| (AIX)    KZT 18835   %   0.88 USD 37.3   %   -2.38

Қазақстанда Халықаралық атом өнеркәсібі ғылыми-оқыту орталығы құрылды

21 сәуiр 2017
Қазақстанда Халықаралық атом өнеркәсібі  ғылыми-оқыту орталығы құрылды

2017 жылғы 21 сәуірде Алматыда «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ және «Қ.И. Сәтбаев ат. ҚазҰТЗУ» КеАҚ арасындағы «Халықаралық атом өнеркәсібі ғылыми-оқыту орталығын» құру туралы келісімге қол қою рәсімі болып өтті. Құжатқа ұлттық атом компаниясының Өндіріс және ЯОЦ жөніндегі бас директоры Бауыржан Ыбыраев пен ұлттық техникалық зерттеу университеті ректоры Искандер Бейсембетов қол қойды.

Оталықтың міндеті – Қазақстанның атом саласы үшін жоғары білікті мамандар даярлау, соның ішінде шетелдік студенттерді оқыту. Оқу орны Қазатомөнеркәсіпке қажетті бағыттар бойынша әдістер мен технологияларды жетілдірумен, сондай-ақ атом ғылымы мен өндірісінің маңызды мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстармен шұғылданады.

Келісімнің шарттарына сәйкес, ҚазҰТЗУ магистранттары Қазатомөнеркәсіп бөлімшелерінде тәжірибеден өте алады. Сонымен қатар, компания университет студенттері мен қызметкерлерінің ғылыми зерттеулері, курстық және дипломдық жобаларының үздік нәтижелерін өндіріске енгізуіне көмектесетін болады.

Пәндерді оқыту үшін Орталық жанынан ұлттық атом компаниясының ардагерлері мен қызметкерлерінен «Ақсақалдер кеңесі» құрметті профессорлар қауымдастығы құрылды. Оқыту бағдарламасы геология және уран кен орындарын барлау, сирек және сирек жер металдар металлургиясы, өндірістік процестерді автоматтандыру сияқты негізгі пәндерді қамтиды. Сонымен қатар, пәндердің көп бөлігі ағылшын тілінде оқытылады.

«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында ел экономикасының өркендеуін қамтамасыз ететін басым бағыттарды айқындап берді. Цифрлық технологияларды қолдануды, тау-кен кешенін дамытуды және білім беру жүйесін өзгертуді қамтитын экономиканы технологиялық жаңғырту мен адамдық капиталды жақсартудың маңызы зор. Сонан соң, әрине Қазатомөнеркәсіптің жетекші орнын сақтап тұру үшін бірінші кезекте, бәсекеге қаіблетті кадрлар қажет. Сондықтан ұстаздар құрамына бай тәжірибе мен бағалы білімге атом саласының ардагерлері де еніп отыр. «Ақсақалдар кеңесі» Қазатомөнеркәсіптің бірегей тәжірибесінің сабақтастық мектебіне айналады», - деді Бауыржан Ыбыраев.

«Халықаралық атом өнеркәсібі ғылыми-оқыту орталығы – жоғары білікті мамандар дайындаудың бірегей алаңы. Ғылым мен өндірістегі кәсіпқой кадрлардың бірлескен іс-қимылы атом саласының одан әрі дамуына синергетикалық нәтиже береді», - деп атап көрсетті Искандер Бейсембетов.

Шара аясында сондай-ақ, «Ақсақалдар кеңесі» құрметті профессорлар кеңесі құрамындағы еңбек сіңірген қызметкерлер мен ардагерлер марапатталды. Ерен еңбегі және отандық атом өнеркәсібін дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар тапсырылды.

Пікір қалдыру