь мәлімдегендей, «CGNPC компаниясы Қазатомөнеркәсіппен уран өндіру, табиғи уран саудасы және таблеткаларды шығару саласында 2006 жылдан бастап ынтымақтастық орнатқан. Бірлескен отын жобасын іске асыру компаниялардың серіктестігін тарихи жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік берді. Бұл жоба «Бір белдеу, бір жол» және «Нұрлы жол» бағдарламалары аясындағы ынтымақтастықтың сәтті үлгілерінің бірі».
AREVA Бас Атқарушы директоры Филипп Кноро: «AREVA болашақ ЖБҚ шығаратын зауыт үшін толық технологияны жеткізіп беруші ретінде таңдалғанын зор мақтаныш көреді. Бұл келісімшарт AREVA, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ және CGNPC арасындағы берік байланыстарды нығайта түседі. Біздің командамыз жобаны сәтті жүзеге асыруға күш біріктіріп, қажетті жабдықтарды өндіруге кірісті».
Айта кетерлік жәйт, жобаны жүзеге асыру нәтижесінде Үлбі металлургиялық зауыты базасында атом станцияларында ядролық отын ретінде пайдалану үшін жылына 200 тонна жылу бөлгіш құрамалар шығаратын қуатқа ие заманауи, толық автоматтандырылған өндіріс орны құрылады. Кәсіпорын өз өнімін өткізудің 20 жылдық кепілдендірілген нарығына ие.
49 миллиардтай теңгені құрайтын инвестициялық соманың тең жартысын қытайлық тарап ұсынады. Аталмыш жоба аясында Қазақстанда қосымша 129 жұмыс орны ашылатын болады.
ЖБҚ өндірісін іске қосу 2020 жылға жоспарланған.
Анықтамалық:
Жылу бөлгіш құрама (ЖБҚ) – жаңадан құрылып жатқан өндірістің атом электр станцияларының отыны ретінде пайдаланылатын түпкі өнімі. Жылу бөлгіш құрамаларды әзірлеу АЭС-ке арналған отын дайындаудың түйіндеуші сатысы және ядролық отын циклының ең маңызды сатыларының бірі саналады, өйткені жылу бөлгіш құрама ядролық реакторға жүктеліп, 4 немесе 5 жыл бойы жоғары температурада және радиация ықпалындағы ортада жұмыс істейтін болады. ЖБҚ өндіру үдерісі көбіне механикалық және едәуір дәрежеде автоматтандырылған өндіріс болып, мынадай негізгі кезеңдерден тұрады: жылу бөлгіш элементтер (ЖБЭЛ) әзірлеу; скелетондар әзірлеу; ЖБҚ әзірлеу; ЖБҚ сақтау; ЖБҚ контейнерлерге жүктеу және оларды жөнелту.
Компаниялар бейіні:
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар және екіұдай мақсаттағы материалдар экспортымен айналысатын ұлттық оператор. Компания қызметінің басты бағыттары геологиялық барлау, уран өндірісі, ядролық отын циклы өнімдерін өндіру және конструкциялық материалдар өндірісі. Бүгінгі таңда компанияда 26 000-нан астам адам еңбек етеді. Қазатомөнеркәсіп әлемнің жетекші уран өндіруші компанияларының көшін бастап келеді.
«Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ – уран қостотығынан атом электр станцияларына арналған отын таблеткаларын және құрамында бериллий, тантал және ниобий бар өнімдер өндіру бойынша әлемнің танылған жетекші компанияларының бірі. Кәсіпорын «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының құрамында.
CGNPC корпорациясы – негізгі қызметі таза энергияны дамытуға бағытталған Қытайдағы жалғыз ірі энергетикалық корпорация. 30 жылдық тарихы бар CGNPC атом электр станцияларын салу, пайдалану және басқару саласында үлкен тәжірибеге ие. Бүгінде салынып жатқан ядролық-энергетикалық реакторларының саны (қуаты 14,65 ГВт-тық 12 реактор) жөнінен әлемдегі ірі кәсіпорын саналатын CGNPC-нің жалпы қуаты 17,09 ГВт болатын әрекеттегі 16 атом блогы да бар. Сонымен бір мезгілде CGNPC жел, су және күн энергиялары сияқты экологиялық таза және жаңғыртылатын электр станциялары құрылысымен де шұғылданады. CGNPC корпорациясы қытайлық таза энергетика нарығында көшбасы.
AREVA NP әлемдік атом энергетикасы нарығына қосымша құны жоғары өнімдер мен қызметтер жеткізіп берумен шұғылданады. Топ ядролық реакторларды жобалау және оларды пайдалануды қызметтерін қоса қамтитын ядролық энергетика саласындағы уран өндіруден бастап, пайдаланылған отынды қайта өңдеуге дейінгі толық өндірістік циклды қамтамасыз етеді. AREVA компаниясының бай тәжірибесін, озық технологиялық үдерістерді қолданудағы жоғары шеберлігі және қауіпсіздік саласындағы ымырасыз талапшылдығын әлемдік энергетикалық сектордың жетекші ойыншылары мойындаған. Бүгінде AREVA NP-ның барлық 14000 қызметкері саны ұдайы өсіп отыратын тұтынушыларға барынша сенімді, таза және үнемді энергия жеткізіп беру үшін болашақтың энергетикалық үлгісін жасауға өлшеусіз үлес қосып келеді.
AREVA NP AREVA тобының еншілес кәсіпорны болып табылады.